Чип дағдарысы немесе Қытай опығы
Чип дағдарысы немесе Қытай опығы
4 жыл бұрын 2222 Abai.kz Мұқаметхан Қонарбай

Қытайдың жуық жылдардан бері, әсіресе Ши билігінен кейін әлемдік басқару жүйесін реттеуге талпынған «Бір белдеу, бір жол» стртегиясы, «Азия инфрақұрылымдарды қаржыландыру банкі», «Адамзаттың тағдырластығы қауымдастығы» идеясы сынды ірі және аса  амбициялы жобаларға түрен салғаны белгілі.

Әрине, өзінің экономикалық жетістіктері мен қуатына сүйеніп. Сонымен бір уақытта әлемдік алпауыт Америкамен тәжікелесуге барған. Онда да өзін онымен қарайлас деңгейде санағандықтан. Дегенмен, сауда соғысы қыза келе ғылыми-технологиялық  бағытқа ойысқан тұста, қарсы тарап «Huawei», «ZTE» сияқты ту ұстаушы компанияларын өзекті технологиялардан ажырата бастағанда Қытай мәңгіріп қалды. Бажайласа, «әлемнің фабрикасына» айналған ел қазіргі заман индустриясының жүрегі саналатын ең үздік те өзекті технологияларды игермепті, техникалы қамтымалылығы жоғары тауарлардың басым бөлігінен сол АҚШ бастаған батыс елдеріне бек сүйенішті екен.

2020 жылғы алапат індетте сұранысы сұрапыл болған тыныс алу аппаратын өндіруде Қытай өзінің аса үстем өндірушілік-құрастырушылық қуатымен ілгеріде осы нарықтың 25%-ын ұстап келген Швейцарияны артқа тастап, әлемдегі ең ірі аппарат жеткізушіге айналған-ды. Алайда, аппараттың «турбокомпрессор», «датчик», «чип» сықылды шешуші бөліктерін тұтастай Швейцария, АҚШ, Жапония фирмаларынан алатын болып шықты. Демек, Қытай аталған елдердің арқасында ғана «бүкіл әлемді тыныстау аппаратымен қамдап тастаған», аналар жоғарыдағы бөлшектерді жеткізуін тоқтатса, «Қытай өңдеушілігі» адырам қалғандай екен! Бұл енді пандемия тұсындағы шетін мысал.

Шынтуайтында осындай мысалдар өндіруші-өңдеуші алыбының алдына қойылған ең өткір сауал, аттау бермес өткел болып отыр. Айталық, АҚШ-тың алдыңғы президенті Трамптың Қытайға шешуші технологияларды жеткізушілерді жазалау жарлығы әлемдегі чиптің 54%-ын өндіруші алып — Тайвандық «TSMC» компаниясын ойлантып тастады. Өйткені ол Қытайдың бетке ұстары — «Huawei-ды» чиппен қамдаушы болатын. Ал «ТSМС» чип жеткізуді тоқтатар болса, әлемдік 5W саласының мұрындығын ұстап, оның өлшемдері мен стандартарын белгілеу «менен өзге кімге сән» деп отырған елді жарға тірелгелі тұр. Жапонияның экономика-қаржылық басты медиасы «Жапония экономика жаңалықтары» «Fomalhaut Techno Solutions» компаниясынң көмегімен «Huawei-дің» тұғырлық станциясын шашып, тексерген. Сөйтсе, онда Қытайлық кәсіпорындаp жобалаған бөлшектер 48%, АҚШ бөлшектері 27,2% болып шыққан. Онда да көбінеки өз саласының дүлдүлдері саналатын «Xilinx», «Lattice», «Tehas-аспап», «On Semiconducto», «Cypress Semiconductor», «Broadkom», «Analog Devices» сынды фирмалардың чиптері мен жадынамалары, коммуникациялық айырып-қосқыштары, қуат арттырғыштары. Мұнан сырт, онда Корея мен Жапонияның бөлшектері де аз емес екен. Бұдан да қызығы, жаңағы қытайлық компаниялар жобалаған 48% бөлшектердің ішінде процессор сықылды 60%-дан астам бөлшек тағы да «TSMC-тікі» болып шыққан.

