Омар ибн Абдүләзиз зиялылар тұсында амалды ғұламалардан, әділетті халифалардан саналған.
(Әз-Зәһәби)
Ғибадатшыл тақуа, рашид халифатардың бесіншісі жайындағы сөз – миск әтірінен таза, бақша гүлдерінен әсем. Оның ерекше өмірбаяны бақшадай, қайда барсаң да мамыр, жайнаған гүл, піскен жеміс. Тарихтың алғы қатардағы кітаптарының өзі толық түсіріп бітіре алмаған өмірбаянын осы кітапта қамту мүмкін болмағанымен, сол бақшадағы кейбір гүлдерді бейнелеуге, нұрынан бір сәуле алуға тосқауыл жоқ. Өйткені «бәрін ала алмасаң да, біразын ал» деген сөз бар. Омар ибн Абдүләзиздің өмірінен үш әңгіме ұсынамыз. Алла Тағала жазса, келесі кітаптарда қалған әңгімелерді айта жатармыз.
Үш әңгіменің бірін Мәдине қаласының ғалымы, қазысы және шәйхы Сәләмә ибн Динар жеткізіп отыр:
Мұсылмандардың халифасы Омар ибн Абдүләзизге Халәб аймақтарының бірі «Хунасараға» келген кезде келдім. Жасым келіп қалған кезім еді. Екеуіміздің кездеспегенімізге біраз уақыт өткен болатын. Қақ төрде отыр екен. Мәдинеде әкім болып жүрген кездегідей емес, қатты өзгеріпті, тіптен әрең таныдым. Құшақ жайып қарсы алды.
– Әбу Хазим! Жақын отырыңыз! – деп ілтипат танытты.
– Әмирүл-мүминин емессің бе, Омар ибн Абдүләзиз?!
– Иә, – деп жауап берді...
– Саған не болған? Жүзің жарқын, денің сау, өмірің қызық емес пе?
– Иә, солай.
– Алтын мен күмістің иесі Әмирүл-мүминин болғаннан кейін сенде не өзгеріс болған?
– Менде не өзгеріс болыпты?
– Денең арықтап, терің қатайыпты. Реңің сарғайып, көзіңнің жанары қашыпты.
Омар жылап жіберді.
– Мына үш жағдайдан кейін көрсең қалай болады?! Екі көзімді ағызып жіберсе, ішек-қарнымды ақтарса, денемді құрт жеп, араларында жүгірсе, сен менің қазіргі күйіме де зар болып, танымай қалар едің. Басын көтеріп, маған қарап, былай деді: «Осы сіз маған Мәдинеде бір хадис айтқан едіңіз, соны қайталай аласыз ба?».
– Әмирүл-мүминин, саған көптеген хадистер айттым, қайсысын меңзеп тұрсың?
– Сол хадисті Әбу Һурайраһ риуаят еткен.
– Иә, есіме түсті!
– Қайталап айтыңызшы, сіздің аузыңыздан есту ерекше әсер береді.
– Әбу Һурайраһтың былай деп айтқанын естідім: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай деп айтты: «Алдарыңнан қиын, өте қауіпті өткел шығады. Одан арықтар өтеді».
Омар еңіреп жылап жіберді. Көз жасын тыймай, қатты жылағаннан өті жарылып кетер ме екен деп қорықтым. Кейін көз жасын сүртіп, маған қарап:
– Сол өткелге дайындық ретінде жүдеп жүрсем, айыпқа тартасың ба? Сол өткелден өте алмаймын ба деп қорқамын. Өзімді құтыламын деп ойламаймын, – деді.
Ал екінші оқиғаны тарихшы Әт-Табари Әт-Туфәйл ибн Мирдастан риуаят қылады:
Әмирүл-мүминин Омар ибн Абдүләзиз халифалықтың тағына отырғаннан кейін Соғдияның әкіміне мына хатты жазыпты: «Еліңде мұсылмандарға арнайы қонақүй сал. Өткен-кеткен мұсылмандарды бір күн, бір түн қонақ қылыңдар. Жағдайын жасап, көлігін бағып беріңдер. Егер жолы ұзақ болса, екі-үш күн қонақ қылып, көмектесіңдер. Жолға азығы мен көлігі болмаса, ат-түйе беріп, қажет нәрселерін тауып беріңдер. Еліне жеткізіп тастаңдар».
Әкім Әмирүл-мүмининнің бұйрығын оқып, таң қалыпты. Әмір еткендей етіп тегін қонақүй құрыпты. Оның хабары шартарапқа жайылып, Ислам әлемінің шығысы мен батысы сөз қылып, «қандай керемет әділ халифа» деп мақтапты.
