Үндістаннан 2 млн-дай адам қууылуы мүмкін
Үндістаннан 2 млн-дай адам қууылуы мүмкін
5 жыл бұрын 2367 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Үнді билігі елден 2 млн-ға тарта адамды қууы мүмкін. Бұл жайында NDTV телеарнасы хабар таратты. Бұған кезінде хабарлағанымыздай, халық санының шектен тыс көбеюі себеп болып отыр. Аталған елдің солтүстік-шығысында орын тепкен, мұсылмандар шоғырланған Ассам штатындағы тұрғындарды көрші жатқан Бангладешке депортациялауы ықтимал.

Осыдан екі апта бұрын «Үндістан Пәкістанмен Кашмир дауына байланысты ядролық доктринасын қайта қарастырады» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/undistan-pakistanmen-kashmir-dauyna-bailanysty-yadrolyq-doktrinasyn-qaita-qarastyrady-12260/#gsc.tab=0) жазбамызда айтып өткеніміздей, таяуда ғана Үндістанның 4 млн-нан аса тұрғыны (олардың дені мұсылмандар) заңсыз мигрант есебінде елден қуылатыны, алдымен лагерлерге орналастырылатыны белгілі болды. Кейін көрші жатқан Бангладешке немесе рохинялық мұсылмандарға геноцид ұйымдастырған Мьянмаға қуылатын болады. Бұрын да хабарлағанымыздай, мұсылмандар тығыз шоғырланған аталмыш штатта 1971 жылға дейін Үндістан азаматы болғанын осы тамыз айының 31-не дейін құжат жүзінде дәлелдей алмаған тұрғындар түре қуылмақ. Осылайша елдегі демографиялық дүмпудың бетін мұсылмандар есебінен қайтаруды ойлаған үнді билігінің бұл әрекеті қаншалықты рационалды? Қазіргі уақытта халқының саны 1,34 млрд адамға жеткен Үндістанның халық санының өсу көрсеткіші жылына 1,1 пайыздан асып кетіп отыр. Ол ол ма, үнділердің Шив сена деп аталатын ультраоңшыл партиясы елдегі демографиялық дүмпуге елдегі мұсылмандарды кінәлі етіп шығарды. Тамыз айының 18-і күні аталмыш партияның «Самна» деп аталатын мерзімді басылымында мұсылмандарға осындай айып таққан мақала жарық көрді. Мемлекеттің қазіргі әлеуетімен санаспай ұрпақ өрбітуді ғана ойлайды деп айыптаған. Тамыз айының 15-і күні Үндістанның премьер-министрі ел тұрғындарын отбасын жоспарлауға шақырып, үндеу тастаған болатын. Мемлекет басшысының осы үндеуіне байланысты мұсылмандарды жазғырып шыға келген ультраоңшыл партия өкілдерінің бұл мәлімдемесі де елдегі мұсылмандарды көзге шыққан сүйелдей етіп, мұсылмандарға қарсы жорықтың тағы бір науқанын бастайтынын жария еткендей болды. 

Сол қаупіміз расқа айналатын түрі бар. 1971 жылдың наурыз айының 24-і күнге дейін, яғни, Бангладеш күллі әлемге жар салып, тәуелсіздігін жариялағанға дейін Үндастан аумағында тұрғанын құжат жүзінде дәлелдей алған тұрғындар ғана ұлттық реестрге еніп, депортацияланудан аман қалмақ.

Бүгінгі таңда Ассам штатында 35 млн-ға жуық халық тұрады. Ұлттық реестрге тіркеу науқаны кезінде шамамен 2 млн адам өзінің аталған мерзімге дейін Үндістан аумағында тұрғанын дәлелдей алмаған.

0 пікір
Мұрағат