Түркия экономикасы Қытайдың қолында
Түркия экономикасы Қытайдың қолында
6 жыл бұрын 6026 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Осыдан екі күн бұрын Түркияның АҚШ-пен араз Қытай, Ресей, Иран секілді ірі сауда әріптестерімен доллармен емес, ұлттық валютамен есеп айырысатыны турасында хабарлаған едік. Бұдан бөлек, екі елдің қатынасы 2016 жылы түрік билігінің пәрменімен америкалық пастор Эндрю Брансонды тұтқындағаннан кейін нашарлап кеткенін де айтып өткенбіз. Эндрю Брансон күрдтер арасында уағыз жүргізіп, Түркияның орнына христиан мемлекетін құруды насихаттағаны үшін абақтыға жабылған болатын. Өткен жұма күні түріктердің ұлттық валютасының 1 америкалық долларға шаққандағы бағамы 6,5-ке дейін құлдырады. Былайша айтқанда, 2014 жылғы көрсеткіштен алғаш рет төменгі деңгейге түсті. Әлбетте, көп ұзамай инфляция орын алары сөзсіз. Ең әуелі түрік кәсіпорындарының көбісі өндіріс шығыны өз-өзін ақтамайтын болғандықтан өндірісті қысқартады әрі осыған байланысты импорттық тауарлар бағасы күрт шарықтауы мүмкін. Нәтижесінде Түркия Қытайдың экономикалық "боданына" айналады. Олай дейтініміз, көп ұзамай Түркия экономикасы 10-12 пайызға дейін құлдырайды. Режеп Тайып Ердоған "елді көркейтем, экономиканы жандандырам" деп халыққа берген уәдесін орындай алмайтын болады. Сондағысы - сырттан аса ірі мөлшерде қарыз алып, ел тұрғындарын несиемен жарылқамақ болған еді. Әдетте түріктер тұтыну тауарларын өздері тапқан ақшаға сатып алып жүрді. Ал ағымдағы шоттағы тапшылық елдің жалпы өніміне шаққанда 6,5 пайызға артып кеткен болатын. Былайша айтқанда, төлем балансы бұзылған Түркия экономикасы тығырықтан қалай жол табады? Түрік компаниялары шетелдік валютамен 300 млрд доллар шамасында қарыз алған болатын, амал жоқ, қарызды құнсызданған түрік лирасының бағамы бойынша қайтаруға тура келіп отыр. Былайша айтқанда, қарыздан көк тиын пайда көрмейді. Керісінше, шығынға батпаса. Қарыздың көбісі түрік лирасының долларға шаққандағы бағамы 2-ден аспай тұрғанда алынғанын ескеріңіз. Түрік банктері несиелендіруге арналған қаржының көп бөлігін өзге банктерден қысқа мерзімді банкаралық нарықта еуро немесе доллар түрінде алған еді. Егер түрік банктері несие бойынша қарызды төлей алмайтын жағдайға тап болса, түріктердің қаржы мекемелері бірінен кейін бірі банкрот болып, жабылады. Десе де бұған жете қоймайтын шығар. Өйткені, Испаниядағы BVVA (Banco Bilbao Vizcaya Argentaria) банк жүйесі Түркияның аса ірі Garanti банкісіне тиесілі. Бұған қоса, қытайдың ағылшын тілінде хабар тарататын CGTN телеарнасы түрік экономисі Емре Алкиннің сөзін келтерген екен: "Түрік лирасының тұрақтылығы Қытай секілді аса маңызды серіктес елмен ынтымақтастық арқасында сақталып қалмақ. Орталық банк өздігінен ештеңе істей алмайды, өйткені, жеткілікті ресурсы жоқ",- деп Түркияның дағдарыстан шығу үшін Қытайдан көмек сұраудан басқа жолы қалмағанын көрсетіп бергендей болды. Түркия елдің стратегиялық маңызды активтерінің бір бөлігін сатып та бұл тығырықтан шығуы мүмкін. Қазіргі уақытты (соңғы ақпаратқа қарағанда) түрік лирасы долларға шаққанда 6,26 бағвмы бойынша саудалануда. Ал Istanbul 100 құнды қағаздардың барлық индексін бар-жоғы 35 млрд долларға сатып алуға болады. Егер қытай инвесторлары осы индекске енген түрік компанияларының барлық акциясын сатып алғысы келсе, Түркия қазіргі ағымдағы шоттағы тапшылықты жеті айға дейін жабатын қаржыға ие болмақ. Содан соң елестетудің өзі қорқынышты: қытайдың экономикалық экспанциясынан құтылу үшін қатаң экономикалық шараларға жүгінеді. Asia Times ақпарат көзінің таратқан хабарына қарағанда, қытай телеарнасына сұхбат берген Алтай Атли есімді түрік экономисі Түркияның қытайларға теңіз айлақтары мен көлік инфрақұрылымының өзге нысандарын бере алатынын жеткізген. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Қытайдың COSCO Pacific мемлекеттік кеме компаниясы түріктердің аса ірі айлақтарының 65 пайызына ие болып отыр. Бүгінгі таңда. "Түркия мен Қытай әріптестік байланысын ұлғайтқысы келсе, Жерорта, Егей, Қара теңіздердегі айлақтарды теміржол жобаларымен ұштастырып, магистралды кеңейтіп қана қоймай, бірыңғай логистикалық желі құра алады",- деді артынша Алтай Атли. Түркияның қазіргі қиын жағдайын Қытай өз мүддесі мен мақсатына пайдаланып отыр. Оған сөз бар ма. Мәселен, қытайдың Huawei аса ірі телекоммуникациялық құрал-жабдық компаниясы түріктердің Turk Telecom-мен бірге мемлекеттік қауіпсіздік, интернет, 5G-Интернет, т.б. аясында жұмыс істеп жатыр. 

1 пікір
Мұрағат