Қытай мен Ресей шынымен әріптес пе немесе екі алып державаның қатынасы қай деңгейде
Қытай мен Ресей шынымен әріптес пе немесе екі алып державаның қатынасы қай деңгейде
7 жыл бұрын 4261 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерациясының билігі Қытаймен стратегиялық әріптестікті дамытуды алдына мақсат етіп қойғанымен, бұл міндеттің үддесінен шыға алар емес. Бұл бағытта қанша жұмыс атқарылып, қаншама шаруа тындырылса да... міне, табаны күректей 20 жылдан асса да межеленген биікке қол жеткізе алмай отыр. Тіпті, 2001 жылы әлемдегі аса ірі Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы да екі елдің қатынасына серпін бере алмады. Әлбетте, белгілі бір салаларда, атап айтқанда, қауіпсіздік, энергетика, т.б. белгілі бір жетістіктерге жеткенімен екі елдің әлеуетімен салыстырғанда бұл жетістіктер кеменің жанындағы қайықтай көрінер еді. Әзірге екі елдің арасындағы қатынас насихаттық деңгейден аса алмай жатыр. Енді мынадай сауал қойып көрейікші: екі елдің жақындасуынан әлемге қандай пайда бар немесе керісінше (зияны). Бұл сауалға жауап бермес бұрын аталған екі державаның арасындағы қатынастың тереңдемеуінің бірнеше обьективті және субьективті себептері бар? Негізгілері: екеуі де әлемдік саясатта өз орнын әлі іздеп жүр. Бұған қоса, екі елдің тарихында да ұзақ мерзімге одақтасқан кезі болған емес. Екі ел де бір-бірімен стратегиялық әріптестік орнатқаннан гөрі батыс елдерімен жақындасуға мүдделі. Алайда, екі елдің де батыспен бастары бір қазанға сыймайды. Сол себепті, батыстың ықпалына қарсы тұру үшін бір-бірімен әріптестік орнатуға мүдделі. Десе де мұның өзі анау айтқандай ауқамды жобаға айнала қоймады. Ресей де, Қытай да ұзақ мерзімді қатынастың концепциясын жасаған емес. Сол себепті, екі елдің арасындағы тепе-теңдік саясаты әзірше өз-өзін ақтап отыр. Екі елдің экономикалық қатынасы сауда-саттық төңірегінен ұзаған емес. Ал бастапқы сауалымызға қайтып оралсақ, екі елдің жақындасуы батыс елдеріне қолайсыз: ең алдымен Орта Азия және Қиыр шығыстағы батыс елдерінің ықпалын азайтады, екіншіден, екі ел де тоталитарлық режимнің шекпенінен шыға қоймаған ел. Бұл адам құқығын басты орынға қоятын демократиялық құндылықтарға қауіп төндіреді. Үшіншіден... Бұл тізімді осылайша соза беруге болатын еді. Бірақ, біз негізгілерін айттық қой деп ойлаймыз. 

0 пікір
Мұрағат