Cу мен тұзда жұмыс істейтін компьютер ми жасалды
|
Утрехт университетінің теориялық физиктері сумен және тұзбен жұмыс істейтін жасанды синапсты жасай алды: бұл жаңалық өз кезегінде компьютердің де ми сияқты ортаны пайдалана алатынын және күрделі ақпаратты өңдей алатынын дәлелдеді. Бұл жайында islam.kz порталы Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі уақытта ғалымдар биологиялық миға ұқсас архитектурасы бар, энергияны үнемдейтін компьютерлер жасауға талпынуда. Алайда, орталық жүйке жүйесі су мен еріген иондарды орта ретінде пайдаланады, ал нейроморфты чиптердің көпшілігі қатты материалдардан жасалғандықтан мұндай ортаны жатырқайды. Бұл бағытта ғалымдар күрделі ақпаратты өңдеу мүмкіндігін көрсеткен ионтрондық жүйені алғаш рет жұртшылық назарына ұсынды. Оның құрамында синапстың әрекетін қайталайтын 150-ден 200 микрометрге дейінгі шағын құрылғы бар. Ерекше құрылғы ионтрондық мемристор деп аталады; сумен және физиологиялық ерітіндісімен толтырылған конустық микроарна түрінде болады. Электрлік импулстарды алған кезде сұйықтық ішіндегі иондар арна арқылы қозғалып, ион концентрациясының (шоғырлну деңгейінің) өзгеруіне әкеледі. Импулстің қарқындылығы мен ұзақтығына байланысты арнаның өткізгіштігі өзгереді, яғни, құрылғы кіріс сигналын есте сақтайды.