Биыл саны ең көп кеміген қай халық
Биыл саны ең көп кеміген қай халық
6 жыл бұрын 5445 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Күншығыс елінің әлемдегі халқы тез қартайып бара жатқан, яғни, туу көрсеткіші төмен әрі қарттар қарасы көп елге айналғанын білесіздер. CNN ақпарат көзінің таратқан хабыра мен келтірген дерегіне қарағанда, биыл ел тарихында халықтың кемуі қатты байқалған. Ең алдымен биыл туу көрсеткіші ең төмен ел атанды: 2018 жылы аталған елде 921 бала ғана дүние есігін ашқан. 1899 жылдан бері алғаш рет мұндай көрсеткіш тіркеліп отыр. Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі келтірген мәлімет бойынша туу көрсеткіші оның алдындағы өткен жылмен (2017 ж.) салыстырғанда 25 мыңға азайып кеткен. Тіпті, соғыс сойқаны жүріп жатқан елдердің өзінде мұндай көрсеткіш жоқ. 2018 жылы керісінше өлім-жітім көрсеткіші ең жоғары деңгейге жеткен - 1,369 млн адам бақилық болған. Айналып келгенде халық санының кемуі 448 мың адамды құраған. Дүниеге келгендер мен бақилық болғандардың арақатынасына шаққанда. Биыл халық саны 124 млн адам. 2065 жылы жапондар қарасы шамамен 88 млн адамға дейін кемімек. Демографиялық апат алдында тұрған елдің премьер-министрі Синдзо Абэ 2060 жылға қарай халық санының кемуін 100 млн адамнан асырмаудың алдын алатын шаралар қабылдауға пәрмен берді. Жапон билігі осы мақсатта 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған мектепке дейінгі білім беруді тегін етуге 2 трлн иен (18 млрд доллар) бөліп отыр. 2017 жылы самурайлар елінде бар-жоғы 946060 бала ғана өмірге келген. Проблемасы - бала көтеруге қабілетті жастан асқан әйелдер қарасы көбейіп кеткен. Еңбекке жарамды жастан (64) асқандар қарасы көбейген. Яғни, қазіргі уақытта аталған елде он жапонның үшеуінің жасы 65-тен асып кеткен. Алдағы он жыл ішінде 10 жапонға шаққанда 4 қарттан келетін болады. Бұл жайында Халықаралық валюта қоры мәлім етті. Кезінде, яғни, таяуда хабарлағанымыздай, шетелдіктерге есігі жабық аталған ел билігі талантты жастарды шетелден алдыру үшін көптеген шаралар қабылдаған болатын. Осыдан 21 күн бұрын жарық көрген хабарымыздағы деректерді тағы бір мәрте назарларыңызға ұсынамыз: 

Жапония гастрабайтерлерге есігін айқара ашатын болды
Күншығыс елінің парламенті екінші дүниежүзілік соғыстан кейін  қолданысқа енген ел аумағында шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдалануға қатысты тыйымның күшін жоятын шешім қабылдады. Бұл жайында Japan Times ақпарат көзі хабар таратты. Жапон билігі алдағы бес жыл ішінде шетелдік 340 мыңнан аса жұмысшының еңбегін пайдалануға бел буып отыр. Шетелдік жұмысшылар аталған ел экономикасының 14 саласында пайдаланылады: ауыл шаруашылығы, құрылыс, өздігінен жүріп-тұруы қиын науқастар мен қарттарды бағып-қағу, кеме құрастыру, т.б. Аталмыш ел билігінің мұндай қадамға баруына соңғы бірнеше жыл қатарынан халықтың қартаю процесі итермелеген. Науқастар мен қарттарды күтіп-бағатын адамдарға деген зәрулік бар. Десе де осы уақытқа дейін туристер мен іскерлік сапармен келгендерден өзгелерге есігін аша бермейтін арал мемлекет шетелдік еңбек мигранттарына мынадай шарттар қойып отыр: жапон тілін міндетті түрде білу, отбасын өзімен бірге ертпеу. Жеңілдігі: визаны бес жылға бір-ақ береді. Ал білікті мамандар үшін аталған шарттар мен талаптар жұмсартылған: мерзімсіз виза аштырып беріп қоймай, отбасын елге әкелуге рұқсат етеді. Туу көрсеткіші төмендеген елдегі қарттар саны рекордтық деңгейге жеткен: 65 жастан асқандар қарасы ел тұрғындарының 28 пайызын құрап отыр. Ал туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда 1,4 баладан аспайды. Бала тууға қабілетті әйелдердің жан басына шаққанда олардың бала туу әлеуеті 2,1-ге дейін жетеді. Жыл сайын күншығыс елінің тұрғындары шамамен 500 мың адамға кеміп отыр. 
0 пікір
Мұрағат