Қазақстан сирек жер элементтерінің қорынан әлемде жетекші орынға шығуы мүмкін
Қазақстан сирек жер элементтерінің қорынан әлемде жетекші орынға шығуы мүмкін
4 күн бұрын 793 24.kz

Қарағанды облысы сирек кездесетін металдарды өндіру орталығына айналуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ.

«Центргеолсемка» ЖШС Құйрықтыкөл учаскесінде барлау жұмыстары кезінде шамамен миллион тонналық қорды анықтады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жұмыстар геологиялық барлаудың 2022-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген. 

Анықталған кен орындарында пайдалы қазба бары расталса, Қазақстан сирек жер элементтерінің қоры бойынша әлемде жетекші орынға шығуы мүмкін.

Аталған Құйрықтыкөл учаскесі Қарқаралы ауданында орналасқан. Болжамды алаңды барлаушылар «Жаңа Қазақстан» деп атапты. Мұндағы 300 метр тереңдікке дейінгі сирек кездесетін металдардың жалпы болжамды ресурстары 20 млн тоннадан асады. Оның ішінде сирек кездесетін элементтердің сомасы шамамен тоннасына 700 граммнан келеді. Мамандар мұндай көрсеткіш елімізде сирек екенін айтады.

Нұрлан Мауқұлов, «Орталыққазжерқойнауы» ӨД РММ жетекшісі: - Жобадағы сирек кездесетін элементтердің талдамалық зерттеу көлемі шектеулі болды. Сондықтан осы нысанның маңыздылығын түсінген «Центргеолсъемка» компаниясы іздестіру жұмыстарының едәуір бөлігін өз қаражаты есебінен жүргізді. Осылайша болжамды ресурстарды неғұрлым дұрыс бағалауға және қорларды алдын ала есептеуге мүмкіндік туды. Сандық талдау нәтижелері алынған сынамалардың құрамында неодим, церий, лантан және иттрий басым болатын барлық сирек кездесетін элементтер шоғырланғанын көрсетті.

Қазіргі уақытта біздің еліміз сирек металдар өндіруде жетекші орын алады. Қазақстан – бериллий, тантал мен ренийді толық өндіру циклі бар санаулы елдердің бірі. Тіпті, титанмен әлемдік нарықтың 11%-ін және аэроғарыштық өндіріс нарығының 21%-ін қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, еліміз АҚШ-тың сирек шикізаттық материалдардың тізіміндегі 50 элементтің 19-ын және Еуропалық одақтың тізіміндегі 34 минералдың 21 жеткізе алады. Бұл Қазақстанның маңызды материалдар секторындағы негізгі ойыншы екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл саланы одан ары дамыту мақсатында реформа жүргізілді.

Марғұлан Байбатыров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің төраға орынбасары: - Бірінші келді, бірінші алды деген тұжырымдамамен қазір кез келген инвестор автоматты түрде бос территорияларды барлау жұмыстарына лицензия ала алады. Жер қойнауында тұрған пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік категорияларда олар аукцион арқылы өткізіледі.

Сонымен қатар, еліміздегі пайдалы қазбалар туралы барлық ақпарат шоғырланған арнайы платформа жасақталды. Бұрын бұл деректер қағазда сақталып, көпшіліктің қолы жете бермейтін. Енді пайдалы қазбалар болуы мүмкін аумақтарды зерттегісі келген кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ, өтініш бере береді. Бірақ, мамандар бұл салада әлі шешілмеген мәселе көп екенін айтады.

Мақсат Кембаев, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ геология кафедрасының қауымдастырылған профессоры: - Барлау кезінде қандай қиындықтар туындатады дегенге қарағанда оны тауып алғаннан кейін сол пайдалы компоненттерді, сирек металдарды бөліп алу технологиясын көбірек зерттеуіміз керек. Сол жағына аса көп назар аударуымыз керек. Себебі, бұл мәселе жоғары дәлдікті, заманауи құрал-жабдықтарды, «приборларды» қажет етеді.

Яғни, бұл технологиялар кендегі пайдалы элементтерді толық кәдеге жаратуға көмектеседі.

Сирек кездесетін металдардың 70%-ы Қытайда өндіріледі

Әлемде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары. 4 жыл бұрын бұл нарық 7 миллиард долларға бағаланған. Ал 2030 жылға таман көрсеткіш екі есе артады деп күтіліп отыр. Сирек металдар электроникадан бастап энергетикаға дейін озық технологияларда кеңінен қолданылады. Сұраныстың артуы да осыдан. Қазір өндіріс бойынша Қытай жетекші орында. Австралияның да әлеуеті зор.

Сирек кездесетін металдардың 70%-ы Қытайда өндіріледі

Әлемде сирек кездесетін металдардың 70%-ы Қытайда өндіріледі. Оның жылдық көлемі 270 мың тоннаға дейін жетеді. Көбі экспортқа шығарылады. Содан шығысымыздағы көршіміз былтыр шамамен жарты миллиард доллар пайда тапқан. Салаға мемлекет тарапынан жақсы көмек көрсетіледі. Инвестициялар көлемі жылына 6 миллиард долларға дейін жетеді. Бұдан бөлек, билік экологиялық жағынан қауіпсіз өндіру әдістерін дамытуға қосымша 2 миллиард доллар бөледі.   

Австралия сирек кездесетін металдар өндіруден рекордтық табыс тапты

Сирек кездесетін металдар өндірісі бойынша Қытайдан кейін екінші орында Австралия тұр. 2023 жылы мемлекет оның 20 мың тоннасын өндіріп, 455 миллиард доллар тапқан. Бұл - рекордтық табыс. Кейінгі жылдары Австралия салаға көп инвестиция құйып, түрлі жобаларды іске асырып жатыр. Мысалы, биыл секторды қолдауға қосымша 125 миллион доллар бөлді. Сөйтіп инвестиция көлемі бір миллиард долардан асып кеткен. Осылайша мемлекет  Қытайға тәуелділіктен арылуға ниетті.  

АҚШ Қытайға тәуелділікті азайтуға ниетті

АҚШ-та сирек кездесетін металдар нарығында жетекші орынға ие. Ең ірі кен орындарының бірі Калифорния штатында орналасқан. Мұнда жылына 45 мың тонна металл өндіріледі. Сұраныстың артуына байланысты мемлекет материалды сырттан сатып алады. Негізгі импорттаушылар – Азия елдері. Бұл Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея. Беңжіңге тәуелділікті азайту үшін қазір Дональд Трамп әкімшілігі Украинамен сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасауға әрекеттеніп жатыр.

Авторлары: Асель Абдыкалыкова, Жұлдыз Атагельдиева

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
31 1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 1 2 3 4