"Гендерлік теңдік" патриархалдық тәртіп үстемдік еткен елде де өз тәртібін орнатуда
"Гендерлік теңдік" патриархалдық тәртіп үстемдік еткен елде де өз тәртібін орнатуда
7 жыл бұрын 4228 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Сауд Арабиясында соңғы 4 жылдың ішінде жұмысқа тұрған және жұмыс іздеген әйелдер қарасы артып келеді. Қатаң патриархалдық үстемдік еткен әрі консерватизм жайлаған қоғамда тек ері немесе туысқан ер-азаматтардың рұқсатынсыз қия баспайтын әйелдердің жұмысқа тұруы әлем жұртшылығын елең еткізген айтулы жаңалыққа айналды. Әйелді отбасы, ошақ қасынан сүйрегендей етіп алып шыққан капиталистік қоғамның темірдей тегеуіріні ме әлде жоқшылықтан пайда болған мұқтаждық па я болмаса жаһанданудың өзімен бірге ерте келген гендерлік теңдігі ме, ол жағын сарапшыларға қалдырайық. Бір анығы, өндірісі жоқ, жері ауыл шаруашылығына жарамсыз, тек шикізатқа ғана арқа сүйеген аталған елде де соңғы жылдары көштен қалмау үшін экономиканы әртараптандыру (диверсификация) бағытында бірқатар қадамдар жасалды. Нақтырақ айтқанда, ұлттық экономиканы әртараптандыруға қатысты нақты шешімдер қабылданып жатыр. Бұл реформа қаншалықты нәтижелі болады? Оны болашақта көре жатармыз. Саудияның еңбек және әлеуметтік даму министрлігі жариялаған есепке қарағанда, ел аумағындағы жекеменшік секторда жұмыс істейтін әйелдер қарасы соңғы 4 жылда, сенесіз бе, 130%-ға бір-ақ шырқап өскен. Яғни, бұл елдегі  еңбек етіп жүрген әйелдер жекеменшік секторда жұмыс істеп жүргендердің 30 пайызын құраған. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Әсіресе, ел астанасы - Ер-Рияд қаласы мен қасиетті Меккеде жұмыс істеп жүрген әйелдердң қарасы көп. Айта кетейік, 2020 жылы бұл елдегі жұмысшы күшінің  28%-ын әйелдер құрауы мүмкін. Десе де мынанына да айта кетпеске болмайды: қашықтықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін дистанциондық жобаларға басымдық беріледі. Яғни, әйелдердің дені үйден шықпай-ақ табыс табуына, дәлірегі, отбасы, ошақ қасынан алысқа ұзап кетпейтіндей жағдай жасалуда. 

0 пікір
Мұрағат