Енді бір он жылдан соң Мысыр Жапония мен Германияның өзін артқа тастайтын мемлекетке айналады
Енді бір он жылдан соң Мысыр Жапония мен Германияның өзін артқа тастайтын мемлекетке айналады
6 жыл бұрын 3780 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Өткен аптада Standard Chartered Plc трансұлттық қаржы корпорациясы жариялаған ұзақ мерзімді болжам бойынша Мысыр экономикасы бүгінгі таңда әлемнің жетекші елдері саналатын Жапонияны, Германияны және Ресейді шаң қаптырып кетпек. Яғни, әлемдегі экономикасы дамыған жеті елдің біріне айналады. Аталған мерзімде Пирамидалар елінің жалпы ішкі өнімі шамамен 8,2 трлн долларға жетеді. Ал бұл кезде Жапонияда бұл көрсеткіш 7,2 трлн доллардан, Ресейде 7,9 трлн доллардан аспайтын болады. «Біздің ұзақ мерзімді болжамымыз негізгі бір принципке қарап жасалған: ғаламдық жалпы ішкі өнімдегі елдердің үлесі түптеп келгенде әлем тұрғындарының үлесімен сәйкес келуі тиіс. Бұл дамыған және дамушы елдер арасында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткішімен сәйкес келуімен байланысты», деді Standard Chartered экономисі. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 64,2 трлн доллар табысымен Қытай көш бастаған бұл рейтингте Түркия бесінші орынға табан тіреген. Ал екінші және үшінші орынға Үндістан мен АҚШ жайғасқан. Десе де аталмыш баяндама авторлары ескерткендей, Азия мен Таяу шығыстың дамушы нарықтарында қалыптасып отырған түрлі күрделі саяси ахуалдар аталған аймақтағы экономиканың даму қарқынын тежеуі мүмкін. Бұл қауіпті Бүкіл әлемдік банк мамандары да жоққа шығармайды. Бүкіл әлемдік банк жария еткендей, биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2,9 пайызға төмендейді, өйткен, халықаралық сауда-саттықтағы қатер сейілген жоқ. Бүгіндері Мысыр экономикасының өсу қарқыны жоғары болғанымен биыл нақты көрсеткіш бойынша 5,6 пайыздан аспайды, өйткені, ел экономикасы мемлекет басшысы Әбдіфаттаһ ас-Сисидің пәрменімен, Халықаралық валюта қорының және Бүкіл әлемдік банктің несиесімен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардан бас көтере алмай, реформалардан аяқ алып жүре алмай жатыр. Мысыр демографиялық дүмпуді бастан кешіріп жатқан елдердің бірі. Соған байланысты әлеуметтік бағдарламалар мен шараларға көп шығын шығаруына тура келсе де, мұнай шикізазаты болмашы ғана болғанына қарамастан, мемлекеттік емес сеектордағы сұраныс халық табысының өсуіне кепіл болмақ. 2017 жылы Мысырдағы инфляция өзінің шарықтау шегіне жетіп, 1986 жылғы деңгеймен салыстырғанда 33 пайызға бір-ақ шарықтап кеткен болатын. Аталмыш елде ұлттық валюата құнсызданып, 2016 жылы ел билігі еркін бағам саясатын енгізуге мәжбүр болған еді. Бұдан бөлек, қаржылық қадағалау органы ел аумағында тұңғыш рет тауардың барлық түрі бойынша қосымша құн салығын енгізді. Бұл өз кезегінде тауарлардың бағасын көтеріп жіберді. Мұнымен қатар, электр энегриясына, суға және отынға мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржы тоқтатылды. Оның үстіне, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан мысырлықтар арасында жұмыссыздық секілді әлеуметтік мәселе қордаланып, қазіргі уақытта әрбір үшінші мысырлық екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Сөз соңында Бүкіл әлемдік банктің 2050 жылы Таяу Шығыста шамамен 300 млн жұмыс орны ашылуы керектігін алға тартып отыр. Халықтың өсуіне сәйкес.

0 пікір
Мұрағат