Туберкулезге қатысты үрейлі дерек
Туберкулезге қатысты үрейлі дерек
6 жыл бұрын 4432 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде кеңінен тараған, өлім қаупі жоғары инфекция жайында, дәлірегі, туберкулезге қатысты жаңа есебін жария етті. Аталған сырқатқа шалдыққандар мен осы дерттен көз жұмғандар саны едәуір кемісе де бұл ауруға қатысты статистикалық мәлімет әлі де көңіл көншітпейді. Мысалы, 2000 жылы әлем бойынша туберкулезден болатын өлім-жітімнің алдын алудан шамамен 54 млн адам құтқарылған. Алайда, 2017 жылы бұл дертті  әлемде 10 млн адам жұқтырған екен. Оның 1,6 млн-ы осы дерттен көз жұмған болатын. ДДСҰ сарапшыларының айтуынша, адамзаттың әрбір төртіншісі туберкулезбен ауырады. Бұл ауру түрі тек кеңінен тарап қоймай, мұндай сырқатқа шалдыққан науқасқа ем қонуы екіталай. Яғни, толық құлан-таза жазылып кеткендер қарасы сирек. Былайша айтқанда, емі қиын ауру. Тек өткен жылдың өзінде ғана 558 мыңға тарта науқастың бойында рифампицинге бой бермейтін туберкулездің микобактериясы болған. Бұл дертке қатысты тағы бір алаңдатарлық жайт: науқастардың тек 64%-ы ғана дәрі-дәрмекке қол жеткізе алған. Биылдың өзінде дамушы елдерде науқастарды туберкулезден емдеуге 3,5 млрд доллар қаражат жетіспеген. Бұлай жалғаса берсе, яғни, қаражат алдағы уақытта да жетіспесе, 2020 ылға қарай дәрі-дәрмек тапшылығы 5,4 млрд долларға дейін жетеді. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,1 млрд долларға артпақ. Десе де бұл бағытта оң көрсеткіштер де жоқ емес. Мәселен, Еуропада туберкулезбен ауыратындар қарасы жыл сайын 5 пайызға, ал Африка құрлығында 4 пайызға азайып келеді. Ал елімізге келсек, Қазақстан аталған ауру түрі бойынша «індет жағдайында» қалып отыр. Елімізде дәрі-дәрмек жеткілікті болғанымен мамандар тапшы. Яғни, фтизиатрлар қарасы аз.

Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми фтизиопульмонологиялық орталығы келтірген мәліметке қарағанда, Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулезге шалдыққандар саны екі жарым есеге, ал осы дерттен өлім-жітім алты есеге азайған. Бұдан бөлек, 2018 жылдың сегіз айындағы көрсеткіш бойынша туберкулезге шалдыққандар тоғыз жарым пайызға азайған. Республика бойынша биылғы сегіз айда 6193 науқас тіркелсе, былтыр 6615 адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау стандарттары бойынша 100 мың адамға шаққанда 50 науқас тіркелсе, эпидемия болып саналады. Бізде өткен жылдары 100 мың адамға шаққанда 53 науқастан болса, қазір 49-ға түсті.

0 пікір
Мұрағат