«The Wall Street Journal-дың» жуықта ғылыми-технологияның ауқымды 5 саласындағы Қытай мен АҚШ-тың басымдықтарына жасаған шолуының қорытылауынша, АҚШ жасанды интеллект, өзі жүретін машина, жартылай өткізгіш, квантовтық есептеу бағытында бүтіндей, ал Қытай 5G бағытында салыстырмалы басымдыққа ие көрінеді. 5G саласының бұйдаұстары есептелетін «Huawei-дің» жайы жаңағыдай болғанда, мұндағы қытайдың басымдығы дегенге күдікпен қарауға тура келетіндей.

Жақынғы хабарларда Трамптың жарлығынан кейін де «TSMC» «Huawei-ді» «пісіп-жетілген» (28nm) чиппен қамдауға келіскен көрінеді. Cмартфон чипінің 5nm, тұғырлық станциа чипінің 7nm өлшемімен шығарылатын бүгіндері, жаңағы «пісіп-жетілген» делінген чиптің қауқарын шамалай беріңіз.

«Жапония экономика жаңалықтары» Қытайлық «Dajiang» компаниясының «Mavir Air2» өзіұшар аппаратын да сөккен. Онда да АҚШ «Texas-аспап», «Corvo» фирмаларының чиптері көптеп пайдаланылған. Бұл қытайдың мақтанышына баланған өзіұшар аппараттарының да шамасын аңғартатындай. Қытайда чиптің тапшылығы, әрине оны шығаратын литография мен басқа да шешуші жабдықтардың болмауы мен жоғары деңгейлі өндіріс қабілетінің жетімсіздігінен.

Қытайда 2004 жылы ірге қалаған «Semiconduktor Manufacturing International Corporation» (SMIC) дейтін электр өткізгештерін өндірумен айналысатын маманданған кәсіпорын бар. Ол 2020 жылы ғана чиптің 14nm-лық нұсқасын толайым шығаруға қол жеткізіпті. Бұл «TSMC-ның» (қазір 5nm нұсқасын шығарып жатыр,  3nm-ге 2022 ж. кіріспекші) 5 жыл бұрынғы  деңгейіне жатады. 2020 жылы наурызда «SMIC» Голландиялық  «ASML» фирмасынан чиптің 7nm-лік нұсқасын шығаруға қауқарлы ултракүлгін литографиялық аппаратын сатып алуға келіскендігін жариялаған-ды. Алайда Американың араласуымен бұл мәміле қазірше тоқтап тұр. Қытай бұл аппаратты сатып алғанымен де, өз деңгейіндегі өндіріс дәрежесіне жету үшін 3-5 жыл машықтануы керек сияқты. Бұл баяндағандарымыз тек чиптің жыры ғана.

Өз тілдерімен айтқанда шетелдіктердің қолындағы қытайлықтарды «қылқындыратын технологиялар» мұнымен шектелмейді. 2020 жылы күзде Ақ үйдің «Шешуші және жаңғыртпалы ғылым-техниканы дамыту стратегиясында» елдің басымдығын сақтауға тиіс 37 ғылыми-технологиялық бағыты атап көрсетіліп, олардың экспортталуына қадағалау қою діттелген-ді. 2018 жылы маусымда Қытайлық «Ғылым-техника газеті» шетелдіктердің тізгіндеуіндегі 35 ғылым-технологиялық саланың тізімін жариялаған. Екеуінде де жасанды интеллект, энергетика, квантовтық информация, коммуникация және ғаламтор технологиясы, жартылай өткізгіш, әскери технология, ғарышты игеру, жаңа материалдар сынды ұшқыр технологиялар аталады. Шынайы өмір практикасы да Қытайдың аталмыш салалардағы жағдайы әлі де, басы қызған режиссер Li Tie-нің «Елім-ай, құдыретіңнен!» дейтін докфиліміндегідей (2018 ж.) емес екенін көрсетіп отыр. Қытайлық «Экономика үзіктері газеті» журналистерінің зерттеулері қытайлықтардың байырғы замандардағы «4 тапқырлығымен» шендестіретін «жаңа 4 тапқырлығының» (ақшасыз төлем жасау, иесіз велосипед, интернет саудасы, қарқынды пойыз) ішіндегі ел атағын аспандатқан қарқынды пойыздың отандасу көрсеткішінің де әзер 80%-ға жетіп жығылғанмен, тежеу жүйесі, IGBT технологиясы, клапаны, білігі, дөңгелегі, пантографы сынды шешуші жабдықтары мен ұшқары технологиялары, айырықша материалдарынан әлі де Еуропаға қол жаятынын анықтаған.

