Қырым түбегін Ресейдің Краснодар өлкесімен жалғайтын көпір қазіргі таңда әлемдік БАҚ-та қызу талқыға түсіп жатқан тақырып. Ресейлік ақпарат құралдары бұл Ресейдің ең үлкен жетістігі ретінде жазып, ол Қырымды «Ресей уысынан» шығармайтын бірден-бір кілт ретінде айтса, өзге елдердің басылымдары мұны «Ресейдің жаңа басауруы» деген уәж айтады. Осы орайды Ресей мен Қырым арасын жалғаған көпірдің екі ел арасындағы саяси қарым-қатынасқа қалай әсер ететіні туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының бұрынғы көмекшісі Дэвид Кремер мен құқық қорғаушы әрі тоталитарлық идеологияларды зерттеу орталығының басшысы Юрий Ярым-Агаев өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Ерте ме, кеш пе Ресей Қырымды Украинаға қайтарады – сарапшы
|
Азаттықтың орыс тіліндегі редакциясында жүрілген талқылауда Дэвид Кремер бұл Ресейдің Қырыммен байланысын нығайтатынын, алайда көпір салу халықаралық қауымдастықтың Қырым аннексиясына қатысты көзқарасын өзгерте қояды деп ойламайтынын айтады.
«Бұл Қырымды заңсыз аннексиялап алуды мойындамайтынын мәлімдеген АҚШ пен Батыс елдерінің түпкілікті ұстанымын өзгерте алмайды. Бір жағынан, Қырымға барғысы келетін ресейліктер азайып бара жатқан тұста түкке тұрғысыз көпірге кемі төрт миллиард доллар жұмсауы Ресей үкіметінің неге басымдық беретінін байқатады. Мынадай қыруар инвестиция құйса, әлдеқайда көп ұтатын аймақтар Ресейде жетіп артылады. Өзгеше айтқанда, Кремль мына көпірді салу арқылы символикалық қана мәні бар пайда көреді, бұдан өзге ештеңе ұтпайды», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол көпір салу арқылы Қырымды Ресейге жақындастыра түсуге болады деген үмітке сенбейтінін, ерте ме кеш пе Қырым өзінің заңды мәртебесін алатынын айтты.
«Меніңше, бұған Балтық елдері жақсы мысал бола алады. АҚШ оларды Совет одағының аннексиялап алуын бес жылдан аса мойындамай қойды. Қазір Латвия, Литва, Эстония – тәуелсіз әрі Еуропа одағы мен НАТО-ға мүше елдер. Ерте ме, кеш пе, Қырымның заңды мәртебесі түбі бәрібір қалпына келеді деп ойлаймын. Бұл - уақыт еншісіндегі ғана дүние», - дейді Дэвид Кремер.
Дэвид Кремер Путиннен кейін билікке келетін басшылардың алғашқысы болмаса да, кейінгілерінің бірі бақылаушылар үшін айқын фактіні - Қырымды сақтап қалу құны оны аннексиялап алудан ұтқан символикалық пайдаға тұрмайтынын мойындауы мүмкін екенін айтады
«Сондықтан ол Батыс елдерімен қатынасты жақсартудан ұтатынын, ал Украинамен тату болу, Батыс елдерімен ынтымақтасу Ресейдің ұлттық мүддесі үшін қажет екенін түсінуі мүмкін. Владимир Путиннің саяси мүдделері Украина мен Батыс елдерімен өшпенділікті қоздыруға бағытталған. Мұның Ресей мүддесіне еш пайдасы да жоқ. Сондықтан Ресейдің болашақ басшыларының бірі осындай шешім қабылдайды деп ойлаймын» - дейді Дэвид Кремер.
Бұл мәселеде құқық қорғаушы әрі тоталитарлық идеологияларды зерттеу орталығының басшысы Юрий Ярым-Агаев көпір салудың экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін айтады.
«Қырымға бұрын сумен, әуемен баруға болатын. Құрлықпен, теміржолмен апаратын кез-келген тауарды теңіз арқылы да жеткізуге болады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, су транспорты арзанға түседі, жол да қысқарады. Ал, шынын айтқанда, ресейліктердің көбі Қырымды демалыс орны ретінде ғана таниды. Сондықтан бұл көпір Қырымға ұшақпен емес, көлікпен немесе пойызбен барғысы келетін демалушылар үшін ғана маңызыды болуы мүмкін. Мәселенің мағынасыздығы да сонда. Өйткені Қырымда демалғысы келген ресейліктер ол жаққа онсыз да еш қиындықсыз барып жүрген. Тіпті Қырым аннексияға түскенге дейін де ешқашан проблема болып көрген емес. Ресейліктер Қырымға Мәскеуден тікелей бара алатын, Мәскеу-Симферополь тас жолы сайрап жатыр, теміржол қатынасы да болған», - дейді Юрий Ярым-Агаев.
