Қазақ ақпарат көздерінен: Жаңа авторитаризм және екі ғасыр жобасы
Қазақ ақпарат көздерінен: Жаңа авторитаризм және екі ғасыр жобасы
4 жыл бұрын 1873

Қытай мәдениеті мен өркениеті Батыс үшін де, Шығыс халықтары үшін де ғажайып сырлы әрі жұмбақ болып келеді. Дүниеге танымал төрт өркениеттің ішінде ғасырлар қойнауынан көктей өтіп, үздіксіз жаңаланып, жаңғырып, жаңа қан құйып, билік жүйесі қаншама рет жаңаланса да тегі мен тамырын жоғалтпай, миллиардтаған халықты айрандай ұйытып, бүгінге жетіп отырған бірден-бір өркениет ретінде есте қалып отыр.

Тарихта көрші жатқан көшпелілер осы топырақта Ляо [кидандар], Таң, Юань, Цинь сынды алып империялар құрды. Соңынан Қытай өркениетінің құрамына айналып кетті. Халқымыз айтатын «көп қорқытады, терең батырады», деген осы шығар.

Әр империя ыдырап, тарих сахнасынан шегінгенде бұл үдеріс зобалаңға айналып, зиянын қарапайым халық тартып отыратын бұл құбылыс біртіндеп халықтың менталитетіне айналып кеткен сияқты. 1946 жылы Жапонға қарсы соғыста жеңіске жеткеннен кейін, сол кездегі Қытай компартиясының орталығы - Яннаньға келген бір топ Қытай интеллигенттері төраға Маодан осы қауіпті синдромнан құтылудың жолын сұрағанда, Мао: «Оның жолын таптық, ол – биліктің халықтың қолына өтіп, демократияның салтанат құруы», деп жауап береді. Бұл жауап сол кезде бүкіл интеллигенция мен қарапайым халықтың жүрегіне жол табады. Әрине, кейінгі жағдайдың басқаша болғанын жұрттың бәрі біледі.

Дәстүрлі мәдениет пен интеллигенция және Қытай буржуазиясына арқа сүйеген Гоминь үкіметі үлкен-кіші милитаристерді, көтеріліс жасаған компартияны қатаң жазалағанымен, тұтас Қытайды бірлікке келтіре алмады. Аяғы екінші жиһан соғысына килігіп, Жапон милитаризм шапқыншылығына ұшырады.

«Үш үлкен таудың [империализм, феодализм, капитализм]езгісіне ұшыраған [Маодың сөзі]» Қытай халқы жаңа шығар жолды жаңа «изм» – коммунизмнен іздеді. Әуелі бұл «измді» Қытайға алып келген, насихаттаған - Пекин университетінің мүйізі қарағайдай профессорлары Cheng DuXiu мен Li DaZhao мырзалар болса, ары қарай ішкі соғыс кезінде жалғап кеткендер - талабы таудай, ұлтшыл, орайшыл жастар еді. Қытай компартиясы билікке келгеннен кейін 1955 жылы Парижде шетел журналистері сол кездегі Қытайдың премьер министірі Zhou Enlai мырзадан: «Сіз әлемге Қытайдың көзімен қарайсыз ба, әлде коммунисттің көзімен қарайсыз ба?» деп сұрағанда, Ол: «Мен алдымен Қытайдың өкілімін, одан кейін ғана коммунистпін», деп жауап береді. Кейінгі саяси оқиғалар мен үдерістер Қытай коммунистері үшін әрқандай «изм» билікке жету үшін қолданар тәсіл екені оларға әсте мақсат емес екенін дәлелдеп берді.

Бүгінгі жер шарының саяси, әкімшілік картасы екінші дүниежүзі соғысын аяқтау алдында, одақтастар елінің басшылары Рузвельт, Черчилль, Сталин сынды үш жоян Тегеран, Ялта қалаларында кездесіп, өзара саудаласа, кеңесе отырып қалыптастырғанын бұл күнде елдің бәрі біледі. Сонымен, Неміс, Корей, Вьетнам екіге бөлінді. Кескілескен соғыс жүргізіп жатқан коммунистер мен Гоминь үкіметіне одақтастар тарапынан ChangJiang өзенін шекара етіп, екі билік құру ұсынысы ортаға қойылды. Бірақ, коммунистер бұл ұсынысты қабылдамады.

