Мидың ойлау қабілеті жыл мезгіліне байланысты
|
Мидың түсіну және қабылдау қабілеті жылдың мезгіліне байланысты болады. Бұл туралы нейрофизиолог-ғалымдар Proceedings of the National Academy of Sciences басылымында жариялады. Осыған дейін адамдардың көңіл-қошы жыл мезгіліне байланысты болатыны туралы тұжырымдар келтірілді. Бірақ, ми жұмысының мезгілдерге байланысты болуы аз зерттелген тақырып екен, деп жазады planet-today.ru. Льеж Университетінің ғалымдары өткізген ғылыми тәжірибеге 28 ерікті қатысқан. Олар жылдың 4 мезгілінде арнайы зертханада сыртқа шықпай, бірнеше күнді өткізген. Осындай әрбір оқшаулау кезеңінен кейін оқымыстылар олардың ми жұмысын алуан түрлі тест арқылы тескеріп, ойлау қабілеттерін зерттеген. Нәтижесінде тест қорытындылары жыл мезгіліне байланысты болмағанымен, бұл сынақтардан өтуге қажетті ми ресурстарының қоры жыл мезгіліне тікелей тәуелді болатыны анықталды.
Аз қимылдайтын адамның миы кішірейе береді
Көп қимылдайтын адамға қарағанда, аз қимылдайтын адамдардың миы кішірейе береді. Бұл өз кезегінде қартаю процесін тездетеді. Тәжірибеге 40 жастағы 1583 адам қатысқан. 20 жылдан кейін олардың миын магниттік-резонансты томографиялық жолмен тексеріп көрген. Сондай-ақ, дене белсенділігін тексерген. Белгілі болғандай, көп қимылдайтындарға қарағанда аз кимылдайтындардың миы кішірейетінін анықтаған.
Адам миы семіздікті де «басқаратын» болып шықты
АҚШ-тың Гладстон институтының медиктері адамның семіздік індеті мен ми қызметінің байланысы барын анықтады. Олардың айтуынша, адам миы тек зат алмасу процесін ғана басқарып қоймай, сонымен қатар, зат алмасу процесінен пайда болатын семіздік індетіне де жауап береді. Ғалымдар адам бойында, яғни, барлық ағзада, соның ішінде бауыр мен жиналған май қабатында кездесетін «P75 NTR» ақуызының барын анықтаған. Бұл ақуыздың көбеюі өз кезегінде адамды тез семіртетінін және майдың жиналуына себепкер болмақ. Олардың сөзіне қарағанда, ақуыздың пайда болу процесін басқару жолы табылса, семіздік індетін ауыздықтауға және метаболикалық синдромның қарқын алуына тосқауыл қоюға мүмкіндік тумақ.
Баспалдақпен жүру мидың қартаюын бәсеңдетеді
Жаңа зерттеу көрсеткендей, баспалдақпен жүру мидың саулығын арттырады.
«Neurobiology of Aging» журналында жарияланған зерттеуде адам неғұрлым баспалдақпен көп жүрсе, оның миы соғұрлым жасара түседі деп жазылған. Монреалдағы (Канада) Конкордия университетінің жетекші зерттеушісі Джейсон Стеффенер мен оның әріптестері 19 және 79 жас аралығындағы 331 дені сау адамның миын зерттеу үшін магнитті-резонансты томографияны (МРТ) пайдаланды.
Олар қатысушылардың миындағы күкірт мөлшерін өлшеді. Өйткені оның төмендеуі - қартаю үдерісінің белгісі. Кейін олар қатысушылардың ми көлемі мен олардың қанша уақыт білім алғанын және баспалдақпен қаншалықты көп жүргенінің арақатынасын есептеп шыққан. Осылайша, адам баспалдақ арқылы неғұрлым көп көтерілсе, оның миы соғұрлым «жасаратыны» белгілі болған.
Ми жұмысын арттырудың жолдары
Ғалымдардың айтуынша адамдар миының аз мүмкіндігін ғана қолданады екен. Ал күнделікті бір жұмысты орындап, бірсарынды өмір сүрсеңіз, миыңыз тіпті дамымай қалады. Ми ауруларының алдын алып, ақыл мен есті дамыту жолдары бар екен. Сонымен, миды қалай жаттықтыруға болады? Назарларыңызға бірнеше әдістерді ұсынамыз.
1. Жаңа орын. Ешқашан көрмеген немесе өте сирек баратын жерлерді аралаңыз. Ол үлкен саябақ, көрме немесе зергерлік дүкен болуы мүмкін.
2. Жаңа иістер. Эфир майы құйылған кішкентай флаконды немесе хош иістендірілген кез келген зат сатып алыңыз.Әр таңда ояна сала, сол жаңа иісті иіскеп жүріңіз - бұл миды «оятуға» көмектеседі.
