Дәрменсіз наразылық: түріктер сауда соғысына өздері барып килікті ме?
Дәрменсіз наразылық: түріктер сауда соғысына өздері барып килікті ме?
6 жыл бұрын 5967 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия билігі АҚШ-тан елге жеткізілетін тауарларға баж салығын арттырды. Тарқатып айтқанда, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Атлант мұхитының арғы жағында құрастырылған жеңіл автокөліктерге баж салығын 12 пайызға, алкоголь өнімдері үшін 140 пайызға, темекі өнімдеріне 60 пайызға, опа-далапқа 60 пайызға арттыруға пәрмен беретін жарлыққа қол қойды. Таяуда Түркия билігі АҚШ-тың электронды тауарларына байкот жариялаған болатын. Соның ішінде, әлемге әйгілі, ең озық технологиялы Apple өнімдері де бар. Осының алдында экономикалық шабуылды алдымен бастаған АҚШ Түркиядан келетін қалайы мен болатқа баж салығын көтерген болатын. Осыған байланысты түрік азаматтары таз ашуын тарақтан аладының кебін келтіріп, ел аумағындағы америкалық тауарларға байкот жариялап қоймай, долларды өртеп жатыр, Coca-Cola және өзге де белгілі америкалық брендтерге майдан ашып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан байқалғандай, түріктер ашулы. Бар өшін америкалық тауарлардан алып жатыр. Табалады демеңіз, ұлттық валютасы құнсызданған дәрменсіз халықтың күйініштен мұндай қадамға баруын ең алдымен билік басындағылардың жүргізіп отырған, соңы жақсылықпен біте қоймайтын солқылдақ саясатынан іздегеніміз жөн секілді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан әрі түрлі ұлттар мен ұлыстардың ғана емес, түрлі діни әрі саяси топтардың басын қосқан, шығыс пен батыс мәдениеті тоғысқан, бұдан бөлек, кезінде Ататүрік салып кеткен секуляристік соқпақты Түркия, әлбетте, кезінде империя құрған қуатты мемлекет болғандықтан көп жағынан өзіне ұқсас Сирияның тағдырын қайталай қоймас. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда бір сүрінсе, қайта тұра алмай қалатын жағдайда тұрғанын да жасыруға болмайды. Алысқа апармайтын саяси жүрістеріне байланысты батыстың шамына тиіп, бауырлас халықтың осындай қиын-қыстау кезеңге тап болуына себепкер болып отырған Режеп Тайып Ердоған бұл жолы да судан құрғақ шығатын түрі бар. Бар бәлені батыс елдеріне жауып, бұрынғы тәсілін қайталау арқылы. Мұндай шалыс қадаммен Түркияны орға жықпасын деңіз. Батыс елдерінің діні де бөлек, танымы да бөлек, мәдениеті де бөлек, ол ол ма, крест жорғына қалқан болып, тарихымен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын түріктердің батыспен қаласа да, қаламаса да, бір географиялық ендікте орналасқандықтан тіл табысуы керек еді. Бұл дипломатияны қажет етеді. Түркия секілді орташа дәрежелі ел үшін екі векторлы саясат ұшпаққа шығара қоймайтынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Түркия жолайрықта тұрған мемлекет. Бұрыннан солай. Бұл ерекшелікті билік басына келген Әділет және даму партиясы ескермегені өкінішті. 

 

0 пікір
Мұрағат