Қытай негізінен бірлікке келді. Өз халқының менталитетін жақсы білетін, билікке қандай тәсілдермен келгенін ұмытпаған коммунистер ішкі-сыртқы саясатта тегеурінді бағыт ұстанды. Өзгеше ойлайтындар мен билікке иегі қышып ортақтасқысы келетіндердің ешқайсысын аямады. Пропоганданы монополиялап алды. Интеллигенция бұрынғы Гоминь үкіметі заманымен жылап көрісетін болды. Жеке басқа табыну шегіне жетті. Партия мен армияның қатаң бақылауы мен ұйымдастыруында, «үлкен көке» - совет одағының зор көмегімен алғашқы бес жылдық жоспарлар іске асып, экономиканы қайтадан құрып, сауықтыру модернизациялау орындалды. Алғашқы ядролық қаруға ие елдердің қатарына кірді. Әрине, бұның бодауы аз болған жоқ. Аштық, саяси қуғындау, таусылмайтын науқандар, жазықсыз жандардың көз жасы, текке төгілген қаны, бәрі де мемлекет деген алып машинаның мүддесіне қызмет етті.

Билікке Дэнь Сяо Пинь келгеннен кейін ішкі саясатта жалғасты төңкеріс жасап, таптық күресті арқау ету тоқтап, барлық күш экономикалық құрылысқа аударылды. Сыртқы саясатты әлем елдеріне төңкеріс тасымалдау, ішкі істеріне килігу тоқтап, инновация тартып, реформа жасап, есікті айқара ашу басым бағытқа шықты. Нарық дендеп еніп, жерге жекеменшік қалыптасып, халықтың санасында, өмірінде өзгерістер пайда бола бастағанда Қытай қоғамы жаңа қайшылықтарға бет келді. Зат құнсызданып, ақыл-ой еңбеккерлері қиындық қыспағында қалды. Ақшаға табыну басым құндылыққа айналып, ұры-қары мен орайшылдардың жолы болды. Дәрігердің қолынан сатыраштың қолы, мұғалімнің аузынан алыпсатардың айқайы мол табыс көзіне айналды. Бүкіл Қытайды сенім дағдарысы жайлап жезөкшелік, құмарпаздық қоғамның дертіне айналды. Біреулер шығар жолды Батыс демократиясынан іздесе, енді біреулер Конфуций идеясына жүгінді. Реформаторлар мен консерваторлар ашық майданға шығып өліспей беріспеуге қамданды. Мұның соңы 1989 жылы Тяньаньмэнь оқиғасына жалғасып, ішкі соғыстың қауіпі төнді. Кәрі тарлан Дэнь қайтадан сахнаға шығып: «Тұрақтылық – бәрінен де жоғары», деп кесіп айтты. Бас секретарь Джао саясаттан кетті, бейуаз студенттердің қаны төгілді, біраз батысшылдар иммиграцияға кетті. Өз халқының менталитетін, тарихын, халықаралық ойындарды жақсы білетін, талай тар жол - тайғақ кешуден өткен Дэнь ақсақал партия мен армияға сүйене отырып, экономикалық реформаны жалғасты түбегейлі жасады. Марксизм, ленинизм идеялары бірте-бірте қолданыстан азайып, қытайлық ерекшелікке ие социализм теориясы қалыптасып, практикадан өте бастады.

Бас секретарь Джаоның айналасына жиналған еркін ойлы ақылшылдар мен саясаттанушылар ортадан шеттетілді. Қытайға құйған миллиардтаған инвестициясын ойлады ма, әлде басқадай ымыраға келді ме?.. Батыс алғашқы арынынан қайтты. АҚШ елшілігіне қашып барып паналаған демократ ғалым Фан мырзаны экс-мемлекеттік хатшы Киссинджер еліне алып кетті. Қытайға қатаң санкция салынбай, дағдарыс бәсеңдеді.

