LED жарықтар адам денсаулығына зиян ба?
LED жарықтар адам денсаулығына зиян ба?
6 жыл бұрын 4481 Алтынай Қуанышбек

Соңғы онжылдықта АҚШ пен Еуропаның көп бөлігі қала көшелерін жарықтандыру жүйесін өзгерте бастады. Оның ішінде бұл мемлекеттер жоғары энергияны қажет ететін жылы, сары натрий шамдарын энергияны үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстыра бастады, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі BBC Earth басылымына сілтеме жасап. 

Көше шамдарынан бөлек мұндай көк түсті жарықтар смартфон, компьютер, теледидар мен үйде де қолданылып жүр.

Биылғы жылдың басында Биологиялық психиатрияның бүкіләлемдік журналында бір топ ғалым жарықдиодты шамдардың кері әсері туралы және психикалық ауруларға әкелуі мүмкін салдары бар екенін жазды. Әсіресе бұл мақалада авторлар көк түсті жарықтың ұйқыға кері әсері мен денсаулық пен жарыққа деген сезімталдықты өзгерту мүмкіндігі туралы алаңдаушылық білдірген.

«Биполярлы жабырқау мен жарықтың байланысы туралы алаңдаушылық бұрыннан байқалады. Біз тек соны дамытып, тереңірек зерттеуге тырыстық. Жарықтың қосымша әсері бар екені белгілі. Кейде жарық шам депрессиясы бар адамдар үшін аздаған мөлшерде пайдалы болуы мүмкін. Бірақ оның тым көп мөлшерде болуы немесе шектен тыс қолданылуы ұйқыға ғана емес, адамның жалпы денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін», дейді Чикагодағы Фейнберг медицина мектебінің психиатрия және мінез-құлықтық ғылымдар профессорының көмекшісі, мақала авторы Джон Готлиб.

Көк түсті жарықдиодты шамдар кейде психикалық ауруларды емдеу үшін қолданылады. Бірақ егер адам ұйқыға жатар алдында мұндай жарықпен бетпе-бет келетін болса, мысалы, жатар алдында смартфонды қолданса, бұл ұйқыға ғана емес, денсаулықтың циркадты ырғағына да кері әсерін тигізетін болады.

«Жарықдиодты шамдардың ішінде әсерісе смартфондағы жарықтың адам денсаулығына келтірер залалы көп. Түнгі жарық та, көше де, кітап оқитын кездегі жарықта да осындай шамдар қолданылады. Бірақ мұндай шамдар зиянсыз емес. Басқаша айтар болсақ, біз бүгінгі таңда диодты жарықпен ластанып отырмыз», дейді Готлиб.

Көк түсті жарықтың үлкендердің денсаулығына әсерін зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мұндай жарық мелатониннің секрециясын бұзады. Өз кезегінде бұл процесс адамның физикалық және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізіп, аурушаң етеді. Ал балалар мен жасөспірімдерге жүргізілген зерттеулерге назар аударатын болсақ, бұл зерттеулер нәтижесінде ұйқының бұзылуы мен цифрлық құрылғылар арасында тікелей байланыс бары анықталған.

Бүгінгі таңда National Sleep Foundation басшылығы цифрлық технологияларды ұйқыға жатпас бұрын жарты сағат ерте өшіріп, жатын бөлмеде ұстамауға кеңес береді. Дегенмен, бүгінгі таңда психикалық ауру немесе тәуліктік тәртіптің бұзылуы байқалған адамдарға арналған нақты кеңестер жоқ.

Жарықдиодты технология бүкіл әлем бойынша жылдам тарап жатқандықтан, бүгінгі таңда негізінен визуальді элементтерге және энергия үнемдеуге баса назар аударылып отыр. Енді ғалымдар мен денсаулық сақтау саласының мамандары жарықдиодты өндіріс өкілдерімен бірігіп жарықдиодты шамдардағы көк түсті азайту жұмыстарына кіріспекші.

 

0 пікір
Мұрағат