Таяу Шығыс экономикасы өсуге бет алды
|
Биыл Таяу Шығыс аймағы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Экономикада. Тарқатып айтқанда, аталған аймақ елдерінің экономикасы орташа есеппен алғанда 2,4%-ға өскен, бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда анағұрлым алға басқанын көрсетеді. Бұға ең алдымен мұнай бағасының өсуі мен қаржылық шектеулерді жұмсарту себеп болып отыр. Бұдан бөлек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауатты жүргізілген экономикалық реформалар да өз ықпалын тигізіп отыр. Бұл жайында жуырда жарияланған Economic Insight Middle East есепті баяндамасында айтылған. Аталған баяндамада келтірілген дерекке қарағанда, өткен жылы аталған аймақтың жалпы ішкі өнімі шамамен 1 пайызға құлдыраған. Ең бастысы, Таяу Шығыс аймағы экономикасының өсуіне негізінен мұнай бағасының өсуі себеп болғанын астын сызып тұрып айтты ICAEW-тың экономикалық кеңесшісі әрі Oxford Economics-тегі Таяу Шығыс жөніндегі аға экономисі Мұхаммед Бардастани. Мемлекеттік шығындардың артуы өз кезегінде жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді. Оның айтуынша, биыл Парсы шығанағы елдеріндегі мемлекеттік шығыс орташа есеппен алғанда 5%-ға артады. Аталған аймақтағы мемлекеттік шығыс шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй құрылысын жандандыру, экспортты қаржыландыру түрінде көрініс табады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінің жалпы ішкі өнімі биыл 2,6%-ға өсуі мүмкін. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1,5%-дан аспаған еді. Таяу Шығыс аймағы бойынша экономикасының қуаты екінші орында тұрған Біріккен Араб Әмірліктері экономикасының өсуіне негізінен ел билігінің 13 млрд доллар мөлшеріндегі ынталандыруға бөлген қаржысы серпін беруі мүмкін. Мұнай бағасының түсіп кетуіне байланысты қосымша кіріс көзіне зәруліктен осы жылдың қаңтар айынан бастап енгізілген 5% мөлшеріндегі қосымша құн салығына қарамастан биыл инфляция аталға елде 4%-дан аспайды. Либан мен Ирактың да жалпы ішкі өнімі 2,5%-ға, ал Кувейт пен Иорданияның жалпы ішкі өнімі 2,4%-ға, Бахрейнде бұл көрсеткіш 2,3%, Саудияда 1,8%-ға артпақ. Ең шапшаң өсу Оманда орын алмақ - 3,6%. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған елде бұл көрсеткіш бар-жоғы 0,2%-дан аспаған еді. Болжам бойынша Парсы шығанағы елдерінің жалпы ішкі өнімінің орташа есеппен алғанда 2,3%-ға өседі, ал бұл көрсеткіш өткен жылы 0,1%-дан аспаған болатын. Экономист сарапшы мұнай бағасының өскенін пайдаланып, Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінің билігін экономиканы әртараптандыруға (диверцификациялауға) күш салуға шақырып отыр.