3. Жұмулы көз. Кешке үйіңізде жарықты жақпай, біраз нәрсені ойша тауып көріңіз. Бұл жаттығу зейініңіз бен есте сақтау қабілетін жақсартады. Сондай-ақ, душқа түскенде де көзіңізді жұмып алыңыз. Ештеңе көрмегендіктен басқа мүшелеріңіздің сезгіштігі арта түседі.
4. Қол жұмысын ауыстыру. Әдетте тісіңізді жуғанда щетканы оң қолыңызға ұстайсыз ба - ауыстырыңыз. Тамақты сол қолмен жейсіз бе - ауыстырып көріңіз. Тінтуірді де біраз уақыт сол қолмен пайдалануды әдетке айналдырыңыз.
5. Жаңа гардероб. Әр күні әр түрлі киім киіңіз. Ғалымдардың айтуынша, адамдардың киіміне қарай ойы да өзгеріп отырады екен.
6. Ымдау және қимылдармен түсіндіру. Сөзбен емес, қолдарыңыздың көмегімен әңгіме айып көріңіз. Түсінбегендерге түсіндіруге тырысыңыз.
7. Жаңа жол. Жұмысқа таныс емес, бұрын жүрмеген жолдармен барыңыз (қайтыңыз). Ол жол алыс болса, тіптен жақсы, мидың жұмысына пайдасын тигізіп қана қоймай, денеге жаттығу болады.
8. Өзіңізге деген сенімділік. Үнемі өзіңізге сенімді болыңыз. Тіпті сіз жақсы білмейтін қызметті ұсынса да, келісе беріңіз. Сіз бәрін дұрыс білмей тұрғанда ми белсенді қызмет атқарып, бір амалы табыла кетеді.
9. Стандарттан тыс жауаптар. Жауабы қалыпты сұрақтардың өзіне басқаша жауап беруге тырысыңыз. Мысалы, «қалың қалай?» деген сұраққа өте ұзақ әрі креативті қылып жауап беруге болады. Таптаурын болған әдеттерден арылыңыз.
10. Тиындар. Тиынның қанша теңгелік екенін саусақтарыңызбен сипап анықтауға тырысыңыз. Бұл жаттығу, әсіресе, кезек күтіп отырғанда іш пыстырмайды әрі пайдалы.
11. Жаңа журналдар. Газет-журналдар сөресіне жақындағанда мүлде назар аудармайтын журналдарды алыңыз. Мысалы, сезді сән журналдары қызықтырса, экономика саласына арналған журналды алыңыз. Басқа елдер мен саяхат туралы оқығагды ұнатасыз ба? Онда жануарлар туралы қызықты жазбаларға көңіл аударыңыз.
12. Дыбыссыз теледидар. Теледидардың дауысын өшіріп тастаңыз да, экрандағы кескіндерге қарап, диалог не монолог құрастырып көріңіз. Бұл жаттығуды достарыңызбен отырып жасаған анағұрлым қызықты өтеді.
13. Әр түрлі демалыс. Демалысыңызды тек қалада өткізіп жүрген болсаңыз, келесіде қала сыртына, табиғатқа шығыңыз. Музыка тыңдағанды аса ұнатпайсыз ба? Концерттерге барыңыз, түрлі сезімдер болары сөзсіз. Тіпті ұнамай бара жатса, кетіп қала саласыз.
14. Жаңа қарқын. Бұл жаттығуларды демалыста қолдануға кеңес береміз. Егер кез келген істі асықпай істейтін болсаңыз, 2-3 есе қарқын қосып, шапшаңдатуға тырысыңыз. Ал, егер бір орында отыра алмайтын тынымсыз болсаңыз, бәрін өте баяу атқаруға тырысыңыз. Байыппен қараңыз.
15. Әзілдер. Жаңа әзілдер мен анекдоттар ойлап табу - миға өте пайдалы. Бұл ақыл-ойдың жұмысын жақсартып қана қоймай, креативті ойлау жағын да дамытады.
Миды сергітудің 10 жолы
Таңертең ұйқыдан тұру бір уайым болса, тұрғаннан соң тиімді жұмыс істеу – екінші уайым. Ал өнімді жұмыс болуы үшін миыңыз жақсы жұмыс істеуі тиіс. Назарларыңызға миды сергітудің 10 жолын ұсынамыз.
1. Физикалық жаттығу
Физикалық жаттығулар бұлшықеттеріңізді шынықтырып қана қоймай, миыңыздың мүмкіншіліктерін де арттырады, өйткені белсенді қозғалыс кезінде қан айналымы жақсарып, бұлшықеттеріңіз бен миыңыз жақсырақ жұмыс істейтін болады. Әсіресе басыңыз жүрегіңізден төмен болатын жаттығулар ерекше тиімді.
