Үшінші дүниежүзілік соғыс: Қазақстанның тағдыры
Үшінші дүниежүзілік соғыс: Қазақстанның тағдыры
5 жыл бұрын 5352 nege.kz

Егер ірі ядролық державалар соғысатын болса, Қазақстанға кем дегенде 2 ядролық зымыран ұшып келуі мүмкін. АҚШ-Иран текетіресі қызып, жаһандық соғыстың болу мүмкіндігі айтыла бастағанда, кез-келген сценарийге дайын болуымыз тиіс. 

Кеше Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Иранның бас штабына шұғыл қоңырау шалды. Бұл АҚШ пен Иран текетіресіне Ресейдің де араласқысы келіп отырғанын аңғартады. Қытай АҚШты сес көрсете беруден сақтандырды. Бірақ, Ресейге қарағанда Қытай өзін анағұрлым сабырлы ұстап отырған держава.

Фото: atomic-energy.ru

Ресми түрде ядролық қаруы бар мемлекеттер клубына 8 ел кіреді. Бейресми, тоғызыншы мүшесі Израиль өзінде ядролық қару бар екенін әлі күнге дейін мойындамай келеді. Бірақ, расталған барлау мәліметтері бойынша Израильде АҚШ-тан жеткізілген ядролық зарядтар бар. Сонымен, егер мәселе шиеленісе түссе, ядролық қаруы бар және соғысқа араласып кетуі мүмкін елдер қатарынан сарапшылар мыналарды атады: АҚШ, Ресей, Солтүстік Корея, Қытай, Пәкістан, Үндістан, Израиль. Ал Иран, Сирия мен Ливия ядролық қаруы болмаса да, аймақтық соғысқа дайын отыр. 

Қазіргі басты қауып АҚШ пен Иран арасындағы текетіреске Ресейдің араласып кетуінде болып тұр. Егер Ресей Сириядағыдай өзіне геосаяси ұпай жинау мақсатында Иранға да ашық қолдау білдіретін болса, АҚШпен арадағы кез-келген шағын эпизод үлкен соғысқа алып келуі мүмкін. Онда Ресей президенті Владимир Путин айтқан жұмақ пен тозаққа жер бетіндегі адамзаттың біразы бірден аттанады.

Қазір сарапшылар көп тоқталып жүрген болашақтың сценарийі - Ресей мен АҚШ (НАТО) арасындағы ядролық соғыста Қазақстанның рөлі қандай болады? Nege.kz болашақта орын алар барлық модельдерді саралап, оның ішінен ең мүмкін деген сценарийді назарларыңызға ұсынады. 

Ұжымдық қауыпсіздік шарты ұйымы, Байқоңыр мен Балқаш-9     

Кез-келген үлкен соғыста халықаралық құқық бойынша біз Ресейдің одақтасы болып саналамыз. Себебі, Қазақстан Ұжымдық қауыпсіздік шарты ұйымына (ОДКБ) мүше-мемлекет. Бірақ, бастысы ол емес. Дүниежүзілік соғыста ең алдымен жаудың әскери нысандары, оның ішінде стратегиялық базалары нысанаға алынады және жойылады. Ресейдің Қазақстанда кем дегенде екі стратегиялық базасы бар. Және алда-жалда соғыс бола қалса, АҚШ пен НАТО Қазақстандағы екі жерді міндетті түрде бомбылайды. Және ол тактикалық ядролық қарудың көмегімен жүзеге асады. Сонымен, Қазақстанның қай аймақтарына ядролық тоқпақ ұшып келуі мүмкін? 

1. "Байқоңыр" ғарыш айлағы

Сөзсіз, бірінші таяқ жейтін жер - ол Байқоңыр. Демек, Қызылорда облысы тағы да сорлайды. Себебі, НАТО мен Ресей арасындағы соғыста ғарыштағы әскери спутниктер үлкен маңызға ие болады. Олар арқылы құрлықаралық зымырандарды дәлдейді, сүңгүір кемелерге бұйрық беріледі, жалпы әскери байланыс жүргізіледі. Әскери державалар ең алдымен ғарышта соғысады деген сөз бекер айтылмаған. Қазіргі таңда АҚШ, Ресей мен Қытай ғана спутниктерді істен шығаратын технологияларға ие. Бір-бірінің спутниктерін жойғаннан кейін, спутниктерді жерден ұшыруға мәжбүр болады. Оны болдырмас үшін, қарсыластар космодромдарды бірінші кезекте бомбылауы тиіс.

"Байқоңыр" ғарыш айлағы. Ресейдің меншігіне қарайды. Қызылорда облысы. Фото: Роскосмос  

2. "Балқаш-9" жабық әскери қалашығы

Ресейдің еліміздегі тағы бір базасы. Жер шарының шығыс бөлігінен ұшып шығуы мүмкін зымырандарды бақылайды. Мұнда Ресей әуе-ғарыш күштерінің 3-ші армиясының радиотехникалық мамандары жұмыс істейді. Қалаға арнайы рұқсатсыз ешкім кіре алмайды. Балқаш көлінің жағалауында Кеңестер Одағы кезінде салынған "Дарьял-У" локаторлық станциясы 90 жылдардың басында қараусыз қалып, жұмысқа жарамай қалған еді. Қазір оны Ресей қалпына келтіріп, қайтадан пайдаланып отыр. АҚШ пен НАТО міндетті түрде бомбылауы тиіс нысандар санатына жатады. Ондай жағдай бола қалса, Қарағанды облысы сорлайды.

Балқаш көлінің жағасындағы "Дарьял-У" станциясы. Кеңес Одағы кезінде Қытайдан ұшатын зымырандарды бақылау үшін салынған. Фото: swalker.ru 

АҚШ пен НАТО Қазақстандағы әскери базаларды немен бомбылай алады? 

Әскери сарапшылар АҚШ-тың Сібір мен Орталық Азияны еш қиналмастан бомбылай алатынын айтады. Қазір Қазақстан мен Ресейдің әуе қауыпсіздігі бір орталықтан қадағаланады. Бірақ, егер соғыс кезінде Ресейдің әуе қорғанысының басқарушы пункттері жойылса, онда Қазақстан өзін оншақты С-300ПМУ дивизиондарымен қорғай алады деу қиын. Ресей бізге соңғы үлгідегі қанатты зымырандармен күресе алатын С-400 құрылғысын қимады. Ал бізге ұшып келуі мүмкін ең бірінші үміткер - тактикалық ядролық оқтұмсығы бар Томогавк BGM-109A қанатты зымыраны. Ұшақтан да, су астынан да, жер бетінен де оңай ұша алады. Жер рельефін бауырлап ұшатындықтан, біздегі радарлардың оны байқауы неғайбыл.  

Ядролық оқтұмсығы бар Tomohowk BGM-109A

Нәтижесінде, егер алда-жалда үлкен соғыс бола қалса, оның алапат өрті бізді де шарпиды. Қызылорда мен Қарағанды облыстары ядролық соққының астында қалуы ғажап емес. Бұл мұндай жағдайда орын алуы мүмкін ең бірінші сценарий. Қосымша сценарийлер ретінде, ядролық өрттен аумағының біразы жарамсыз болып қалған Ресейдің біздің жерге ауыз салуын, Қытайдың да күрт құбылу мүмкіндігін саралауға болады. Бірақ, мұндай державалар ядролық арсеналдарын шығарып, аянбай соғысатын болса, онда жалпы адамзат баласының тірі қалуына үлкен күмәнмен қарар едік.    

0 пікір
Мұрағат