Жаһан: Солтүстік Корея тұрғындарының елден қашуы жиілеп кетті (видео)
Жаһан: Солтүстік Корея тұрғындарының елден қашуы жиілеп кетті (видео)
8 жыл бұрын 2589 24.kz reporter.com.ua Ернат Қашқынов

Солтүстік Корея азаматтарының елден қашу деректері жиілеп кетті. Осындай оқиғаның бірі Гонконгта болған. Қытайдың осы қаласына математикадан пәндік олимпиадаға қатысуға келген бір студент Оңтүстік Корея консулдығына барып саяси баспана сұрады. Осы өтініштен кейін консулдық ғимаратының күзеті күшейтіліп, айналасын полиция бақылап отыр. Оңтүстік Корея дипломаттары осы оқиғаға орай ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Солтүстік Кореядағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер де елден безе бастапты. Қазір Қытайда жүрген осындай 4 тұлға өзге бір елге көшуге дайындалып жатыр. Ресми Сеул бұл Солтүстік Кореядағы қиын жағдайдың және Ким Чен Ын билігіне халық наразылығының айғағы деп санайды.

Йемен халқы бір жұтым суға зар болып отыр (видео)

Қақтығыс пен дағдарыс жайлаған Йемен астанасы Сананың халқы бір жұтым суға зар болып отыр. Тіршілік көзіне қол жеткізу үшін тұрғындар ұзақ кезекте тұруға мәжбүр. Оның өзінде суды үкіметтік құзырлы органдар емес, жекеменшік жеткізушілер әкелуде. Ел астанасы Санада су таситын көліктер көшеге орнатылған қоймаларды толтырып жатыр. Ал тұрғындардың тіршілік көзін сарылып күткеніне біраз болған. Олар көліктер кеткен бетте лап қоюға дайын тұр. Халықты сумен қамтамасыз етуге келгенде үкіметтік мекемелер мүлде қауқарсыз. Олардың міндетін қазір жекеменшік ұйымдар өз мойнына алған. Анджела Әбу Исбаа, азаматтық белсенді: - Адамдар ауызсусыз отыр. Сондықтан, әр көшенің бұрышына арнайы қоймалар орнатуға тура келуде. Бірақ су тасушылар оларды күніне бір рет толтырып, 2-3 күннен кейін бір-ақ келеді. Белсенділер бұған дейін ел бойынша 4 миллион тұрғынға тіршілік көзін жеткізгенін айтады. Бірақ, бұл мардымсыз. Жалпы Йемен әлемдегі су қорының тапшылық тауқыметін талайдан тартып келе жатқан елдің бірі. Жергілікті жұртты тығырыққа тіреп, өмір сүру жағдайын ауырлатып отырған мәселе тек бұл ғана емес. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша халықтың 80%-ына азық-түлік пен дәрі-дәрмек жетіспейді. Мұхсен әл-Агбари, жергілікті тұрғын: - Су мәселесі Йемендегі ең маңызды проблеманың бірі болып саналады. Ең сорақысы, бұл түйткілді үкіметтік қызмет көрсету орындары шеше алмай отыр. Олардан халыққа қайыр жоқ. Мұхаммед әл-Асади, ЮНИСЕФ өкілі: - Йеменде 19 миллион 300 мыңнан астам адам ауызсу жеткізу қызметіне мұқтаж. Сонымен қатар, айналадағы тазалықты сақтау ісі де қатты ақсап  тұр. Осы сияқты өткір мәселелер Йеменде бұрын-соңды болмаған еді. ЮНИСЕФ жергілікті сумен қамтамасыз ететін мекемелермен және азаматтық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. Айта кеткен жөн, Йеменде 2014 жылы үкімет әскері мен шиіттік бүлікші хуситтер арасында соғыс басталып, кейін «Ирак пен Левант лаңкестік тобы» мен «әл-Каида» содырлары елге басып кірді. Бұрынғы мемлекет басшысы Әли Абдалла Салехтың жақтастары мен хуситтер қазіргі Президент Әбдіраббы Мансұр Хадиге қарсы бас көтерген еді. Былтыр бұл қақтығысқа Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің коалициясы қосылды. Әскери одақтың мақсаты – Хадидің билігін сақтап қалу. Содан бері қырғыннан 9 мыңнан астам адам қаза тапты. Құрбандардың жартысы бейбіт тұрғындар. Тағы миллиондаған йемендік босқынға айналды.

 

0 пікір
Мұрағат