Батыс ендігі стратегиялық мақсаты «бейбіт жолмен өзгерту» бағытына көшті. 1995 жылы Қытайдың қазіргі бас идеологы Уаң Хуниң мырза Шанхай Фудан университетіндегі басшылық қызметінен ауысып, ҚХР орталық партия комитетінің жанындағы орталық саясат зерттеу институтына келді. Идеология саласында талас тартыс әбден шегіне жетті. «Тегіміз социализм бе, әлде капитализм бе» деген сұрақ төтесінен қойылды. Саяси күресте үш рет құлап, үш рет тұрған прагматик реформатор Дэнь ақсақал «ең жақсы жауап - даму», деп оңтүстік сапарын қорытындылады әрі «реформа жасамаған адамға билікте орын жоқ», деп партияластарына ескерту жасады. Жері кең, жан саны мол көп ұлтты, көп дінді мемлекетке Батыстың жалпыға ортақ, біріңғай құндылықтары сай келмейтінін, компартияның мүмкіндігі таусылмағандығын, орталыққа бағынған тегеурінді билік қана даму мен реформаның кепілі болатындығын теориялық жақтан дәлелдеді. Сонымен, жаңа авторитаризм Қытайдың ішкі-сыртқы саясаттағы бағытын белгілейтін басты идеология болып қалды. Қытайдың экономикалық табыстары әлемді мойындатты. Әлемдегі ең үлкен өндіріс ошағына, экономикалық қуаты АҚШ-тан кейінгі екінші ірі ел деп танылды. Инфрақұрылым ерекше дамыды, шағын қалалар мен ірі қалаларды тұтастырған автобандар өрмекшінің торына ұқсап кетсе, ірі қалалар арасын жоғары қарқынды теміржол тұтастырып тұр. Әсіресе батыс-оңтүстік пен батыс-солтүстікті тұтастырып тұрған екі ірі қала - Чэнду мен Сиянь арасындағы 1000 километр ұзындықты жалғап тұрған жоғарғы қарқынды теміржолдың 800 километрі түгелдей тауды тесіп, туннельмен жалғасып, тарихта «Сычуань жолы – қиямет жолы» деген нақылды ұмыттырды. Ал Гонконг, Макао, Гуаньдонь тұтастыра теңізге салынған көпір тағы бір керемет ретінде айналасын таңдалдыруда.

Бұл күнде үш буын биліктің идеологы атанған Уаң Хунин мырза биліктің ұшар басындағы жеті адамның қатарына кірді. Дэнь ақсақалдың қолайына жаққан, сақа болған оқымысты ешқашан өз атымен сұхбат бермейді, көлбеңдеп көгілдір экранға жүгірмейді. Сабырлы қалпынан жазбай, ішкі ойын бүгіп қалады. Цзянь Цзэминьнің «Үшке уәкілдік ету» идеясы, Ху Цзинь Таоның «Ғылыми даму көзқарасы» Си Цзинь Пиньнің «Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализм» идеясы,  «екі ғасыр» жобасы мен «Жібек жолы: бір белдеу-бір жол» жобасы осы кісінің ақыл парасатымен айналымға шықты. Компартияның билікті сақтап, реформаны тереңдетіп, халықтың тұрмысын жақсартудағы басты бағдарламалық құжаты болып қалды.

Интернет дамып, әлем бір-біріне жақындай түскен, экономикалық текетірес, ақпараттық шабуыл үдеген мына саясиланған дәуірде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімдікі ақиқат, кімдікі сандырақ, деп таласып, екілеудің керегі жоқ. Билікті қолдан шығармай, нақты жұмыстармен айналысып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту басты нысана болуы керек. Ол үшін дамушы елдерді тегеурінді басшы ғана билікті ортаға шоғырландыра отырып, мемлекетті алға сүйрейді. Әрине, мұндай тұжырымға бас идеолог ойжота келе салған жоқ. Қытайдың бұрынғы-соңғы тарихын жақсы білген әрі өз ұлтының менталитетін, осал жерін тамыршыдай дәп басып барып келген болу керек. Екі жаһандық соғыстан кейінгі Азия, Африка, Латын Америкасы тарихындағы саяси дағдарыстар мен ішкі соғыстардың тәжірибесінен ащы сабақ алған болу керек. Қытайдың кедейшілікпен жүргізген күресінің 70%-ы орындалғанын БҰҰ мойындап отыр. Былтырдан бергі пандемиямен күресте өз халқының шып-шырғасын шығармай, әкімшілік ресурстарды қатаң қолдана отырып індетті тізгіндегенін еске алсақ, авторитаризм Батыстың сынына қаншама ұшыраса да заңдық танымы төмен, мәдениет өресі шекті дамушы елдерге керек екенін мойындамасқа шара жоқ.

