Қытай билігі ел аумағындағы технология алыптарынан қорқайын деді
Қытай билігі ел аумағындағы технология алыптарынан қорқайын деді
4 жыл бұрын 6009 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдың технологиялық алыптары коммунистік режимнің қатаң қадағалауында. Қытай билігі технологиялық корпорацияларды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін монополияға қарсы ереже мен тетіктерді жетілдіру қамында жанталасып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы CNBC ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осы орайда Қытайдағы технологиялық сектордың еш кедергісіз, тежеусіз өркендегінін айта кетуіміз керек. Өйткені, технология экономиканы алға сүйрейтіні, заман талабына сай тұтынушылық сұранысты қанағаттандыратыны үшін ғана емес, сонымен қатар, Қытайдың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін әрі модернизацияның сәтті жүзеге асқанын көрсететін айна ретінде аталған елдің бәсін асырып, бағытын айқындап келеді. Екінші жағынан, Қытай билігі мұншалықты технологиялық жетістікті социалистік қоғамдық құрылысқа кіріктіру жолдарын жатпай-тұрмай іздестіріп жатыр. Қытай билігі жылдан жылға күшейіп келе жатқан технологиялық алыптардың монополиялық әрекетінен тура мағынасында сескене бастады. Ашып айтпаса да оларды барынша тежеп ұстауға мүмкіндік беретін монополияға қарсы ереженің жаңа жобасы бұл сөзімізге дәлел бола алады. Аталмыш жоба жөнінде жаңалық шыққан бетте технологиялық компаниялардың акциясы күрт түсіп кеткен болатын. Аталған ереже нұсқасында баға белгілеу, төлем тәсілі және мәліметтерді пайдалану тәртібі қарастырылған. Осылайша аталған ел билігі технологиялық алыптардың аяғына тұсау салуды көздейді. Бұған олар көне ме? Гәп осында. Олай дейтініміз, The Wall Street Journal ақпарат көзі жазғандай, таяуда әлемге әйгілі қытай миллиардері Джек Ма елдегі жоғары технология саласын реттейтін ережеге наразылық білдіре отырып, ел билігін сынға алған болатын. Дәлірегі, қазан айының 24-і күні Шанхай қаласында миллиардердің бұл сынын ел билігі Қытайдың қадағалаушы органдарының әрекетін жоққа шығарумен бірдей әрекет ретінде көріп отыр. Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей пәрменімен Ant Group компаниясының (Джек Ма іргесін қалаған Alibaba-ның еншілес компаниясы) акцияларын орналастыруға тыйым салған болатын. Қытайдың қазіргі «көсемі» Си Цзиньпинді білетіндердің айтуынша, оған миллиардер ме, басқа ма, бәрібір, ең бастысы оның ұстанымы мен көзқарасы мемлекет мүддесімен ұштаса ма, осы жағына қатты мән беретін адам ретінде сипатталады. Ant Group биржаға акцияларын орнатса, ел тарихында аса ірі IPO (Initial Public Offering – акционерлік қоғамның акцияларын жария түрде алғаш рет сатуы деп түсініңіз) ретінде аты қалар еді. Қытайда бұл тарапта 2019 жылдың соңына таман арабтардың Saudi Aramco компаниясы 29,4 млрд доллармен рекорд орнатқан болатын. Қараша айының 3-нен бастап Шанхай қор биржасы Джек Маға қарасты компания акцияларын орналастыруға тыйым салды. Келесі күнінде Қытайдың бағалы қағаздарға бақылау орнату жөніндегі комитет «қаржылық-техникалық шарттар мен талаптар өзгерді» деген желеумен листингті тоқтатуды мақұлдаған болатын. Аталмыш реттеуші орган акцияларды асығыс орналастыру өз кезегінде мемлекеттік реттеу жүйесінің құқықтық нормалары бойынша бизнесті жүргізу принциптеріне қайшы келетінін алға тартып, ақталғандай болды. Қытай үлкен нарық. Алайда, бұл елде бизнесті мемлекет мүддесіне жегуге негізделгендіктен биліктің талабымен, социалистік құндылықтармен санасуға тура келеді. 

0 пікір
Мұрағат