Дегенмен, мұның барлығы материалдық категорияға жатады. Мәселенің ең ұрымтал тұсы - өндірістік программалық жасақтамалардың ақтаңдақтығы болса керек. Өндірістік программалы жасақтамалар оның қолданылуының ауқымдылығымен, индустрияның барлық саласын қамтуымен, өңдеушілік индустриясының тұтас жүйесіне саятындығымен жартылай өткізгіштен де маңызы артығырақ болуы мүмкін. Енді Қытайдағы дәл осы саланы Еуропа мен АҚШ-тың программалы жасақтамалар компаниялары уысында ұстап отыр. Тиісті мәліметтер Қытайдың жобалау сипатындағы өзекті өндірістік программаларының нарықының (CAD) 90%-дан астамының франциялық «Dassault», немістің «Siemens», АҚШ-тың «ТС» фирмаларының, ұқсатып жасау праграммалары (CAE) нарығының 95%-ының Еуропа мен АҚШ фирмаларының қолында екендігін деректейді.

«MES» сынды өнеркәсіптік өндіріс саласында немістің «SAP» және АҚШ-тың «Opasel» фирмаларының праграммалары 90% нарықты иелеп алған. Өндірістік прoграммалардың нарықтық ақшалай үлесіне зер салсақ, әңгіме одан қызық.

Қытай индустрия және информациялау минстрлігінің «праграммалар және информациялық технологиялармен қызмет көрсету баяндамасында» жазылуынша, 2018 ж. өндірістік праграммалар бизнесінің табысы (147,7 млрд юан) өнеркәсіп кәсіпорындарының барлық табысының әзер 0,14%-ын ұстапты!

Салыстыру үшін айтар болсақ, немістің бір «SAP» фирмасының табысы 180 млрд юанға жетіп жығылады. Қытайлық мамандардың өздері осы салада елдерінің АҚШ пен Еуропадан 30 жылға артта қалғанын айтуда. Осы ретте Қытайдың жаратылыстық, инженерия, механика бағытындағы ЖОО-ның программалары да батыс елдерінің ырқында екендігін айта кетейік. Мысалы, 2020 жылы 5 маусымда АҚШ сауда минстрлігі Қытайдың бірқатар университтеттерін өзінің экспорттық қадағалау субъектілерінің тізіміне енгізді. Солардың ішіндегі «Harbin» өнеркәсіп және «Harbin» инженерия университеттері сатып алған АҚШ бизнес математикасы программасы «MATLAB» соңғы уақытта ашылмай қалған, ал оны жасақтаушы компания «MathWorks» екі университеттің АҚШ үкіметінің экспорттық бақылау тізіміне енгізілгенін айтып, праграмманы қайта ашып беруден бас тартқан.

Қытай заманауи индустрияның азығы болған, сондай-ақ бір елдің ғылым-техникалық және экономикалық әлеуетін паш ететін жаңа материалдар өндірісінен де басқалардан кенже қалып келеді. Қатысты минстрліктердердің зерттеуі көрсеткеніндей, қазіргі заманғы индустрия үшін шешуші саналатын 130 түрлі материалдың 32%-ы Қытайда атымен жоқ, 52%-ы импортқа тәуелді.

АҚШ және Батыс елдерінің Қытайға сақтықпен жіберетін өнімдерінің жартысынан астамын осы жаңа материалдар құрайды екен. Өндіріс жабдықтарының заманауилануы деңгейі әлемнің алдыңғы шебінде болғанымен, Қытай талапқа сай озық материал жасап шығара алмайтын болып шықты. Мысалы, құрылыс техникаларының алыбы «XCMG» ауыр крандардың білегін жасайтын болатты өндіре алмайды. Қытай авияциясының (AVIC) бас директоры Lin Zuoming телевидениялық сұхбатында шетелдің ұшақ қозғалтқыштарын сөгіп, өлшемдерін алып, қайта жобалап шыққандарымен, сол деңгейде жасай алмағандарын, тіпті, өздері шыт жаңа жобалап өндіріске жіберген тікұшұшақтың қаңқасын да Италияға жасатқандарын мойындаған. («Бизнестің жаңа буыны» сайты, 07.07.2020). Сол сияқты бұл ел ұшақ, қозғалтқыш, соғыс кемелерін жасауға керекті өзекті материалдарын тұтасымен импорттамасқа шарасыз күйде.

