Үйлесімді қимыл-қозғалыстың адамның жай-күйін жақсартатыны анықталды (фото)
|
Адамдар бірдей қимылдап, бірдей қозғалса, бұл жайт бір-біріне деген сенімін күшейтіп, жамағат болып әрекет етудің тиімділігін сезіндіреді, жалпы денсаулықты жақсарады. Америкалық ғалымдар үйлесімділіктің осынау сырына үңіліп көрген екен. Бұл жайында islam.kz порталы зерттеу нәтижесі жарияланған Philosophical Transactions of the Royal Society B. мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әдетте синхронды қозғалыс адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында маңызды рөл ойнайды. Лос-Анджелес мегаполисіндегі Калифорния университетінің және Коннектикут университетінің (екеуі де АҚШ-та) сарапшылары адамдар бірдей әрекеттерді жасаған кезде олардың организімінде қандай өзгеріс болатынын зерттеді. Олар зерттеу материалы ретінде мұсылман рәсімдерін таңдады. Ғалымдар 200-ден астам адам жиналған ислам орталықтарының бірінде намаз кезінде деректер жинады. Оның 28-і тәжірибеге қатысты. Рәсімді орындау кезінде олардың жүрек соғысы мен тыныс алу жиілігін өлшейтін және организмнің жай-күйін бағалайтын құрылғыны, сондай-ақ, құлшылық сәтіндегі жанындағы адамдарға қатысты тәртібін таспаға тартып алатын құралды таққан болатын. Бұл тараптағы ерекше зерттеуді әдейі қасиетті Рамазан айында жүргізген еді. Қатар тізіліп, бір бағытқа (Қағба) қарап, имамның жетекшілігімен құлшылық еткен мұсылмандардың әр қимылын (қиям (түрегеп тұру), қырағат, рүкүғ және сәжде) қалт жібермей қадағалады. Мұсылмандардың физиологиялық мәліметтеріне талдау жасағанда синхронизация (мысалы, жүрек соғу жиілігінде) жақын маңдағы басқа адамдардың әсерінен ғана емес, сонымен қатар, имамның жетекші рөлін атқаратындықтан да пайда болғанын анықтады. Соның ішінде, адамдар имамға неғұрлым жақын болса, соғұрлым олардың арасындағы синхронизация күшейе түскен. Ал алыстау тұрғандарында толқын эффектісі (әсері) пайда болған. Толқын әсері, әсіресе, имамды көре алмайтын артқы жақтағылар көбірек сезінген. Мұндай синхронды шеруге шыққандардың немесе сарбаздардың бір қалыпты адымдауы кезінде де байқауға болады. Қазіргі уақытта ғалымдар жамағат болып намаз оқудың мұсылмандардың денсаулығына қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Жүрек соғу жиілігін және оның өзгеруін талдау нәтижелері бойынша намаз оқитындар арасында стресс деңгейі төмендеп, нәтижесінде олардың әл-ауқаты жақсарған