Еуропалықтар планетаны құтқару үшін Nespresso капсуласын ауыстырады
Еуропалықтар планетаны құтқару үшін Nespresso капсуласын ауыстырады
2 жыл бұрын 1128 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Ruben Sprich / Reuters

Еуропа әлемді пластикалық ластанудан құтқару үшін бір-ақ мәрте пайдаланылатын қаптаманы өзгертуге шешім қабылдады - Еуропалық Одақ мұндай контейнерлерге жаңа ережелер енгізеді. Бұған қатысты регламент қараша айының 30-ы күні қабылданды. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg іскерлік ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған ереже талаптары ең алдымен Nespresso кофе капсулаларына, пластик су бөтелкелеріне, сондай-ақ, тамақ және химия өнеркәсібіндегі басқа да өнімдерге қолданылады. Бір рет қолданылатын қаптаманың қоршаған ортаға залалды әсерін азайту шаралары нақты қолға алынады. Бұған қоса, Еуропа елдері мен компаниялары қайта өңдеуге болатын немесе қолданғаннан кейін табиғи түрде ыдырайтын қаптамаларды шығаруға міндеттеледі. «Қайта пайдалануға болатын қаптама экономикалық дамуды табиғи ресурстарды пайдалануға тәуелді болудан арылуға көмектеседі», - деп мәлімдеді еуропалық комиссия. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі даму парниктік газдардың атмосфераға молынан бөлінуіне, ресурстарды орнымен пайдаланбауға және биологиялық әралуандылықтың жоғалуына алып келеді. Сол себепті, мұндай экологиялық шараның маңызы зор. Еуропадағы пластик пен қағаздың шамамен 40 пайызы орау үшін пайдаланылады. Көбінесе мұндай өнімдердің дизайны оларды қайта пайдалануға немесе қайта өңдеуге мүмкіндік бермейді. Бұдан былай компаниялардан қаптаманы мүмкіндігінше аз пайдалану талап етіледі, ал еуропалық елдер 2025 жылдың соңына дейін барлық қаптаманың 65 пайызы қайта өңделуін қамтамасыз етуі керек. 2021 жылы пайдаланылған кофе капсулалары планета үшін ең қауіпті қаптама деп аталды. Өздерінің беріктігіне байланысты капсулалар қаптаманың ыдырауы басқа түрлеріне қарағанда әлдеқайда ұзақ, дәлірегі, 500 жыл кетеді.

0 пікір
Мұрағат