Жоғарыда сөз болған Қытайдағы заманауи өндіріс жабдықтарының да көп сандысының шетелден экспортталатындығын атау ләзім. Литография, бумен аптау аппараттары ғана емес, ғылыми зерттеу-сынау аппараттарын да Еуропа елдерінен сатып алуға мәжбүр.

Жуықта жарияланған әлемнің ғылыми зерттеуге арналған аппараттар өндіретін алдыңғы 20 кәсіпорынның басым көпсандысы АҚШ пен Жапонияға тиесілі екен, Қытайда бір де бір мұндай кәсіпорын немесе зерттеу мекемесі жоқ. «ҚХР 2014 ж. Емдеу жабдықтары мен механикаларының сауда баянатынан» мәлім болғанындай, Қытайда 2000-нан астам кәсіпорын емдеу құралдарын экспорттайды, десе де сомасы 100 млн юандап саналатын тауардың 90%-ы  массаж аппараттары, катетерлер, мақта түйіршіктері сықылды бір рет пайдаланылатын жарақсызданғыш заттар немесе төмен деңгейлі аппараттарға жатады.

Жоғары деңгейлі тексеру-дауалау аппараттары нарықының 70%-ы «General Motors Company» (GM), «Philips, Siemens» сынды үш фирманың қолында. Oзық аппаратар нарықының шетелдік үлесі мынадай: «СТ» 80%, «УЗИ» 90%, «инспекциондық апп.» 85%, «магниттік-сілкімелі апп.» 90%, «ЭКГ» 90%, «физиологиялық регистратор» 90%, «ұйқыны бақылау апп». 60%. Мұндай кеп жоғары деңгейлі станоктарға да қатысты. 2008 ж. жаратқан өнім құнымен санағанда әлемдік станок өндірісінің алғашқы ондығына Германиядан 2, Жапониядан 5, АҚШ-тан 1, Қытайдан 2 кәсіпорын болған-ды. 2018 жылға жеткенде Қытай әлемдік станок сату нарықының 30%-ын иелеп отырса да, алдыңғы ондықтан ысырылып қалған. Тағы да технологияның мешеулігінен.

90 жылдары Қытайлық станок өндірісі саласы нарыққа технология айырбастау жолымен шетелдің озық заманауи технологиясын үйреніп қалуға талпынған да. Алайда мына мысалдардан бұл үміттің ақталмағанын, керісінше, саланы құйға батырып кеткенін бағамдауға болады. 1996 ж. «Shenyang станоктары» АҚШ «Hardinge» фирмасының цифрмен меңгеру технологиясын сатып алады, қарсы тарап аппараттың «исходный код» пакетін ғана береді де, өзекті технологиясы мен оны қолдану қағидаттарымен бөліспейді. Ал аппарат пайдаға жарамай қала береді. 1999 ж. «Dalian guangyang» компаниясы Жапонияның станогін енгізеді, қарсы тарап станокты құрған орнынан қозғамау шартын қояды, орны ауыстырылса, станок автоматты түрде құлыптанып қалады. 2005 ж. тағы да «Shenyang станогтары» компаниясы немістің «Schiess» фирмасын сатып алып, қалпағын аспанға атып жүрсе, неміс заңнамасы бойынша «отандық білімді сыртқа шығармайтын» болып шығады. Сонымен Қытай баяғы етектегі станоктар отаны болып қала береді. Күні бүгін жоғары деңгейлі станоктың 90%-ы импортқа тәуелді.

