Пестицидтердің суицидке себеп болатыны анықталды
|
KAZINFORM — Әлем ғалымдары пестицидтердің кері әсеріне ұшыраған адамдар суицидке бейім болатынын анықтады. Бұл туралы Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған шара барысында Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының Басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков айтты.
Оның айтуынша, пестицидтер ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылады. Дегенмен, барлық шаруалар қажетті сақтық шараларын біле бермейді. Сондықтан пестицидтермен улану жағдайлары кездеседі.
«Қазір әлем ғалымдары пестицидтердің кері әсерін зерттеп, көтеріп жатыр. Егер оны ретсіз пайдаланатын болса, технологиясын сақтамайтын болса, онда ол қоршаған ортаға ғана зиян келтірмейді, ол азық-түлік арқылы адам денсаулығын құртады. Осы препараттардың кері әсерінен жылына әлемде 15 мыңға жуық адам суицид жасайды екен. Өкінішке орай, мұндай қайғылы жағдай біздің елде де кездеседі», — дейді ол.
Сонымен қатар, ол оңтүстік өңірлерде мақта алқаптарында, жылыжайларда, алма бақтарында зиянды организмдерге, арам шөптерге, ауруларға қарсы бір маусымда бірқатар өңдеу жүргізілетінін атап өтті.
«Норманың сақталмауынан зиянды организмдердің төзімділік қабілеті артады. Сондықтан оны жою үшін фермелер мөлшерін көбейтіп, дәріні шашу барысында талаптарды сақтамайды. Салдарынан таксикологиялық өнімдер адам ағзасына енеді. Бұл адамның қан айналым жүйесіне сіңу арқылы адамдардың жүйкесін тоздырып, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді. Бұдан, бөлек қатерлі іскке, өкпе, жүрек ауруларына әкеледі», — дейді маман.
Бақытжан Дүйсембековтың сөзінше, қысқа мерзімде ыдырайтын препараттарды пайдалану керек. Экологиялық таза жүйе болу үшін биологиялық күрес тәсілін енгізу қажет.
«Институт қабырғасында орналасқан зертханалар мен биофабрикаларымызда 15 пайдалы жәндіктерді өсіріп оны көбейту технологиясын жасадық. Сонымен қатар, биологиялық препараттарды тіркеп жатырмыз. Біздің ғалымдар фермерлерге ең тиімді тәсілдерді ұсынады. Зиянды организммен күресу үшін фермер білікті болуы керек. Олар алқаптарындағы ауруды толық анықтамайынша, оларға қарсы препарат шашуға болмайды», — деп түсіндірді ғалым.
Бұған дейін ел аумағында рұқсат етілген пестицидтер тізімінде аса қауіптісі бар екенін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстанда ескірген 6 мың тоннадан астам пестицид анықталды.