Ғалымдар супербактериялардың таралуының жойқын салдарын атады
|
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшылары мен әлемнің жетекші дәрігерлері антибиотиктерге төзімді бактериялар тудыратын инфекциялық аурулардан 2050 жылға қарай 39 миллионнан астам адам көз жұмуы мүмкін, деген қорытындыға келді. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу нәтижесі жарияланған Lancet ғылыми мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Стейн Фолсет есімді Уашингтон университетінің профессорының сөзіне қарағанда, супербактериядан жылына сегіз млн адам қаза табады. Осыған байланысты дереу супербактериямен күресудің немесе инфекциялық аурулардан болатын өлім-жітімнің алдын алудың жаңа стратегиясы әзірленуі тиіс. Бұл тарапта сарапшылар ДДҰ мамандары мен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 204 елдің тиісті бөлімшелері жинаған супербактериялардың ошақтары туралы деректерді микробтардың таралуын тежеу бойынша қолданыстағы және әзірленіп жатқан шараларды ескере отырып, аурудың өршу жиілігі қалай өзгеретінін бағалау үшін пайдаланды. Ғалымдар ықтимал өлім-жітім көрсеткішін инфекциялардың тез таралуына жол бермейтін грам-теріс бактерияларға арналған жаңа антибиотиктер сияқты дәрі-дәрмекті немесе әдіс-тәсілдерді әзірлеу арқылы азайтуға болатынын алға тартып отыр. Бұған дейін ДДҰ антибиотиктерге төзімді бактериялардың бір түрінің, дәлірегі, гипервирулентті Klebsiella pneumoniae супербактериясының тез таралып келе жатқанын ескерткен болатын. Бұл бактерия пневмония, менингит, зәр шығару жолдарының қабынуы және басқа ауруларды тудырады, алайда, оның гипервирулентті штаммы (қоздырғышы) одан да үлкен қауіп төндіреді.