Түркия мен Ресейдің Идлибтегі текетіресі тікелей соғысқа ұласа ма немесе Сириядағы ахуал екі елдің қарым-қатынасына қалай әсер етеді
|
Екі елдің арасында Идлиб үшін тағы соғыс өрті тұтануы мүмкін деген пікірлер айтылып жүр. Сирия аумағындағы соңғы уақытта шиеленісіп кеткен ахуалға байланысты әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде. Әйтсе де сарапшылардың бұл тараптағы ойы басқаша: екі ел де тікелей соғысқа мүдделі емес. Өйткені, екі ел арасындағы экономикалық байланысқа Түркия да, Ресей де кіріптар. Экономикалық ынтымақтастықтың геосаяси астарын былай ысырып қойғанның күннің өзінде Таяу Шығыстағы ең ірі экономикалық әріптесі саналатын Түркияның бұл аспектідегі маңыздылығы сонда - Ресей үшін аталған аймақтағы өзге елдердің бәрі қосылып бір Түркияның орнын толтыра алмайды. Ресей мен Түркия арасындағы сауда-саттық және экономикалық байланысқа Идлибтегі текетірес салқынын тигізбеуі керек, деп есептейді ресейлік сарапшылар. Бұл турасында, естеріңізде болса, осыдан 3 ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Sözcü: Түркия Ресейге толықтай кіріптар болып қалған» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/szc-turkiya-reseige-tolyqtai-kiriptar-bolyp-qalgan-12713/#gsc.tab=0) талдау материалымызды барынша жан-жақты ашып көрсеткенбіз. Ал геосаяси астарына келсек, екі елдің арасындағы стратегиялық маңызы зор жобаларды жатқызуға болады. Мәселен, «Түрік тасқыны» газ құбыры жобасын алуға болады. Бұл жобаға ең алдымен Түркия емес, Ресей тарапы мүдделі екенін баса айта кету керек: Қырымды аннекциялағаннан кейін Еуропаға газ тарту мәселесі күрделі сипат алғандықтан «Түрік тасқыны» Ресейдің қолын ұзартатын жоба есебінде, яғни, кәрі құрлыққа газ жеткізудің қауіпсіз нұсқасы ретінде алға шығады, т.б.
Идлибтегі екі ел арасындағы текетірестің барысын айтпас бұрын алдымен Сирия аумағындағы Түркия мен Ресейдің мүддесі мен мақсаты туралы айта кету керек. Түркияның Сириядағы әскери жорығы бірнеше мақсатты көздейді: біріншісі – 800 шақырымнан асатын Сириямен арадағы шекара маңындағы өзінің оңтүстік-шығыс аудандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мақсатына қол жеткізу үшін Түркия билігі шекара маңындағы Сирия аудандарына өз бақылауын орнатуға күш салады – сириялық күрдтердің автономия құруына кедергі келтіру. Өйткені, күрдтер үш елдің (Түркия, Ирак және Сирия территориясы) есебінен тәуелсіз мемлекет құруға талпынады.
Екіншіден – Түркия өзінің аумағындағы кезінде содырлар сойқанынан бас сауғалаған сириялық босқындар орналасуы тиіс аймақ құру. Бүгінде Түркия аумағында үш жарым млн-дай сириялық босқын бар. Егер Башар Асад әскері Сирияның солтүстік-шығысында орын тепкен Идлибті алатын болса, аталған провинцияға шоғырланған Башар Асад режиміне қарсы сириялықтар босқындар қатарын толықтырып, Түркияға лап бергелі тұр. Түркияның тағы бір мақсаты Сирияның азат ету армиясына (қазіргі уақытта Ұлттық армия деп аталады) қолдау көрсетуге саяды (2011 жылдан бері қолдау көрсетіп келеді). Бұған қоса, Сирияның терістігінде сириялық түріктер шоғырланған. Түркия билігі сириялық түріктердің қауіпсіздігін желеу етіп әрі оларды қосымша күш ретінде арқа тұтып, өзінің әскери операциясын жүзеге асырып келеді. Тіпті, сириялық түріктер Түркияның көмегімен өздерінің қарулы жасағын құрып алды.
(жалғасы бар)