Бір жасушалы балдырдан отқа төзімді биопластик жасалды
|
Ғалымдар спирулина деген атпен белгілі цианобактерияның көк-жасыл жасушаларынан биологиялық пластик жасады. Бұл жайында islam.kz порталы Advanced Functional Materials мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Спирулина – дәрумендер мен минералдарға бай балдыр. Әдетте оны денсаулыққа пайдалы тағам қоспасында пайдаланады. Міне, осы балдырдан банан қабығы шіріп жоғалатын уақыт ішінде компосты шұңқырда ыдырайтын биопластик әзірленді. Биопластик толықтай цианобактерияның ұнтақ тәрізді биомассасынан жасалды. Оны жасауда кәдімгі пластмасса әзірленетін өндіріс процесіне тән жылу мен қысым пайдаланылды. Спирулинді көптеп өсіруге болады, ал цианобактерия жасушалары өскен сайын көмрқышқыл газын көбірек сіңіреді. Бұл қасиеті оны қоршаған ортаға зиянсыз етеді. Бұған қоса, ол кәдімгі пластмасса секілді от тисе балқып немесе жанып кетпейді, отқа төзімді келеді.