Йемен халқы аштықтың алдында (видео)
|
Йемендегі экономикалық жағдай ушығып барады. Әсіресе, біраз бөлігін бүлікші хуситтер басып алған Таиз қаласының тұрғындары дағдарыс күрмеуіне байланған. Ал, жергілікті билік қаржылық қиындықтарды шешу үшін ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Сарапшылар халықтың шыдамы таусылуға жақын деп отыр. Таиз қаласы бір кезде елдегі ең ірі индустриалды базасына айналған. Қазір осы шаһарды жоқшылық жайлаған. Тұрғындар өмір сүру үшін бірінші кезекте қажетті заттарға зар болып қалды. Мұнда тауар бағасын бақылайтын құзырлы мекеме түгілі, экономикалық-әлеуметтік жағдайға жауапты үкімет тетігі атымен жоқ. Осындай бей-берекетсіздікті көрген саудагерлер азық-түлік бағасын аспандатып жіберген. Келешегіне күмәнмен қараған жұрт шамасы келгенше қамданып жатыр. Юсуф Мұхаммед, Таиз тұрғыны: - Жақында халық аштыққа қарсы бас көтергелі жатыр. Себебі, жоқшылық жергілікті азаматтардың тынысын тарылтып, қос бүйірден қысып барады. Мысалы, бүгін бір сөмке ұн 30 доллар тұрса, басқа алыпсатар оны 34 долларға сатуда. Осылай қолға өткен сайын бағасы қымбаттап жатыр. Йемен араб әлеміндегі ең кедей мемлекетке айналды. Ел экономикасы тек импортқа негізделген. Бірақ, орталық банк шетелдік валюта қорын тауысуға жақын. Қаланың біраз бөлігін жаулап алған бүлікшілер тауарлар жеткізетін жолдарды жауып тастады. Сарапшылар халық аштан қырылуы мүмкін деп қауіптенеді. Абдулла Әл-Себейс, экономикалық сарапшы: - Экономика есепке құрылған. Қазір бізде ешқандай қаражат жоқ. Үкімет жоқтың қасы. Саясат дұрыс жолға қойылмаған. Осының кесірінен елден береке кетті. Экономикамыз құрдымға кетіп барады. Йеменде 2 жылдан бері үкімет әскері мен шиіттік бүлікші хуситтер арасында соғыс жүріп жатыр. Былтыр бұл қақтығысқа Сауд Арабиясы бастаған араб елдерінің коалициясы қосылды. Әскери одақтың мақсаты – Абд-Раббу Мансұр Хадидің билігін сақтап қалу. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 7,5 мыңнан астам адам ажал құшқан. Марқұмдардың тең жарымы – бейбіт тұрғындар. Бұдан басқа, 3 миллионға жуық тұрғын босқынға айналды. Қазір 14 миллионнан астам халық азық-түлік тапшылығын сезінуде.