Күллі әлем металдың бір түрінен тапшылық тартады
|
Жасанды зерде технологиясының қарыштап дамуына байланысты күллі әлемде мыс тапшылығы орын алады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде BHP Billiton тау-кен компаниясының сарапшыларының болжамына жөн сілтеген Financial Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Энергия шығыны жоғары есептеу жүйесін қажет ететін дерек орталықтары мен жасанды зерде технологиясының дамуына байланысты 2050 жылға таман мысқа жаһандық сұраныс мөлшері жылына 3,4 миллион тоннаға артуы мүмкін екенін ескертті аталмыш копһмпанияның бас қаржы директоры Бандита Пант. Қазіргі уақытта дерек орталықтары мыстың бір пайызынан азын тұтынғанымен, көп ұзамай, дәлірегі, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш алты-жеті пайызға жетеді. 2050 жылға қарай мысқа әлемдік сұраныс 2021 жылғы 30,4 миллион тоннадан 72 пайызға артып, жылына 52,5 миллион тоннаға жетеді. Осынау металл түрі негізінен электр кабелдерін, электрмен жүретін көліктерді және күн фермаларын қоса алғанда, жаһандық жылынуға себеп болып отырған көміртектен ада аймаққа айналу секілді іргелі мақсаттарға жетуге қажетті бірқатар салалар мен өнімдерде қолданылады. Дегенмен, Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, бүгінде мысқа әлемдік сұраныс азайып келеді. Оның басты себебі – Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығының құлдырауы. Осыған байланысты 2025 жылы мыстың бір тоннасы 10 мың доллардан аспауы мүмкін. Мамыр айында бұл түсті металл тарихта алғаш рет мейлінше қымбаттады - тоннасына 11 мың доллар. Десе де содан бері баға шамамен 20 пайызға арзандаған.