Мао бастаған бірінші буын басшылар қарулы күрес арқылы билікті тартып алып, Қытайды біріктірді әрі аяғынан тұрғызды. Ал Дэнь бастаған басшылар Қытайдың экономикасын көркейтіп, дамудың даңыл жолына түсіріп, көкжиегін кеңейтті. Енді Си бастаған бесінші ұрпақ жаңа технология мен партиялық идеологияға сүйене отырып тілді, дінді, ұлтты тұтастандырып, құдіретті «қытай арманын» іске асырмақшы. Бұның бәрі жоғарыдағы «екі ғасыр жобасында» айқындалып, теориялық жақтан тұрақтандырылған.

Осы жылы шілде айының бірі күні Қытай компартиясының дүниеге келгеніне жүз жыл толса, алда  2049 жылы ҚХР-ның жүз жылдығы аталып өтеді. Жоспар бойынша алғашқы жүз жылда Қытай бүкіл инфрақұрылымды жаңартып, кедейлерді сүйемелдеу жоспарын 70%-ға орындаған. Марсты игерген Қытай келесі мерейтой қарсаңында экологиясы жақсарған, инновациясы күшейген, жоғарғы технологияға арқа сүйеген құдіретті елге айналмақшы. Сонымен бірге «әлемдік қалыптасқан тәртіпте өзгертуші емес, керісінше толықтырушы болмақшы». Қытайдың экс-сыртқы сауда министірінің орынбасары болған, ұзақ жыл Қытайдың дүниежүзі сауда ұйымына кіру үшін құрылған комиссияның бас өкілі болған, кейін Боау форумының бас хатшы әрі негізгі ұйымдастырушысы болған, ашық ойлы пікірімен Батыс сарапшылары санасатын Long Yingtai мырзаның пікіріне жүгінсек, «біріншіден, қай заманда бүкіл әлемнің сорпа бетіне шығарлары балаларын Қытайға жіберіп оқытады, керісінше, бүгінгі замандағыдай ұрпақтарымызды Америка Европаға жібермейміз? Екінші, қай заманда жер шарының жастары Қытайдың киносын, мәдениетін, кітаптарын сүйіп оқитын болады, керісінше, бүгінгідей Америка мен Европаның кино, кітаптарын көріп музыкасын тыңдамаймыз? Үшінші, қай заманда жер шарының тұтынушылары Қытайдың атақты маркаларын алдымен тұтынады?» Long мырзаның отандастарына қойған үш сұрағы біраз нәрсенің күрмеуін шешіп, жауабын тауып бергендей. «Қытай арманы» іске асып жатса, ежелгі өркениеттің отаны, әлемдік инновацияның көшбасшысына айналып, жер шарының толық қанды мүшесі ретінде көптеген жауапкершілік арқалауы сөзсіз.

19 ғасырда Наполеон Бонопарт сырлы Шығыс туралы: «Ұйқыдағы арыстанды оятпаңдар», деп өсиет қалдырса, 1949 жылы Мао Тяньаньмэнь алаңында «бүгіннен бастап Қытай орнынан тұрды», деп жариялады. Біз қалайық-қаламайық, сақтанайық-сақтанбайық, Қытайдың орнынан тұрғаны рас! Айналасына өктемси қарап, әлемдік саяси ойындарың ортасына бел шешіп кірісіп кетті. Жан-жақтан жақтастар іздеп, жаңа жобалармен көршілерін тартуда. Неміс философы Карл Смиттің жаңа мемлекетшілдік идеологиясын өзіне үлгі еткен, жаңа авторитаризм жолымен жүрген Солтүстік Корея синдромы - мұрагерлік механизм қалыптаспаған екі алып держава - Ресей мен Қытайдың ортасында қалған, Орталық Азия бойынша бірден-бір билік транзитін бейбіт жолмен ауыстырған Қазақстанға қаншалық талдау мүмкіндігі бар? «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып ал», дегендей, екі алыптың арасынан жол тауып, әлемдік өркениетке, жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарға қарай жол тарту оңайлыққа түспес, жаңа президент үшін он ойланып, бір кесетін нәзік те күрделі мәселе болмақ. Талай тайғақтан жол тауып, бүгінге жеткен Алаш баласын тәңірім өзі жебер.

