Планетаны жел энергиясымен құтқарып қалуға болады
|
Жел энергетикасының ғаламдық кеңесінің (Global Wind Energy Council, GWEC) мамандары жаһандық жылыну қарқынының бетін қайтарып, климат дағдарысының одан ары тереңдеуіне жол бермеу үшін жел электр стансаларының санын жжыл сайын төрт есеге арттыру керектігін алға тартып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы lenta.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тарапта арнайы зерттеу жүргізген ғалымдардың келтірген дерегіне қарағанда, соңғы екі жыл бедерінде жаңа жел жобаларын қолданысқа енгізу қарқын алған. 2020 жылы жел энергиясынан 95,3 гигаватт, ал 2021 жылы 93,6 гигаватт қуат өндірілген. Осылайша күллі әлем бойынша барлық жел генераторларынан өндірілген қуат 837 гигаваттқа жеткен. GWEC өкілдері АҚШ пен Қытай билігін жел қондырғыларының санын қысқартты деп айыптап отыр. Қытай жел турбиналарын орнатуды ынталандырудан бас тартты, ал АҚШ электр станцияларының құрылысы COVID-19 пандемиясына, сондай-ақ, жеткізу тізбегіндегі мәселелерге байланысты зардап шекті. Жел энергетикасының секторы өрлеу үстінде болғанымен мамандар бұл жетістіктің өзін жеткіліксіз санап отыр: 2050 жылы көміртектан ада көрсеткішке жету үшін жел қондырғыларының санын күрт арттыруды, дәлірегі, жыл сайын әдеттегіден төрт есе көбейтуді ұсынып отыр. «Қазіргі қарқынмен жүрсек, 2030 жылға қарай Цельсия бойынша 1,5 градус шегіндегі межеде жаһандық жылыну қарқынын тежеуге қажетті жел энергетикасының қуат мөлшерінің үштен екісінен де аз деңгейде қаламыз. Бұл алға қойған климаттық мақсатымызға жеткізбейді»,- деп мәлімдеді GWEC. «Әлемдік экономика мен тұтынушыларды қазбалы отын бағасының құбылмалылығы мен жоғары бағамен бетпе-бет қалдырған өткен жылдың қорытындысы жасыл энергияға көшуіміздің бей-берекет жүріп жатқанын көрсетеді», деп мәлімдеді GWEC бас директоры Бен Бэквелл. Осы орайда 2016 жылы 175 елдің ғаламдық орташа температураның өсу көрсеткішін өнеркәсіптік индустриялық кезеңге дейінгі деңгеймен салыстырғанда Цельсия бойынша 1,5 градустан асырмауда мақсат еткен Париж келісіміне қосылғанын айта кету керек. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлметінше, климат дағдарысына себеп болып отырған жаһандық жылыну қарқынын тежеу үшін, дәлірегі, әәлемдік орташа ауа температурасын бойынша Цельсия 1,5 градустан асырмау үшін 2030 жылға дейін атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының деңгейін 45 пайызға жетуі тиіс.