Электронды янычарлар пайда болады
Электронды янычарлар пайда болады
4 жыл бұрын 5428 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Кезінде Осман қағанатының қаһарлы күшіне айналған янычарларды тарихтан жақсы білесіздер. Түрікше yeniçeri [еничери] деп аталатын (қазақша мағынасы – «жаңа әскер» дегенге саяды – ред.) янычарлар 1365—1826 жылдары аралығында Османлы қарулы күштерінің өзегі мен негізін құрады. Янычарлар жасағы алғаш рет 1365 жылы сұлтан Мұрат І-дің пәрменімен құрылған болатын. Негізінде ерекше жасақтың, былайша айтқанда, Османлының арнайы жасағының құрамында түріктердің айбынды әскерімен бағындырылған албандар, армяндар, босниялықтар, бұлғарлар, гректер, грузиндер, сербтер болды. Олардың барлығы қатаң тәртіпте ислам мәдениетімен сусындап, тәрбиеленді.

Түркия билігі көштен кейін қалып қоймасы үшін енді уақыт талабынының үддесінен шығуға әрекеттеніп жатыр. Осы бағытта дербес әскери роботтар жасағы құрылмақ. Дәлірегі, іс жүзінде өз бетінше тапсырманы орындайтын әскери роботтар бөлімшесін құрмақ. Роботтар жасағының әрекетін оператор ғана бақылайтын болады. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі түрік тілінде хабар тарататын Sabah мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сырттай қарағанда шағын танкке ұқсайтын роботтарды құрастыруға түріктердің қорғаныс саласындағы мемлекеттік Havelsan, Aselsan, Roketsan, т.б. компаниялары атсалысады. Бұл арада тек жаяу әскер турасында ғана сөз болып отырған жоқ, робот жасағы авиация мен флотта та болады. Түріктердің «цифрлы әскері» тұжырымдамасы бүгінде әлемнің кей елдерінде сынақтан өтіп жатқан «үйір технологиясын» ұйғарады. Яғни, автономды аппараттар кез келген сәтте тапсырманы орындап, қайта бір орынға жиналуы тиіс. Бүгінде жартылай автономды қорғаныс жүйесі кей елдерде қолданылып жатыр. Мысалы, Израилдің «Темір күмбез» деп аталатын әуе қорғаныс жүйесі адам енгізген алгоритм негізінде жаудың нысандарын анықтап, нысанаға алады. Мұндай жүйенің ең басты артықшылығы – дереу жауап қатуында. Яғни, уақыттан көп ұтуға мүмкіндік береді. Ал бұл соғыс жағдайында жеңіске бастайтын артықшылық. Ал шабуылдаушы автономды жүйеге келсек, олар жауды өздігінен тауып, танығанымен тек оператордың рұқсатымен ғана ата алады. Бұдан бөлек, автономды жүйе жоғарыда айтылған міндеттерден бөлек мина орнату, тосқауылдар құру, патрулдеу, алдыңғы шептегі сарбаздарға оқ-дәрі жеткізу, т.б. орындайды. Десе де соңғы жылдары жасанды зерденің қауіп-қатері туралы көп айтылып жүр. Бұдан бөлек, адами сезімі жоқ роботтарды адамдарға қарсы салудың адамгершілікке қаншалықты сай келетіндігі де талас-тартыс тудыратын тақырыптардың біріне айналған. Сарапшылардың топшылауынша, машина жау мен бейбіт тұрғынды ажырата алмай қалуы мүмкін. Бұған қоса, автоматтандырылған қару-жарақ соғыстың тұтану ықтималдылығын бір табан жақындатады.

0 пікір
Мұрағат