Қорған Тұранұлы

Abai.kz

Ұйғыр тұтқын терген мақта: H&M, Nike Қытайдағы мұсылмандарға қолдау білдірді

Nike, H&M, Zara және Adidas сынды батыс брендтері Қытайдан мақта алуды тоқтатқалы Қытай да киім-кешек брендтеріне қарсы науқанды күшейтті. Бұл брендтер Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды жұмысқа жегу арқылы мақта өсіріп жатыр деп алаңдайды. Бұған қоса Пекин өзіне ұнамаған Батыс әншілеріне де шүйлікті.

Батыстың киім-кешек шығаратын брендтері Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандардың күшін пайдаланып өндірген мақталарын өздеріне сатып жатыр деп алаңдайды. Биыл АҚШ, Еуропа, Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысымына байланысты санкция салған соң брендтер де Шыңжаңда өсірілген мақтаға бойкот жариялауды ойластыра бастаған. Пекин де қарап отырған жоқ.

ПЕКИННІҢ БАТЫС БРЕНДТЕРІМЕН ШАЙҚАСЫ

Қытайдың кеден бас басқармасы 3 маусымда батыстағы сексеннен аса брендтің тіккен киімі, аяқ-киімі, ойыншығы, тіс щеткасы мен басқа да заттары «бала өміріне қауіпті» деп айып тақты. Кеден басқармасы Nike, H&M, Zara, Ralph Lauren, Gap, Uniqlo және GAP киімдерінде «химиялық зиян қоспа мен бояғыш» бар дейді.

Пекин даниялық LEGO ойыншығын да «балаға зиян» деп айыптады. Қытайдың кеден органы «зиянды заттар 2020 жылдың маусымы мен 2021 жылдың мамыры кезінде жүргізілген тексеріс кезінде анықталды» дейді.

Nike дүкенінің алдынан өтіп бара жатқан тұрғын. Пекин, 2 маусым 2021 жыл.
Nike дүкенінің алдынан өтіп бара жатқан тұрғын. Пекин, 2 маусым 2021 жыл.

Батыс басылымдарының жазуынша, кеден басқармасының тізімі жарияланған соң Қытайда әлеуметтік желіде брендтерді жаппай сынау басталған.

Жыл басында Қытай әншілері мен шоу-бизнес өкілдері шетелдік брендтермен серіктестікті тоқтатқан еді. Олар шетелдік брендтерді даттап, Қытай брендтерін мақтаған, жұртты елде тігілген киімдерді алуға шақырған.

Мемлекеттік телеарналар кадрда қандай да бір адам шетелдік киім киіп тұрса, ондағы брендтердің эмблемасын жауып тастайды. Бұған қоса, Пекин шетелдік бірнеше брендтің сайтын бұғаттады, Қытайдан онлайн тапсырыс қабылдай алмайтындай қылды. Осыдан соң кей брендтер Қытайдағы дүкенін жабуға мәжбүр болды. Ал батыс брендтерінің ашық тұрған дүкеніне таксимен бару қиын, себебі олардың мекенжайы онлайн карталарда көрсетілмейді.

Қытай басында H&M, Zara және Nike брендтеріне көп шүйліккен. Кейін бұл қатарға Adidas, Puma, Burberry, Converse және басқа да брендер қосылды.

2020 жылы желтоқсанда халықаралық Newlines институты арнайы зерттеу қорытындысын жариялап, Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп мақта өндіруге жіберіп жатыр деп мәлімдеген. Британиялық ВВС сайты да Шыңжаңдағы жұрттың мәжбүрлі түрде мақта теріп жатқанын жазған.

