Қытайдың «цифрлы Жібек жолы» жобасының қаупі неде
Қытайдың «цифрлы Жібек жолы» жобасының қаупі неде
5 жыл бұрын 3441 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

2019 жылдың қазан айының 31-і күні Қытай аумағында әлемдегі аса ірі 5G коммерциялық желісі үлкен дүрмекпен іске қосылды. Қытайдың үш мемлекеттік жетекші мобилді байланыс операторы — China Mobile, China Unicom и China Telecom — бағасы алынған ақпараттардың мөлшеріне қарай емес, жылдамдығына қарай белгіленетін 5G байланыс қызметінің түрлі тарифін ұсынды. Ең қымбат тарифті айына 45 доллардан асырмады. Қытай билігі осынау айтулы оқиғаға байланысты бұл желінің технологиялық төңкеріске бастайтынын жаһанға жар сала жария етіп, бұл жеткен жетістіктерімен тоқмейілсіп қалмай, алда алар асуы мен бағындырар шыңы барын аңғартқан болатын. Яғни, әлемдік державаларды артқа тастап, айқын басымдыққа жетуді алдына мақсаты мен міндеті етіп қойды. Осылайша Қытай өзіне бәсекелес батыс елдеріне қыр көрсеткен болатын. Қытай билігі бұл үддеден шыға ала ма, оны алдағы уақыт көрсете жатар. Десе де билік басына Си Цзиньпин келгелі бері ақпараттық–коммуникация технологиясын, жасанды интеллекті, мәліметтерді талдау, интернет-сервис, цифрлы технологияларды қамтитын жаңа дәуір технологиясына инвестиция молынан тартылып жатыр. Қытай билігінің бұл бағытта жүргізіп отырған саясатына басымдық берілген. The National Interest ақпарат көзінің дерегінше, Қытайдың шапшаң даму үстіндегі цифрлы және телекоммуникациялық әрі инфрақұрылымдық жобасы күллі Еуроазия құрлығын қамтитын «цифрлы Жібек жолы» амбициялық жобасын жандандыруы тиіс . Аталған жоба «Бір жол – бір белдеу» ғаламдық жобасының цифрлық бөлігіне айналуы тиіс. Сонда ғана тарихи Жібек жолының осы заманғы жаңғыртылған нұсқасын нақты жүзеге асыруға болады. Осылайша әлемдегі ең алып құрлықтағы елдердің мемлекеттік басқару жүйесіне өз ықпалын орнатады. Олай дейтініміз, Қытайдың жоғары технологиялы компаниялары халық санының көбеюіне әрі урбанизацияның қарқын алуына байланысты жаңа мегаполистердің пайда болуын ескеретін «Ақылды қала» (Smart City)  және «Ақылды айлақ» (Smart Port) бағдарламалары аясында өз технологиялық өнімдері мен стандарттарын, нормаларын экспорттайтын болады. Осылайша Қытайдың ықпал ету тетіктерінен ғаламдық жаңа тәртіп орнайды. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде әлемдегі тәртіп батыстық модел негізінде жүзеге асады: банк, қаржы жүйесі, сауда-саттық, білім беру жүйесі, т.б. дәстүрлі батыстың өнімдері болып табылады. Бұл бағытта, әлбетте, капитал да, технология да батыстың қолында шоғырланған. Қытай технологиялық жетістіктерімен батыстың моделін барлық деңгейде өзінің қолайына бейімдеп, таяу болашақта өз тәртібін орнатуға күш салары сөзсіз. Біз сөз етіп отырған 5G технологиясы Қытайдың дамуы мен әлемге ықпалын арттырудың негізіне айналуы тиіс. Қытай технологиясы күнделікті әкімшілік, өндірістік, экологиялық, энергетикалық, т.б. барлық салада кеңінен қолданылып, мәліметтер алмасу үшін орталықтандырылған платформа бойынша жұмыс істейтін болады. Бұлай дейтініміз, осы заманғы технология негізінде мейлінше интеграцияланған әрі орталықтандырылған жүйе басқарудың тиімді тетігін қалыптастырып, экономикалық белсенділікті арттырып, тұрақты дамуға бастайды. Әсіресе, халқының саны жылдан жылға артып келе жатқан, соған байланысты ірі мегаполистерге шоғырланатын оңтүстік-шығыс Азия елдерінде Қытайдың ықпалы артады. Қытай іргесіндегі аталған өңірде орын тепкен елдерге тек технологиясын экспорттап қоймай, өзінің құндылықтары мен нормаларын да эксопрттайтын болады. Қытайдың осы заманғы озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін құрал-жабдығын игеру үшін қытай нормасын қабылдауға тура келеді. «Ақылды қалалар» мен цифрлы желінің бас сәулетшісі ретінде Қытай өзінің технологиясын импорттаған елдердің мәліметтер базасына қол жеткізеді – бұл өз кезегінде Қытай билігіне шетелдік лидерлерге ықпал етудің тетігін қолына ұстатып бергенмен бірдей. Мәселен, қытайдың Alipay, Baidu Wallet және WeChat Pay секілді мобилді төлем қосымшаларының кеңінен қолданылуы сөзсіз интеграцияны қажет етеді. Яғни, аталған қосымшалар арқылы жүзеге асырылған төлемдер мен транзакция мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. Турасын айтқанда, қаржылай деректер Қытайдың халық банкінің есеп айырысуды жүзеге асыратын клирингтік палатасына белгілі болады. Бұл жайт қытайдың тек технологиялық компанияларына ғана емес, сонымен қатар, Қытай халық республикасының мемлекеттік банкісіне шетелдегі қаржылық операциялар туралы ақпаратты нақты уақыт аралығында алуына мүмкіндік бермек. Қытай төлем жүйесі, сондай-ақ, «цифрлы Жібек жолы» жобасы аясында іске қосылатын өзге де желілер қытай технологиясына қол созған елдерге халықаралық төлем жүйесінде қаржылық опреацияларға қолайлы юанды таңдап, қытай компанияларына артықшылық беруге итермелейді. Осылайша әлемдік экономикадағы доллардың маңызы кемиді. Мұны Қытай билігі жасырған емес. Ол ол ма, долларды әлемдік айналымнан біржола ығыстырып шығармаса да позициясын әлсірететін болады. Кей сарапшылардың пайымдауынша, қытайлар бақылайтын трансшекаралық банкаралық төлем жүйесі АҚШ басқаратын Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunication жүйесіне бәсекелес бола алады. Қытай компаниялары тұтынушылар туралы құнды ақпараттарға (олардың жоспары мен неге артықшылық беретінін) нақты уақыт аралығында қол жеткізу арқылы жасанды интеллекті көмегімен ғалымдық деңгейде нарық қажеттілігін бағалай алады. Осылайша қытай компаниялары америкалықтардан немесе еуропалық бәсекелестерінен бұрын қимылдап, нарықты қажетті тауарларымен толтырып тастайды. Осылайша бәсекелестерін нарықтан ығыстырып шығуы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат