Сириядағы соғыстан қай держава ұтады? Ресей ме, АҚШ па әлде...
|
Сирияның 2011 жылы басталған соғыстан жоғалтқан жалпы ішкі өнімі 226 млрд доллардан асып кетті. Түріктердің батыс ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып таратқан хабарына қарағанда, сириялық билік соғыстан жермен-жексен болған елді өз күш-жігерімен қалпына келтіруге қауқарсыз. Бұл арада ел экономикасы мен инфрақұрылымы турасында болып отыр. Амал жоқ, Сирия шетелдік көмекке мұқтаж болғандықтан, өзге елдердің қолдауын күтеді. Бұл контексте, сарапшылардың айтуынша, Қытай алға шығады. Тамыз айының соңында Сирия апстанасында өткен "Дамаск халықаралық көрмесі" осыны көрсетіп бергендей болды. Қытай бұл шараға белсенді атсалысқанын да байқауға болады. Сирия билігі бұл жиында әлем қауымдастығын Сирияны қалпына келтіруге шақырды. Ең алдымен Қытай бұл шақыруды құп алғанын да айта кету керек. Қытай-Араб қауымдастығының өзара айырбасқа жауапты Цинь Юн қытай компанияларының Сирияның индустрияландыру ісіне инвестиция құюға дайын екенін мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, Сирияны индустрияландыруға қытайдың 150 компаниясы, екі млрд доллары тартылады. Сондай-ақ, қытайдың Сирия мұнай өнеркәсібінде миллиардтаған инвестиция құйғанын да айта кету керек. Бұған қоса, қытайдың ұлттық мұнай компаниянысының Сирияның аса ірі екі бірдей мұнай компаниясында акциясы барын да естеріңізге сала кеткіміз келеді. Соғыс аяқталған соң Қытай Сирия жерінен мұнай өндіруді жалғастыратын болады. Тағы бір айта кететін жайт, Қытай Сирияның үкімет әскерін снайперлік винтовкалармен, пулеметпен, зымыран батареясымен, т.б. әскери ұрысқа арналған қару-жарақпен жабдықтап келген елдердің бірі. Ол ол ма, Сирия аумағында Қытайдың әскери кеңесшілер де өріп жүр. Оның үстіне, Қытай "Бір белдеу, бір жол" деп аталатын стратегия аясында Оңтүстік-шығыс Азия мен Орта Азияны кесіп өтетін жаңа жібек жолын жандандыруға мүдделі. Өз қнімдерін Еуропаға жеткізу үшін. Жоспар бойынша бұл жол Еуропа мен Азияның 40 елін, дәлірегі, әлем тұрғындарының 75%-ын қамтуы тиіс. Әрі бұл стратегия Жерорта теңізі арқылы Сирияға да жол ашатынын айта кетпеске болмайды. "Егер жағдай оңалатын болса, біз "Бір белдеу, бір жол" акциясы аясында сириялық экономиканың түрлі секторларына инвестиция құя аламыз",- деп мәлімдеді осы заманғы халықаралық қатынас институтының ғалымы Чен Фенгинг. Қорыта айтқанда, елдің тұтастығы сақталғанымен (оның өзі күмәнді) оны бөлісудің жолдары алдын ала сызылып қойғанға ұқсайды. Осы заманғы әдіспен.