Қытайда 30 миллион сүр бойдақ бар
Қытайда 30 миллион сүр бойдақ бар
4 жыл бұрын 3300 aikyn.kz Ертай Нүсіпжанов

Әлемде халқы тығыз орналасқан бірегей ел – Қытай. Соңғы деректерге қарағанда, 1,405 миллиард адам санымен дүниежүзі халқытарының 18,2%-ын құрап тұр. Бұл көрсеткіш Қытайдың өзін талай жылдан бері алаңдатып келеді. Кейбір мамандар бұл ең алдымен ел экономикасы мен халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізді деп есептейді. Қоғамда көптеген әлеуметтік мәселе туындайды. Алайда, Қытай неліктен бұған қарамастан елдегі бала туу көрсеткішін арттыруға мүдделі? Демографиялы көрсеткіш ел тағдырына қалай әсер етеді? Бұл жайында aikyn.kz ақпарат көзінің тілшісі Ертай Нүсіпжановтың материалынан біле аласыздар. 

Қытайдың Ұлттық статистикалық бюросының соңғы мәліметіне сәйкес, жұмысқа жарамды 16-59 жас аралығындағы халықтың саны 896,4 миллион. Бұл – жалпы халықтың 64%-ы. Ал жасы 60-тан асқандар саны 253,88 миллион, яғни 18.1% халық. Аталған елдің арнайы зерттеу орталықтарының болжамы бойынша, егде жастан асқан адамдардың күрт өсу кезеңі алқымдап тұр. Бұл 2048 жылға қарай 2 есеге артып, 2050 жылы қарт адамдар қоғамның 40%-ына жетпек.

Қытайдың бүгінгі демографиялық дағдарысы тек елдегі халық санының көптігінен туындап отырған жоқ. Ол, сондай-ақ, елдегі бала туу деңгейінің кейінгі жылдары күрт төмендеп, сәйкесінше қарттар санының ұлғаюымен, қоғамда гендерлік теңдіктің бұзылуы себебінен де туындап отыр. Ер мен әйел жыныстылар арасындағы сан алшақтығы жыл сайын дағдарысты кезеңдерді өткеріп келеді. Мысалы, 1990 жылдан кейін туған ерлердің саны әйелдерден 9 миллионға артық болса, 2000 жылдан кейін туғандар арасында ерлер саны әйелдерге қарағанда, 13 миллионға артып кеткен. 2015 жылғы демографиялық жағдай бойынша, Қытайдағы жасы 30-дан асқан сүр бойдақтар саны 20 миллион болса, биыл олардың саны 30 миллионға жеткен. Болжам бойынша 2040 жылға қарай 40 миллионға жетеді деп отыр.

Қытайда ажырасатындар да көбейген. Бұл, әсіресе, карантин кезінде қатты ушыққан. Коронавирусқа байланысты екі ай бойы үйде қамалып отырған көптеген қытай отбасында жұмыссыздық кесірінен күнде жанжал туып, оның соңы ажырасуға әкелген. «Бұдан әріге төзе алмаймын. Ажырасамыз деп шешім қабылдадық. Келесі қадам – заңгер табу», – дейді жасы 30-ға таяған У деген әй ел. Қытай дағы БАҚ елдің бүкіл аймағында індетке қарсы оқшаулану кезеңі аяқталған соң отбасы жұптары үйлерін тастап кетіп жатқаны туралы жаппай жазды. Ажырасу деңгейі наурыз айында ерекше өскен. Отбасындағы зорлық-зомбылық артқан. Бір-бірінен безінген жұптардың көптігі соншалық, тиісті департамент алдында кезекке тұрушылар көбейген. Ажырасу рәсімдерімен айналысатын шанхайлық адвокат Стив Лидің айтуынша, оның қызметіне жүгінушілер қатары бұрынғыдан 25%-ға дейін артқан. Қытайдың ұлттық статистикасына сәйкес, 2003 жылы елде 1,3 миллион жұп ажырасқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Былтыр 4,15 миллион жұп айырылысып, ажырасу көрсеткіші 44%-ға жеткен. Аталған елдің неке туралы заңында отбасын құру үшін ерлерге 22 жасқа толу міндет болса, қыздарға 20 жастан ерте тұрмыс құруға тыйым салынған. Десе де қытай қыздары, әсіресе қалалық аймақта тұратындар орташа есеппен 30 жастан асып барып тұрмысқа шығады.

БҰҰ-ның белгілі стандарттарына сәйкес, Қытай қарттары көбейген елдер қатарына әлдеқашан енген. Тиісті көрсеткіш жыл сайын өсуде. Бұл зейнет жасындағы халықты асыруға жұмсалатын қаражатты ұлғайтып, жұмыс күшіне едәуір салмақ салатынын айқындап тұр. Егер бұл коэффициент белгілі бір межеден асып кетсе, онда мемлекеттің экономикалық дамуына айтарлықтай соққы болары сөзсіз. Кейбір Қытай ғалымдарының пікірінше, мемлекеттің асырауындағы адамдардың коэффициентін бақылаудың бірден-бір жолы – адамдардың зейнет жасын өсіру. «Қытай қоғамының қартаю деңгейі қарттарға жасалатын әлеуметтік қамқорлықпен қатар өсуде. Келешекте әлеуметтік қамту қорларындағы тепе-теңдіктің бұзылуына қатысты үлкен мәселелер туындайтын болады», – дейді Қытайдың әлеуметтік ғылым академиясының зерттеуші маманы Ян Гы.

Қытайда қазір 10 жылда бір өтетін халық санағы жүріп жатыр. Қарашаның 1-і басталған статистикалық шара аяқталуға жақын. Санақтың қорытынды мәліметтері келер жылдың сәуір айында толық жария болады. Жаңа деректер халықтың келешектегі тағдыры жолындағы жаңа бағдарлар мен шешімдер қабылдауға негіз болмақ. Қытай тарихында соңғы 30 жылдағы ең дәл санақ деп аталған бұл шара ел болашағы үшін қандай экономикалық қуат қажет екенін де көрсететін болады.

0 пікір
Мұрағат