Әлемдегі ең ұзын көпір құрылысы басталды (фото)
Әлемдегі ең ұзын көпір құрылысы басталды (фото)
7 жыл бұрын 3923 Алтынай Қуанышбек

Гонконг-Чжухай-Макао көпірі Дельта теңізінің екі жағалауын біріктіру мақсатында салынуда. Оның құны – 20 млрд доллар, ал ұзындығы – 55 шақырым. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Гонконгта салынып жатқан әлемдегі ең ұзын теңіз көпірі жобасының директоры Гуо Хинглин құрылысшылар теңіз бетінен биік жерлерде, аса қауіпті аймақтарда көпір құрылысын салып жатыр дейді. Бұл көпір Қытайдың ең ірі қалалары Гонконг пен Макаоны бір-бірімен байланыстырады.

2003 жылы алғаш рет осы көпірдің құрылысы ұсынылған кезде, көптеген шенеуніктер оған қарсы шыққан болатын. Дегенмен, кейіннен Қытай Үкіметінен бұл көпір құрылысы қолдау тапты. Рекордты мегақұрылыс - Қытайдың геосаяси құлшынысы мен ел халқының еңбекқорлығын білдіреді дейді тұрғындардың өздері.

Ал сарапшылар бұл көпір арқылы Қытай өз билігін нығайтады деп болжауда. Өйткені, Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аймаққа Гонконг, Тайвань және Пекиннің таласып отырғаны көпке мәлім. Сыншылар бұл жоба экологиялық және адами факторларға кері әсер етеді дейді.

Гонконг-Чжухай-Макао көпірі Қытай Үкіметінің айтуынша, Сан-Франциско, Нью-Йорк және Токиодағы көпірлермен бәсекеге түсе алады. Өйткені, оның технологиялық инновациясы мен экономикалық сәтті салынып жатқанын сарапшылар алға тартуда.

Гонконгтағы коммерциялық жылжымайтын мүлік зерттеу орталығының жетекшісі Маркос Чан аталған аймақ динамикалық және экономикалық жағынан дамуда дейді. «Көпір салынып жатқан шығанақ Қытай территориясының 1 пайызын құрайды, ал халықтың 5 пайызы осы жерді мекен етеді. Қытай жалпы ішкі өнімінің 12 пайызын осы аймақта өндіреді. Әлемнің барлық мемлекеттерімен салыстырғанда, шығанақ аймағы экономикалық дамуы жағынан 11-орынға ие» деді Маркос Чан.

Бұл көпірдің тез арада салынып бітпеуіне бірнеше мәселе кедергі болды. Соның бірі – аталған аймақта үш мемлекеттің шекарасы тіркелген. Олар: Гонконг/Қытай; Макао/Қытай; Гонконг/Макао. Үш мемлекеттің құқықтық жүйесі мен валютасы әр түрлі. Тұрғындардың төлқұжаттары мен жеке куәліктері де сәйкес емес. Сондай-ақ үш мемлекет тұрғындары екі әр түрлі тілді қолданады (Кантон және Мандарин тілі).

«Басқа мемлекеттердегі ірі көпірлермен бәсекеге түсу үшін Қытай Үкіметі аталған мәселелер мен кедергілерді жоюы қажет. Қалалар арасындағы интеграцияның дамуына ықпал етуі тиіс» - деді Чан.

Көпір аталған үш қала арасындағы көлік қатынасын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартады. Чанның айтуынша, көпірдің екі бетіндегі қалалардың экономикалық жағдайы бір-біріне сай емес. «Гонконг, Шэньчжэнь және Дунгуань қалалары Шығыста орналасқан. Олар Батыстағы Чжухай, Цзянмэнь, Чжуншань қалаларына қарағанда дамыған» дейді Чан.

Сарапшылардың бір тобы бұл көпір құрылысы аяқталған соң, тауар тасымалы жүйесі жеңілдеп, Гонконг халықаралық әуежайы әлемдегі ең көп жүк тасымалдайтын әуежай статусынан айырылады деп болжап отыр.

Көпір сондай-ақ туризмді дамытады деп болжануда. Өйткені, көпір ашылған соң туристер Гонконг әуежайынан Макаоға 45 минутта жете алады. Сондай-ақ жолда Дельта өзенін тамашалап, Қытай туризмін дамытады деп сенеді.

Ал сарапшылардың екінші тобы «көпір – босқа ақша шашу жолы» деп баға берді. Тәуелсіз сарапшы Клаудия Мо Гонконгтың демократиясын қолдайды. «Қытай мен Гонконгты байланыстыру үшін әуе, теңіз және құрлық байланыс жүйесі бұрыннан бар. Қосымша жобаның не қажеті бар?» дейді Мо.

Бұл сарапшылар тобы көпірдің саяси акт қана болғанын айтуда. Гонконгтағы 2014 жылғы демократиялық көтерілістерден соң, Пекин өз билігін күшейту үшін көпір құрылысына рұқсат берді дейді. «Гонконг жарылуға жақын қалды. Ұлыбританиядан да көп туристерді қабылдап жатыр. 2016 жылы 56,7 млн турист келген болатын. Ал Ұлыбританияны бар болғаны 37,6 млн шетелдік азамат аралап қайтқан. Сондықтан көпір құрылысына мұқтаж емеспіз» деді Мо.

Айта кетерлігі, көпір құрылысының қаражатын үш аймақтық Үкімет өз мойындарына алған. Дегенмен, қаражаттың ең көп бөлігін Гонконг билігі бөлген.

Көпір құрылысы бірнеше айдан кейін аяқталады. Бұл көпір арқылы жүретін автокөліктер сағатына 100 шақырым жылдамдықты сақтауы тиіс.

 

 

0 пікір
Мұрағат