Қасіретті өлім тағы бір елде заңдастырылды
Қасіретті өлім тағы бір елде заңдастырылды
5 жыл бұрын 3700 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Тағы бір ел эвтаназияны заңдастырып жіберді. Жаңа Зеландия парламентінің 70 депутаты жақтап, 50-і қарсы шығып, ақыры эвтаназияны қолдануға рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Бұл жайында аталған елдің New Zealand Herald ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш заң жобасы табаны күректей екі жыл бойы қоғамның қызу талқысынан өтті. Талас-тартыс болды. Аталған заң талаптарына сәйкес эвтаназия дәрігерлердің диагнозынан кейін рұқсат етіледі, яғни, жазылмайтын ауыр сырқатқа шалдыққан әрі ары кетсе алты айлық өмірі қалған науқасқа ғана қолданылады. Алайда, заңның қолданысқа енуі үшін халықтың келісімі керек, осы мақсатта келесі жылы арнайы референдум өткізіледі. Алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсетіп бергендей, жаңа зеландиялықтардың 72%-ы эвтаназияны қолдаған. Діни құндылықтар ұмыт қалған қоғам Жаратқанның асыл аманатына қиянат жасап, өз жанын өз еркімен қиюды өз-өзіне қол жұмсаумен қатар қоймайтыны өкінішті. Осылайша эвтаназия деп аталатын осынау жат құбылыс қанатын кеңге жайып келеді. Естеріңізде болса, бұл тақырыпта кезінде сайтымыздың жаңалықтар таспасында жариялаған материалдарымызда эвтаназия турасында азды-көпті хабардар еткенбіз. Кеңінен тарқатып айтсақ, ең алғаш рет Голландияда 2001 жылы рұқсат етілген эвтаназияны аз уақыттың ішінде  он шақты ел заңдастырып тастаған болатын. Голландияда жасы он екіден асқандарға заң жүзінде эвтаназияны қолдануға рұқсат етілген. Сондай-ақ, Белгияда, Швейцарияда (естеріңізде болса, аталмыш елде» суицидтік туризм» деп аталатын туризмнен пайда тауып отырғаны турасында жазып өткенбіз. Қараңыз: «Ақтық сапарға аттандыратын ажал туризмі жайлы білесіз бе» деген материалымызда былай деп жазыппыз: Бүгінгі таңда эвтаназия процедурасы емі жоқ науқастарға қолданылады. Көбінесе батыс елдерінде. Алайда, кейінгі кезде өмірден қажыған, түңілген жандарға да эвтаназия қолданылатын болып жүр. Мәселен, Белгиядағы емханалардың дені христиан әулиелерінің атымен аталғанымен өз-өзіне қол жұмсаумен бірдей күнә саналатын эвтаназия жиі қолданылады. Бастапқыда, дәлірегі, 2002 жылы эвтаназия аталған елде емі жоқ науқастарға ғана қолданылса (209 адам), "заңдастырылған өлімнен" көз жұмғандар қарасы 2017 жылы 2309 адамға жеткен. Бұл тек ресми дерек. Көбіне дәрігерлер мұндай ақпаратпен бөлісе бермейді. Ал еуропалық тағы бір елде - Голландияда эвтаназия заңдастырылғалы бері елдегі өлім-жітімнің жалпы санына шаққанда эвтаназиядан бақилық болғандар қарасы 4,4%-ға жеткен. Адам құқығын желеу еткен қоғамда адам өз өміріне қожайын. Тіпті, өлім мәселесінде де. Бұл парадигмада Құдай туралы ұғымға орын қалмаған. Сонымен қатар, Швейцарияда "өлім туризмі" барын біреу білсе, біреу білмес. 4 мың еуроға эвтаназия процедурасы қолданылады. Жылына шамамен 150-200-ге тарта турист науқас осы елдегі эвтаназияны пайдаланады), Германияда, Швецияда, Мексикада, Израилде, АҚШ-тың бірқатар штатында, т.б. заңдастырылған. «Батыстан қараңғылығын ерткен бұл құбылыс та ақырын басып, Азияға келді» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/batystan-qarangylygyn-ertken-bul-qubylys-ta-aqyryn-basyp-aziyaga-keldi-9846/#gsc.tab=0) деп аталатын, осыдан екі жыл бұрын жарияланған материалымызда Үндістанда да эвтаназияға рұқсат етілгені турасында айтып өткенбіз. Эвтаназия беті бері қарамайтын науқастың келісімінсіз жасалмайды. Егер ол комада жатса немесе тіл қату, т.б. жолдармен тілегін жеткізе алмаса, яғни, ақтық тілегін жеткізуге қабілетсіз деп танылса, ол үшін шешімді ресми қамқоршы болып тағайындалған тұлға (туысы, т.б.) қабылдайды. Мұның адамгершілікке теріс жағын былай қойғанда зайырлы қоғамға тән заңнама тұрғысынан да ақтап алуға келмейтін кілтипаны осында. Бұдан бөлек, медицина мамандығын таңдаған студент ең алдымен Гиппократқа ант береді. Науқасқа қастық қылмауға. Осы жағынан да қайшылыққа толы екенін айта кету керек. Жалпы, эвтаназияның екі түрі бар: активті және пассивті. Активтісі – жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың өз еркімен өзінің өліміне келісімін беруі болса, пассивті түрі – ем қонбайтын науқастың ем-домнан өз еркімен бас тартуы. Пассивті эвтаназияда науқастың одан ары өмір сүруіне қажетті дәрі-дәрмектің берілуі тоқтатылады.  Жалпы медициналық көмектен толық бас тартады. Науқастың медициналық қолдаудан бас тартуына байланысты оны ешкім күштеп емдей алмайды. Өйткені, бұл оның жеке өмірі мен қалауына, таңдауына қол сұғуға тыйым салатын конституциялық құқығына қайшы келеді. 

0 пікір
Мұрағат