1.4 миллиард халқы бар Қытай – батыс брендтері үшін тұтынушысы көп нарық. Reuters дерегінше, швециялық H&M үшін Қытай табыс бойынша төртінші орында. Бұл брендтің Қытайда 505 дүкені бар және былтырғы табысы – 9,75 млрд швед кронын құраған (11 млрд доллардан астам). Ал Adidas 2020 жылғы 18,4 млрд еуро табысының 4,3 млрд еуросы Қытайдан түскен.

Шыңжаң мақтасына бойкот жариялау туралы сөз шыққалы H&M, Nike, Adidas, Inditex брендетінің акциясы бірнеше пайызға азайып кетті. Қазір Шыңжаңдағы жағдайға байланысты бұл брендтер екі оттың арасында қалды. Олар Шыңжаңдағы жағдайды сынауды жалғастыра берсе, Қытайдағы табысын жоғалтпақ. Ал Қытайды қолдаса Батыстағы тұтынушылар мен құқық қорғаушылардың қаһарына ұшырайды.

Қытаймен текетірес ушыққан тұста, биыл наурызда H&M компаниясы арнайы мәлімдеме жасап, «Біз Қытайдағы клиенттеріміздің, әріптестеріміздің және іскерлік серіктестеріміздің сенімін қайтаруға тырысамыз» деген. Пекин бұл мәлімдемені «екінші сортты пресс-релиз» деп сынап, компаниядан тікелей кешірім сұрауды талап етті.

Батыс брендтерімен тартыс күшейгенде кореялық FILA мен жапониялық Muji брендтері Шыңжаңның мақталарын пайдалана беретінін мәлімдеді.

Еуропа одағының Қытайдағы сауда палатасының басшысы Йорг Вуттке Bloomberg сайтына берген пікірінде брендтер Қытай мен батыстың тартысының басылғанын күткеннен басқа «амалы жоқ» деп санайды.

«Қиын жағдай. Себебі былтыр Қытай нарығы талай компанияны құтқарып қалды. Бір жағынан, саяси қысым да өршіп тұр. Әсіресе Шыңжаң тақырыбына келгенде компаниялардың істер амалы жоқ» дейді ол.

Наурызды Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин Пекиндегі брифингте «Қытай кейбір шетелдіктерге біздің күрішті жеп алып, қытайлық мискиді (кесеге ұқсас ыдыс – ред.) сындыруға мүмкіндік бермейді» деген еді. Оның бұл сөзі Пекин өзін сынайтын, бірақ Қытай нарығынан пайда тапқысы келетін компанияларға төзбейді дегенді меңзейді.

Шыңжаң – мақта өндіру бойынша әлемде жетекші орын алатын өңірлердің бірі. Бұл аймақ көптеген батыс компаниясын шикізатпен қамтамасыз етеді.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда арнайы лагерьлер ашып, онда миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды ұстап отыр. Пекин бұл лагерьлерді «кәсіп меңгеру орталығы» деп атайды, ал Шыңжаңдағы әрекетін «экстремизммен күрес» деп сипаттайды.

ҚЫТАЙДЫҢ ШОУ-БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КҮРЕСІ

Қытай билігі өзіне ұнамайтын саяси тұлғалармен кездескен және түрлі саяси оқиғалар жайлы пікір білдірген әншілерге де цензура қолданады.

Өткен аптада Қытайда америкалық «Friends: The Reunion» шоуы көрсетіле бастаған. Бірақ Қытайдағы көрермен шоуға қонаққа келген америкалық Lady Gaga (Леди Гага), канадалық Джастин Вибер, оңтүстік кореялық BTS тобын таппай қалды. Оларды шоудан қиып тастаған.

BTS тобы
BTS тобы

Пекин бұл әншілер «Қытайды қорлаған» деп санайды. К-поп жанрындағы танымал BTS тобының мүшесі REM былтыр «1950-53 жылы Корей соғысы Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың ортақ мұңы және жүрек ауруы» деген еді. Корей соғысында Солтүстік Кореяны қолдаған Қытай бұл сөзге шамданып қалды. BTS тобының Қытайда фанаты көп. Қытайлық Weibo желісінде К-поп тобына бес миллионнан астам қолданушы жазылған.

