Мүлікті жариялау мен жекешелендірудің аражігін ажырата білесіз бе? (видео)
Мүлікті жариялау мен жекешелендірудің аражігін ажырата білесіз бе? (видео)
8 жыл бұрын 3920 khabar.kz

Насихат аз ба, белгісіз, әйтеуір ел-жұрт мемлекет ұсынған жеңілдіктерді кейде түсінбей жатады. Мәселен, мүлікті жариялау мен жекешелендірудің аражігін ажырата білетіндер аз. Біздің тілшілер атауы ұқсас, заты басқа осы түсініктерге талдау жасайды. Сараптамалық орталықтан әріптесіміз Эльвира Тағайқызы тікелей қосылды. Жүргізуші:  - Эльвира, сауалымды мысалға негіздейін. Мен жуырда үй салып біттім делік. Әрі қарай не істеуім керек. Мүлкімді жариялаймын ба? Әлде жекешелендіру керек пе? Эльвира Тағайқызы, тілші  - Мысалмен түсіндірсек, жеке баспана салып, одан кейін әкімдікке барып архитектура мамандарына сызба жұмыстарын жасатып, үйдің техникалық паспортын алдық делік. Келесі қадам – үйдің сатып алу және сату шартын алу. Міне, осы жерде қиындықтар туындай бастайды. Қарапайым халық жеке баспана салмас бұрын көбінесе әкімдіктен рұқсат қағазын алмайды. Ал құрылыс біткеннен кейін уақытылы мемлекеттік органдарда тіркемейді. Осы екі жағдайда да азаматтарға айыппұл салынады. Алайда, үй құжатын әдеттегі жолмен емес, мүлікті жария ету акциясы арқылы жасатсаңыз, осы айыппұлдардан толық босатыласыз. Бірақ, жария етудің өз ережелері де бар. Сарапшыны тыңдалық.  Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы - 2014 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін салынып бітілген жерге мемлекеттік актілері бар нысандар жария етілуге жатады. Ал осы 2014 жылдың қыркүйегінен бастап әрі қарай салынған болған мүліктер немесе жерге мемлекеттік актісі болған жағдайда онда олар жария етуге жатпайды. Жүргізуші:  - Жария етудің мән-жайын түсіндік. Сонда жекешелендіру дегеніміз не? Эльвира Тағайқызы, тілші: - Жекешелендіруге де мысал келтіріп айтайын. Мәселен, сізде мемлекет тарапынан берілген үй бар делік. Бір немесе екі бөлмелі болсын. Сіз оны одан да үлкен пәтер алу үшін сатпақ ниеттесіз. Бірақ, үй құжаты қолыңызда жоқ. Ол үшін пәтерді атыңызға көшіріп алу керек. Жекешелендіру акциясы, міне, осы жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда сіз баспанамен қамтамасыз еткен органға барып, жекешелендіруге өтініш жазасыз. Ары қарайғы іс-қимылды Ұлттық экономика министрлігі өкілдері түсіндіріп береді.  Марғұлан Әбдікәрімов, ҚР ҰЭМ Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаменті директорының орынбасары: - Жекешелендіру үшін әрбір азамат тұрғын үй қорына ма немесе мемлекеттік мекеме қорына ма тұрғын үй комиссиясына өтінішін береді. Бірінші айдың ішінде пәтердің 30 пайыз құнын төлеу керек. Қалғанына ай сайын төлем ақысын төлеп он жыл ішінде шартқа отырады. Аяғында сол пәтердің иесі болып қалады. Жалпы мемлекет мүлікті жариялау науқанын 2016 жылдың желтоқсанына дейін ұзартқаны белгілі.  Қазір бағдарламаның тиімділігін пайдаланып отырғандар аз емес. Бүгінге дейін 99 мың азамат мүлкін жария етуге ниет білдірген. Тиісті мекемелерге мүлік пен ақшаны заңдастыруға қатысты түскен өтініштердің сомасы – 2,2 триллион теңге.  Оның 2 триллион теңгесі бойынша оң шешім шығарылды. Ел аумағындағы мүліктердің сомасы 741 миллиард теңге, ал шетелдегілері 5 миллиард теңге тұрады.  Оның 3 миллиард теңгесі құнды қағаздар. Бұдан бөлек, 1,2 триллион теңге сомасындағы ақша заңдастырылды.  Мүлікті жария ету-2016: 99 мың адам акцияға қатысуда; 2 трлн теңге заңдастырылды; Мүлік – 741 млрд теңге; Құнды қағаздар – 3 млдр теңге; Ақша – 1,2 трлн теңге.

P.S: Соңғы ақпаратқа сәйкес елімізде мүлік пен қаржынын заңдастыру шарасы 2016 жылдың желтоқсан айының 31-не дейін ұзартылды.

 

0 пікір
Мұрағат