Бұл Қытайлық технологияның қазіргі ахуалы. Алдына «ғылым мен техникадағы қуатты мемелекет» құру мұратын қойып отырған ел үшін бұл мәз емес жағдай. «Трамп тоқпағы» Қытайға ғылым мен технологиядан АҚШ пен Еуропа, Жапониядан, тіпті Кореядан да көптен-көп кенже қалғанын, «күшті өндіруші елге айналу үшін әлі де 30 жыл керектігін» (бұрынғы индустрия және информациялау министрі Miao Wei-дің пайымы) жете сездірді. Сондықтан да 2020 қабылданған Қытайдың «14-ші бес жылдық жоспарында» инновациялық бағыттың елдің келешек дамуындағы «шешуші орыны» кесетіліп, елдегі ғылым мен ұшқары технологияларды баса дамытудың тетіктері қарастырылды. Десе де «Рим бір күнде тұрғызылмаған» деген сияқты, жылдар бойғы дәстүр мен сабақтастықты қалайтын ғылыми жорықта Қытайдың, экономикалық дамуындағыдай, елдің ғасырлап басқан жолын санаулы жылдарда «ұрып тастауы» мүмкін емес шаруа. Өте-мөте оған кедергі келтіретін факторлардың аз еместігі жағдайында. Айтар болсақ, Қытайдың ДСҰ-на енгеннен кейінгі батыс кәсіпорындарын нарыққа технология айырбастауға мәжбүрлеуі, басқалардың технологиясын қымқыруға бой алдыруы, кісілік игілікке қызмет етуге жасақталған жаңа технологияларды өз бұқарасының қалт еткенін қадағалауға пайдалануы, ақшаға сүйеніп адуындылық жасауы батыс елдерін тіксінтіп тастады. Бүгіндері тұтас батыс әлемі Қытаймен араластықта, өте-мөте онымен техника мен технология алмасуда сақтық ұстайтын бір ауыздылыққа келді. Бұл өз кезегінде Қытайды әлемдегі жаңа тапқырлықтар және инновациялық жетістіктермен бұрынғыдай емін-еркін бөлісе алмайтын жағдайға түсірері анық. Демек, бұл бағытта Ши төрағаның жаны қалап, жиі дәріптейтін «өз күшіне сүйенуге» тура келгелі тұр. Ал мұнда ең әуелі ғылым персоналдарының тапшылығы көлденең болатын түрі бар. Мысалы, 2020 жылы көктемде  «Jingdongfang» компаниясының Wuhan қаласындағы жартылай өткізгіш зауытының іске қосылуы  Жапониялық техкеңесшілердің келе алмауына байланысты кейінге шегерілді. «Samsung» компаниясының наурызда қолданысқа өтуге тиісті Xian қаласындағы №2 жадылық бөлшектер шығару зауыты Кореялық техниктерді күтіп қаңтарылып қалды.

Іргелі ғылымның жайы ілгерілеудің ең ірі кедергісі болатын сыңайлы. Өйткені, «Қытайда ғылымға маңыз беретін дәстүр, өте-мөте абстрактылы, жүйелі, терең де сабақтас теориялық ұғымдарға бой ұру дағдысы болмаған. Олардың санасындағы ғылым ауарайын бақылау, жер баптау, кісі емдеу сықылды қолданылмалы және тез табыс беретін ғылымдар деп танылатын» (Қытайдағы жантану ғылымының ең шоқтықты білдірі, профессор Rao Yi ). Бірте-бірте ұлт мәдениетіне сіңген осы дағды әзірге дейін әлсіреген емес. Осы ғасырдың басынан бастап Қытайда, Қытайдың қарқынды дамуын басқа мемлекеттердің басқан жолын «айналып озу» тактикасының нәтижесіне телитін пайымның етек алғаны бар. Бұл да болса жаңағы ғылыми-технологиялық сабақтастық пен өнеркәсіп дәстүрінің ұрпақтарға мирастығына мән бермейтін «жеңіл жолмен мал табу» нышаны, индустриялану барысын тездетуге болғанымен, оның сатыларынан аттап өтуге болмастығын түсінбеушілік болып табылады. Кесірінен іргелі ғылымды ысырып қойып, «әкел де өңдей бер» дейтін стратегия қалыптасты. Нәтижесінде өзегі өзгенікі болған өңдеушілік қанат жайды.