Осы орайда, пікір алмасуды жүргізіп отырған тілші Вашингтондағы Вильсон орталығы директорының орынбасары Уильям Померанцтың мына бір пікірін келтіреді.
«Путиннің алып жобаларға бел бууына шығындарды Путиннің бас ауруына айналдыруға қауқары жететін саяси бәсекелесі болмауы мүмкіндік берді. Ол екі жыл бұрын, яғни мұнай бағасы 30 бен 40 доллардың арасында құбылып тұрған кезің өзінде мұнша ақша жұмсауға бел буған. Ал қазір баға 70 доллардан асқанда оның жаңа шығындарға бару мүмкіндігі тіпті ұлғайды. Бұған қоса, АҚШ-тың Иранға қарсы салған санкцияларының салдары мұнай бағасын бұдан да қымбаттатуы мүмкін. Бірақ Путин мұнайдың бір баррелінің бағасы 40 доллар болады деген есеппен бекітілген мемлекеттік бюджетті күрт қысқартып тастады. Сондықтан егер ол аяқ асты пайда болған қаржыны әскери шығындарды ұлғайтуға жұмсағысы келмесе, оларды өзге күрделі жобаларға салуы әбден мүмкін. Меніңше, ұйымдастыруға миллиардтаған доллар жұмсалып жатқан әрі Путиннің беделін асқақтату үшін аса маңызды рөл ойнайтын футболдан әлем чемпионатын өткізу де үлкен сын болғалы тұр. Егер чемпионат онша жатық өтпесе немесе сәтсіздікке ұшыраса, мына көпірмен байланысты бүкіл символика тез-ақ ұмытылады» - дейді Уильям Померанц.
Ал осы тұрғыда Уильям Померанцтің пікіріне ой қосқан Юрий Ярым-Агаев ресейліктердің «Қырым біздікі» деп дәуірігуіне тарихи негіз жоқ екенін айтты.
...«Қырым біздікі» деген ұрандату басталған кезде оны тарихи әділеттілікті орнату, Қырымның Ресей құрамына оралуы, Ресей мақтанышын, Ресей территориясын қалпына келтіру, Ресейдің айбынды қаруының даңқы ретінде көрсетті. Бірақ мұның бәрі халықтың 80 пайыздан көбінің мән-мағынадан жұрдай әрі агрессиялық акцияны қолдауын қамтамасыз еткен мифология және тарихи өтірік. Өтірік болатын себебі - шын мәнінде, Қырым ешқашан қазіргі Ресей федерациясының да, Совет одағы кезіндегі Ресей советтік социалистік республикасының да бір бөлігі болып көрген емес. Сондықтан "Қырым - Украина емес, біздің жеріміз" деп Ресей сүйенетіндей ешқандай тарихи негіз жоқ» - дейді ол.
Ал сарапшылардың екеуі де Қырым Ресейдің бақылауынан шықпайынша заңсыз территория болып қала береді деген пікірде.
«Меніңше, солай болады. Әлем елдері Ресей талай жыл бұрын басып алған территориялардың ешқайсысын әлі күнге дейін мойындаған жоқ. Абхазияны да, Оңтүстік Осетияны да, Предиднестровьені де мойындамай қойды. Қырымды мойындайды деп ойламаймын. Бұдан бөлек, Батыс елдері ішінде және Украинаның өз ішінде Путиннің Қырымды басып алуына қалай жол бердік деген сұрақ үнемі қозғала беретін болады деп ойлаймын. Өйткені шын мәнінде, Путиннің оны басып алуына жол беретіндей ол кезде ешқандай себеп болған жоқ» - дейді Юрий Ярым-Агаев.
Дэвид Кремер болса, бұл Қырым мен ресей арасын жақындастыру былай тұрсын, Ресей тарапына артық салмақ болады дейді.
«Стратегиялық тұрғыдан алғанда, көпір - ең осал нәрсе. Оның құрылысына жұмсалған миллиардтаған ақшаны бір зымыранмен немесе бір бомбамен желге ұшыруға болады. Бұл стратегиялық тұрғыдан алғанда түкке тұрғысыз нәрсе. Экономика тұрғысынан алғанда Ресейге артық салмақ. Яғни Ресей Қырымға беретін дотацияны осы көпір арқылы апаратын болады. Ол жаққа әлдебір демалушылар баратын болады. Бірақ Қырым бір кездері жұрт ең көп баратын демалыс аймағына айнала қояды деп ойламаймын. Ресейліктерге Түркияда немесе Египетте демалу әлдеқайда жайлы, арзан. Шынын айтқанда, мына көпірден ешқандай пайда жоқ» - дейді Дэвид Кремер.