Ал Lady Gaga 2016 жылы Тибет буддашыларының рухани көсемі Далай Ламамен кездескен еді. Қытай шетелге қашып кеткен Далай Ламаны Тибет сепаратизмінің басшысы деп санайды. Бұған дейін Далай Ламамен кездескен әлемдік бірнеше жұлдыздың Қытайда жоспарланған концерті өтпей қалған еді. 2016 жылы америкалық әнші Селена Гомес Далай Ламамен кездескен соң Гуанжоу мен Шанхайдағы концерті өтпеді. 2015 жылы америкалық Maroon 5 тобының Шанхайдағы концерті де болмай қалды. Концерт алдында топ мүшелерінің бірі Далай Ламамен жолыққан еді.

Lady Gaga
Lady Gaga

Канадалық әнші Джастин Вибер 2014 жылы Токиодағы Ясукуни храмына барғаны үшін Қытайдың «қара тізіміне» енген. Жапония бұл храм ел үшін және император үшін жанын пида еткен барлық жауынгерге арналған деп санайды. 20-ғасырдың алғашқы жартысында Жапония жаулап алып, біршама уақыт өзіне бағынышты қылған Қытай мен Корея «Ясукуни храмы – жапон басқыншылығының символы» деп санайды.

Қытайда америкалық ситкомдардың (шағын комедиялар) біразына тыйым салынған.

Венгрия халқы Қытай университетінің салынуына наразы 

Венгрия халқы елде Қытай университетінің кампусын ашуға наразы. Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзі мәлім етеді. Олар биліктің Қытаймен етене байланысы Бейжіңнің Еуропадағы ықпалын арттырады деп алаңдайды. Аталған жобаны қаржыландыру үшін Венгрия үкіметі Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алмақ. Сондай-ақ кампус студенттерге қолжетімді баспана салынады деп жоспарланған жерге салынады. Будапеште өткен шеруде наразылар осы мәселені айтып, қарсылық білдірді.ал ел премьер-министрі Виктор Орбан үкіметі шанхайлық университеттің ашылуы венгриялық және халықаралық студенттерге жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік береді деп санайды. 27 сәуірде Венгрия Фудан университетімен 2024 жылға қарай Будапеште кампус ашу туралы стратегиялық келісімге қол қойды. Ал мамырдың басында Бейжің мен Будапешт Венгриядағы Шанхай Фудань университетінің филиалын құруға келісті. 8 мың қытайлық студенттерге арналған Будапешт кампусының құны – 1,5 миллиард еуро. Элиталық университет ҚХР Коммунистік партиясы мен Қытайдың арнайы қызметтері үшін кадрлар ұстаханасы саналады. Венгрия соңғы бірнеше жыл ішінде Қытаймен қарқынды стратегиялық серіктестік орнатты. Нәтижесінде, Будапешт ҚХР үшін Еуропалық одақтағы маңызды «қақпаға» айналды. Мысалы, Еуроодақ Гонконгтағы сайлау заңнамасына байланысты Қытайға қарсы шара қолданбақ еді, Будапешт қарардың қабылдануына екі рет кедергі келтірді. Сәуірдің ортасында Венгрия Гонконгтың мәртебесі туралы Еуропалық резолюцияны да кері қайтарды. Виктор Орбан өзінің Қытайға қатысты саяси бағытын коммунистік елге деген «махаббаты» емес, прагматизммен байланыстырады. Негізінен Орбан Ресей, Орталық Азия және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуды 2010 жылдан бастаған. Яғни Қытайдың Венгрияға деген ықпалы 2010 жылы Орбан билікке оралғаннан кейін күшейді. Қызметке келе сала ол «Шығысқа ашылу» саясатын бастап, инвестиция тарту үшін Бейжің мен Мәскеуге қайрыла бастады. Үкімет ғаламдық қаржы дағдарысынан осылай шықпақ болды. Ал Будапеште қытай университетін салу келісімі Қытаймен жақындасудың бірден-бір көрінісі болып отыр.

Арай Жұматай 

"The Qazaq Times"

 

0 пікір
Мұрағат