Таяу шығыста энергия теңгерімі оң көрсеткішке ие алғашқы мешіт ашылды
Таяу шығыста энергия теңгерімі оң көрсеткішке ие алғашқы мешіт ашылды
12 күн бұрын 825 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Дубайдағы  Tilal Al Ghaf тұрғын үй алабында оң энергетикалық балансы бар алғашқы мешіт ашылды. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бірегей жобаны Мәжит әл Футтайм есімді жергілікті маман әзірлеген. Құлшылық үйі Дубай ислам істері және қайырымдылық департаментімен бірлесіп салынған. Компанияның кейінгі негізін қалаушы Majid Al Futtaim атымен аталған мешіт Біріккен Араб Әмірлігінің «Жасыл күн тәртібі - 2030» стратегиялық мақсатына сәйкес келетін тұрақты және заманауи жобалау әдістерін біріктірген. Мешіт жыл сайын сағатына 204 121 кВт астам электр энергиясын өндіретін 203 күн фотоэлектрлі панелден қуат алады және энергия профицитін 115% қамтамасыз етеді. «Жасыл» энергияның артық мөлшері желіге қайтарылады. Мешіттің тиімділігі жоғары қосымша энергия жүйелеріне күн сәулесімен жұмыс істейтін ыстық сумен жабдықтау жүйесі, жарық диодты жарықтандыру желісі, тиімді HVAC жүйесі, электрмен жүретін көлікті қуаттайтын стансалар, сондай-ақ, энергия тұтынуды оңтайландыруға арналған ғимараттарды басқару жүйесі кіреді. Осы орайда 2024 жылдың қаңтар айында Әбу-Даби қаласында экологиялық жағынан таза, жаңа мешіт ашылғанын естеріңізге сала кетпекпіз.  Masdar саябағында  Estidama Mosque деп аталатын "жасыл" мешіт қоршаған ортаға зиянсыз. Ауданы 500 шаршы метрді алып жатқан күмбез тәрізді құрылыс кәдімгі ғимараттарға қарағанда энергияны 50%- ға аз тұтынады. Мешітке қажетті энергияның бір бөлігін тұрақта орнатылған күн фотоэлектрлі панелдер бөліп шығарады. Ал су тазарту қондырғысы суды 48%- ға дейін үнемдей отырып, бақтағы өсімдіктерді суару үшін суды қайта әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мешіт тұрақты дамудың ең жоғары халықаралық стандарттарына сай келеді, сондай-ақ, бес уақыт намаздың әрқайсысы үшін 335 адамға шақталған ғибадатхананы қамтыған. Төбедегі ықшам немесе шағын аспалы шамдары және араб шымылдығы тікелей күн сәулесінен пайда болған жылуды барынша азайта отырып, табиғи жарықты мейлінше көбейтеді. Бұдан бөлек, мешіт көлемінің ауданына шаққандағы арақатынасы алшақ емес, герметикалық материалмен қапталған және жылу мен жарықты тиімді оқшаулайтын жүйемен жабдықталған. Мешітке бастап баратын негізгі жол мен ішкі аула ағаштармен көмкерілген, ал ақылды датчиктер адам санына қарай мешіт ішіндегі жарық пен желдетуді реттеп отырады. 

0 пікір
Мұрағат