2. Кофе емес, су ішіңіз
Таңертең кофе ішу сергітудің орнына, керісінше ми жұмысын тежейтіні туралы көптеген зерттеулер жүргізілген. Ал егер оны қарапайым таза сумен алмастырсаңыз, сергектік сезімі әлдеқайда ұзағырақ болмақ. Аш кезде ішкен таза су ас қорыту жүйесін белсендіріп, кофеге қарағанда, шырышты қабықты тітіркендірмейді.
3. Хош иісті адам назарын күшейтеді
Әдетте адамдар хош иісті әрдайым аңғара бермейді. Алайда дәл осы хош иістер адам назарын күшейтіп, сергектік береді. Ароматерапия мамандары базилик, гүлшетен, жаужапырақ, жебіршөп, раушан және лаванда хош иістері зейін қоюға жақсы көмектеседі.
4. Оптимизм
Жайбарақат ортада кез келген жұмыс, соның ішінде ақыл-ой жұмысы оңай атқарылады. Дегенмен ондай мүмкіндік әркімде бола бермейді. Дегенмен өз назарыңызды өміріңіздің, жұмысыңыздың тек жақсы жақтарына қойсаңыз, жұмыстың өнімділігі әлдеқайда өседі.
5. Басқатырғыштар
Миды жаттықтырудың тиімді жолдарының бірі – әралуан басқатырғыштарды, сөзжұмбақтарды шешу мидың қабілеттерін күшейтеді.
6. Телеарналарды және ондағы бағдарламаларды сұрыптап барып көру
«Телеарналар ойлау деңгейін төмендетеді» деген пікір қалыптасқаны жасырын емес. Дегенмен, кез келген нәрсені көре бермей, бағдарламалар ақыл-оймен сұрыптап барып көрсеңіз, көптеген пайдалы дүниелерді табасыз.
7. Интернеттен ақпаратты іздеңіз
Интернетте ақпарат іздеу адам миын кітап оқудан да қатты шаршататынын растайтын көптеген зерттеулер бар. Бірақ бұл интернеттің қажетсіз екенін еш білдірмейді. Бастысы ақпарат іздеу кезінде дұрыс сұрақ қоя білу.
8. Дұрыс тамақтану
Саналы ой мен есте сақтау қабілетін жақсартудың бірден-бір жолы – дұрыс тамақтану, яғни рационымызда азық-түліктер мен жеміс-жидектер көп болуы тиіс. Әрине, анда-санда тәтті жеуге де болады. Алайда, адам миы глюкозаға зәру екен деп, тәттіге «отырып» қалуға тағы болмайды.
9. Шөптер
Дәстүрлі және халықтық медицинада шөптер адамның когнитивті қабілеттерін едәуір жақсартатыны мойындалады.
10. Танып білуді тоқтатпаңыз
Қабілеттілігі ең жоғары мидың өзі жұмыссыз тұрса, меңіреулен басталады. Сол үшін оған әрдайым жаңа тапрсырмалар ойлап тауып отыру қажет. Мысалы, шет тілін оқу, сурет салуды меңгеру, кулинария сабақтарын алу және т.б.
Миға кері әсер ететін әдеттер
Ми — адам ағзасының ең басты мүшесі. Біз онсыз өмір сүре алмаймыз. Ал бүгінгі таңда, яғни ХХI ғасырда мамандықтардың басым көпшілігі ақылды керек етеді. Сондықтан біз миымызды қорғауымыз керек. Алайда ақыл-ойымызға кері әсерін тигізетін әдеттер бар.
1. Таңғы астан бас тарту
Таңғы асын тастап кететін адамдардың қан құрамында глюкоза өте аз болады. Сол себепті миыңыздың белсенділігі төмендейді.
2. Артық тамақтану
Егер белгілі бір тәртіппен тамақтанбасаңыз, қан тамырыңыздағы холестерин саны көбейеді. Ол да миға әсер етуі әбден мүмкін.
3. Шылым
Темекі миға кері әсерін тигізеді. Соңғы жүргізілген зерттеу жұмыстарына сүйенсек, темекі Альцгеймер ауруына әкеліп соқтырады.
4. Қантты мөлшерден көп тұтыну
Қантты көп тұтыну арқылы ағзаңызға зиянды зәр, уыттар мен артық салмақ жинайсыз.
5. Ұйқының қанбауы
Егер ұйқысыздыққа ұшырасаңыз, миыңызға зақым келетінін ұмытпаңыз.
6. Есірткі мен ішімдік
Бұл зиянды заттар сізді тәуелді етеді және миыңызды құртады. Одан да кітап оқып, сөзжұмбақ шешіп, шахмат ойнаңыз.
7. Сөзге сараңдық
Үндемей отыра беру де миға әсер етеді. Ал әңгіме айтып, әрдайым белсенді жүрсеңіз, жаңа сөздер үйренесіз, миыңызды жаттықтырасыз.
Ми — біздің байлығымыз. Оны бар жанымызды салып қорғауымыз керек. Сондықтан жоғарыда айтылған зиянды әрекеттерге жоламаңыз.