Алматы тұрғыны ұшқышсыз аппарат ойлап тапты (фото)
|
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің екінші курс студенті бес жылдан бері ұшқышсыз ұшатын аппарат құрастырумен айналысады. Жас өнертапқыш «ҚазАқпарат» тілшісімен әңгімелесе отырып, өзінің тың жобасы туралы айтып берді.
Данила Дроздов Павлодарда туып өскен, 9 сыныптан кейін Алматыға көшіп келген екен. Павлодарда жүргенде, сол 9-сынып кезінде ұшқышсыз ұшатын авиация құралдарына қызығушылық танытқан. 2014 жылдан бері қалалық, облыстық конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иелене бастаған. 2015 жылы АҚШ-та өтетін дәстүрлі дүниежүзілік оқушылар арасындағы ғылыми және инженерлік конкурстың бесінші орнын иеленген.
Данила ұшқышсыз ұшатын аппараттардың бес түрін ойлап тапқан. Тың идеясын қараша айында университетінде, кейін бүкіл республика алдында таныстырмақшы.
Жоғарыда айтқан бес модельдің біреуі - «ұшатын қанат». Яғни, құйрығы жоқ ұшақ формасындағы элерон арқылы ұшатын аппарат. Бұндай аппарат 15 шақырым радиуста пайдаға жарайтын құрал, оны әуеден фото немесе видео түсіруге пайдалануға болады.
Бұдан бөлек, талапты өнертапқыш жігіт атқаратын функциясы кәдімгі ұшақтан кем түспейтін модель ойлап тапқан. Мысалы, қанаттары екі метр, екі жағына камера орнатылған, әртүрлі ауа-райында жазба жүргізе алатын, 4 мың метр биіктікке дейін ұша алатын, оператордан 40 шақырымға дейін ұзап кете алатын, қуаты 40 минутқа жететін, 4 келі салмағы бар кез келген затты көтере алатын аппарат - Данила ойлап тапқан ең таңқаларлық құралдың бірі. Бұл аппаратты ауыл шаруашылығына пайдалануға әбден болады.
Данила мұндай аппараттарды құрастыру үшін көбіне шетелден тапсырыс беретін көмір пластигін, шіл пластигін пайдаланады екен. Аппаратқа орнататын камераларды ұшаққа сәйкестендіріп, қайта құрастырған. Камералардың 3D форматында сурет түсіретін мүмкіндігі бар.
Естеріңізде болса, ұшқышсыз ұшып, әуеден фототүсірілім жасайтын құрылғыны шығарушы Ресейдің «Геоскан» компаниясы Астана қаласының 3D картасын әзірлеу үшін елордамызды әуеден суретке түсіретінін хабарлаған болатынбыз.
«Ресейдің ұшқышсыз аппарат жасау саласында тәжірибесі көп деуге болады. Бірақ, Қазақстанда да мол мүмкіндіктер бар деп ойлаймын»,-дейді Данила Дроздов.
Жас өнертапқыш осы салада өз өнеркәсібін ашуды армандайды екен. «Бұл бағытта көп жұмыс істеп келемін, бірақ, бұл нәтижесі бірден көрінетін қысқа жол емес. Қаржы жағы да қыспаққа алады»,-дейді Данила.
Дегенмен, Даниланың бұл жобасына университет тарапы 5 млн теңге қаржы бөлген. Бірақ, өнертапқыш жігіт туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясының басшылығы естіп, біліп отырғанын да айта кету керек.
«Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды Жапония, Корея, Ресей, АҚШ, Франция, Германия елдері осыдан он жыл бұрын пайдалана бастаған. Қазір бұл салада осы елдер үздіктер қатарында. Әрине, бәсекелесіп көруге болады, бірақ, ол үшін өте көп инвестиция керек. Біздің ұлан-байтақ жеріміз бар, сондықтан, көштен қалмай тұрып, ауыл шаруашылыққа қатты назар бөлу керек. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді суаруға, суретке түсіріп, зерттеуге осы аппараттардың тигізер көмегі көп»,-дейді Данила Дроздов.