Қытай мұхиттың жасырын қазыналарына «көз тіге» бастады
Қытай мұхиттың жасырын қазыналарына «көз тіге» бастады
5 ай бұрын 929 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Әлемдік мұхитта таза энергияға көшуге және қазба отындарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, табиғатта сирек кездесетін, аса қажетті никел, мыс, кобальт және марганецтің мол қоры бар. Бұл ресурстарға мұхиттан алуға қауқары жететін ірі державалардың, соның ішінде, әсіресе, қытай компаниялары өндіруге ерекше ынталылық танытып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Economist ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығындағы Халықаралық теңіз тұңғиығы басқармасы (IOM) әлі де осы пайдалы қазбаларды өндіру ережелерін белгілеумен айналысуда. Кейбір экологиялық ұйымдар мұндай әрекеттерге толық тыйым салуды ұснып отыр. Осы жылдың шілде айының 29-ы мен тамыздың 2-сі аралығында аталмыш ұйымның мұрындық болуымен өтетін жиында бұл тараптағы өндірісті реттеу мәселелері талқыланады, басылымның жазуынша, Қытай билігі бұл процесте ерекше белсенділік танытып отыр. Белсенділік танытатындай жөні де бар, өйткені, Халықаралық энергетикалық агенттік бұл маңызды минералдарға сұраныстың 2020 жылмен салыстырғанда 2040 жылға қарай екі еседен аса деңгейге өсетінін болжап отыр. Бұл ресурстардың негізгі тұтынушысы - әлемдегі күн батареяларының, электр көліктері мен аккумуляторларының көпшілігін өндіретін Қытай. 2023 жылы таза энергетика секторы Қытайдың жалпы ішкі өнімінің өсіміне 40% үлес қосты. Алайда, Бейжің Оңтүстік Африкадан марганец, Конго демократиялық республикасынан кобальт және Филиппин мен Индонезиядан никел сияқты көптеген ресурстарды импорттауға мәжбүр. Қытай басшылары әлемдегі саяси тұрақсыздық немесе Америка құрама штаттары сияқты бәсекелестердің қысымы салдарынан табиғатта сирек кездесетін элементтерден айырылып қалу  қаупіне байланысты алаңдайды. Қытайдың ұлттық барлау қызметі ресурстар үшін күрес әлемдік державалар арасындағы стратегиялық бәсекелестіктің жаңа майданына айналатынын алға тартып отыр. Қытай IOM аясындағы ықпалын белсенді түрде арттырып, аталған ұйымға қаржылық қолдау көрсетіп, Циндаодағы сияқты оқу орталықтарын ашуда. Қазіргі уақытта пайдалы қазбаларды барлауға 31 лицензия берілген, оның бесеуі қытай компанияларға тиесілі. Бұл лицензиялар Кларион-Клиппертон аймағындағы және басқа да мұхиттық аймақтардағы аумақтарды қамтиды. Қытай компаниялар тек пайдаға қызығушылық танытып қана қоймай, сонымен қатар, Қытайдың жаһандық жеткізу (яғни, табиғатт сирек кездесетін элементтермен жабдықтау) тізбегіндегі позициясын нығайту сияқты өз алдына бөлек үлкен мақсаттар қойып отыр. Бұл үшін олар процестің күрделілігіне және экологиялық тәуекелдерге қарамастан теңіздің тереңінен тау-кен өндіру технологияларын белсенді түрде дамытуға ден қойған. Қоршаған ортаны қорғау ұйымдары әлемдік мұхит тұңғиығындағы тау-кен өнеркәсібінің теңіздің бірегей экологиялық жүйелеріне тигізер ықтимал кері әсеріне алаңдайды. Сондай-ақ, теңіз тереңіндегі тау-кен қазбаларын әскери мақсатта, мысалы, суасты кемесі үшін навигацияны жақсартуға пайдалануы мүмкін. Қытай осы саладағы өз мүдделерін алға жылжытып жатқанымен, Батыс елдері, соның ішінде АҚШ ратификацияланбаған (мақұлданбаған) келісімдерге байланысты бұл бағыттағы талқылауларға қатыса алмайды.

0 пікір
Мұрағат