Ғылымның дамуы, техниканың жетілуі аса ірі инвестицияны қажет етері анық. Объективті айтқанда, Қытайдың оған тарихи тұрғыда мұршасы да болған жоқ. Ал қаржылық жағдайымен қолы жеткен бүгіндері   «R&D» шығыны (ғылым мен технологияға салған қаржы, адам күші, материалдық шығынның жиынтығы) АҚШ-тың жартысына маңайламапты. Оның ЖІӨ-нен ұстаған үлесі (2,12%)  Кореяның (4,24%) жартысына пара-пар болыпты. Мұнан сырт, «R&D» шығыны құрылымын да сынақ деңгейлі басы (Experimental Development) 84% басым түсіп жатқан сыңайлы, іргелі зерттеу (Basic Research) мен қолданылмалы зерттеуге (Applied Research) мардымды күш жұмсалмауда.

Бизнес қауымдастығының позициясы мұнан да сорақы. Қытайдағы «отандық бренд», «ұлт мақтанышы» саналып жүрген кәсіпорындар олардың жылдық пайдаларының 3%-ына жетпес бөлігін ғана іргелі зерттеуге жұмсайды екен. Оларға қаржыны бұлай салғаннан гөрі үй алып-сату, акция қуу қызығырақ сияқты. Бұл инновациялы және технологиялық қуатты ел болуға жету мерзімін арыға сүйрей түсері кәдік.

Қытайдың жаңашылдықты енгізу мен ғылыми ұшқары салаларға мемлекеттің қолдауын жолға қоюда да аз болмаған жүйелік кілтипандар көзге ұрады. Мысалы, чип дағдарысы  есін жиғызған ел мұндай ақтаңдақ салаларды қатты қолдауға кіріскен-ді. Оның ішінде жерді тегін беру, салықты жеңілдету, экспорт салығын кәсіпорынға қайтару, тіпті, үкіметтің тікелей дотациясы дегендер бар. Мұндайда саяси еңбегін көрсетіп қалғысы келетін, мемлекеттің жеңілдігінен де қарпып қалуға ниетті жергілікті үкіметтер де тым белсеніп кетеді. Аталған себептерден елде чип жасаумен айналысатын зауыттар жамырап сала берген. 2020 жылдың алғашқы жартысында 4600 осындай зауыт тіркеліп, бүкіл елдегі чип зауыттарының саны 45,3 мыңға жеткен! Мұнан асқан күлкілі жайт болмас. Бұл енді млрд-таған ақшаның желге ұшуы, халық игілігін жауапсыз шашу. Журналистер сомасы 10 млрд-тан асатын осындай ең ірі 5 жобаның бір жылдың ішінде банкрот болып жоғалғанын көзбен көріп қайтқан («Төре сөз емес» сайты, 10.10.2020).

Жаңа ғасырда индустрияландыру мен инновациялаудың үдерісіне университеттердің рөлінің артып келе жатқаны әлемдік үрдіс. Қаншама жаңа технологиялар мен ғылыми тапқырлықтар осылардың қойнауынан қайнап жатқан тұста, Қытайлық университеттердің әлпеті көңіл көншітерлік кейіпте болмай тұр. Жершарындағы университеттерінің қатарын анықтау орталығының (Center for World University Rankings) 2018-2019 жж. қортындысында әлемдегі алдыңғы 100 университеттің 51-ін АҚШ иеленсе, Қытайдың мақтанышы «Qinghua» унив. (98 –ші) мен «Beijing» унив.(92-ші) алдыңғы жүздікке әрең ілініпті. Демек, Қытайдың ғылыми жетістіктерінің көмескі қайнарларының бірі де тым жұтаң хәлде деген сөз.

Қысқасы, Қытайдың ғылымы мен технологиясы әзір бәсекеге өте қабілетсіз күйде екендігімен қоймай, бәсекелік әлеуеті де әлсіз кепте. Иығынан дем алып әлемге өктемдігін жүргізгісі келіп жүрген елдің алдында, алдымен өзінің демігін басып, сабасына түсіп, төңірегін сабырмен аужайлау міндеті тұрған сияқты.

Мәлімет көздері: Қытай мерзімдік басылымдары және «Қытай оқымыстылары», «Өткен-кеткенге назар», «АҚШ-ты бақылау», «Төре сөз емес», «Жартылай өткізгіштер форумы», «Экономиканың өтпелілігін  зерттеу», «Экономикалық жиналыстар хабарламалары», «Бизнестің жаңа буыны», «Бизнестің қара жәшігі» сайттары, BBC, «The Finfncial Times», «The Wall Street Journal» қытайша нұсқалары.

0 пікір
Мұрағат