Самарқанд халқының атқа мінерлері жиналып, әкім Сүлеймен ибн Әбу Әс-Сәриге келіп:
– Сенен бұрын Құтәйбәһ ибн Мүслим Әл-Бахили келіп, елімізді шапты. Бізге қарсы соғысқанда сіздердің заңдарыңыздың бірін де ұстамады. Мұсылмандар! Сіздер дұшпандарыңызды Исламға шақырасыздар. Қабылдамаса, жизя төлетесіздер. Оған да қарсы шықса, соғыс жариялайсыздар. Сіздердің халифаларыңыздың әділдігі мен ынсаптылығын көріп, шағымымызды айтып, барып қайтпақшымыз. Әкім, рұқсат етсеңіз, біз барып қайтайық. Біздікі хақ болса, құқығымызды қайтарып аламыз. Олай болмаса, ешкім тонымызды шешіп алмайды.
Сүлеймен оларға Дамашыққа халифаға барып қайтуларына рұқсат береді. Халифа орталығына барып, Омар ибн Абдүләзизбен жолығып, шағымдарын жеткізеді. Халифа олардың шағымын тыңдап, Сүлеймен ибн Әбу Әс-Сәриге былай деп хат жазады: «Осы хатымды алған күннен бастап, осылардың шағымдарын қарайтын қазы тағайында. Қазы олардың құқықтарын қолдаса, мұсылман әскерлерін қалаларынан шығар. Сонымен қатар, сол жерлерден мұсылмандар да көшсін. Барлығы Құтәйбәһ ибн Мүслим Әл-Бахили азат етіп үлгермеген жерге дейін шегінсін».
Дамашықтан қайтқан топ жетісімен Самарқандтың әкімі қазылардың қазысы Жумәйғ ибн Хадир Ән-Нәжиді олардың ісін қарауға қазы қылып тағайындайды. Арыздарын тексеріп, жан-жақты сұрастырады. Мұсылмандардың әскері мен сардарларын сотқа шақырып, куәліктерін тыңдайды. Олардың айтқандары рас болып шығады. Сотта самарқандтықтар жеңіп шығады. Әкім мұсылмандардың әскеріне шегінуге бұйырып, қосындарға барып тұруға бұйырады. Олардың еліне қайтадан соғыспен немесе бейбіт келісіммен кіруіне рұқсат береді. Қайта соғысып жеңіп алмаса, ол жерлер мұсылмандардың қарамағына кірмейді. Самарқандтың ұлықтары мұсылмандардың бас қазысының шығарған үкімін естіп, бір-біріне:
– Қызықсыңдар! Олармен араласып жүріп, елдеріңе кіргізіп алдыңдар. Олардың мінез-құлықтарын, әділетшілдігін және басқа да шындықтарын көрдіңдер. Оларды жібермеңдер. Жақсы қатынас жасаңдар. Өздеріңдей көріңдер, – деседі.
Үшінші оқиғаны Ибн Абдүлхәкәм «Омар ибн Әбдүләзиздің өмірі» атты кітабында айтады:
Омар ибн Әбдүләзиз әл үстінде жатқанда, Мәсләмәһ ибн Әбдүл- мәлик кіріп:
– Әмирүл-мүминин! Осы мал-мүліктен балаларыңызды қалыс қалдырдыңыз. Маған немесе әулетіңіздің біріне өсиет етсеңіз.
Сонда Омар:
– Мені отырғызыңдар! – дейді. Отырғызғаннан кейін сөзін жалғастырады:
– Сенің әңгімеңді тыңдадым. Балаларыңды осы мал-мүліктен қалыс қалдырдың деген сөзіңе айтарым, олардың құқы болса ешқашан ауыздарынан жырған емеспін. Оларға құқығы жоқ нәрсені бермедім. Ал оларға қамқоршы болуға маған немесе әулетіңдегі қалаған адамыңа өсиет ету жайындағы өтінішіңе орай айтарым, оларға өсиетшім де, қамқоршым да – Кітапты шындықпен түсірген Алла Тағала. Ол салихтарға Өзі көмектеседі. Мәсләмәһ, біліп ал! Балаларым мына екеуінің бірі болады. Не – Салих (ізгі), Алладан қорқатын. Оларды Құдайдың өзі байытады, бір шығар жол тауып береді. Не – Талих (жаман), күнәға батқан жан. Алла Тағаланың қойған шегінен шығуға ақшалай көмектесетін бірінші адам болғым келмейді. Менің балаларымды шақырыңдар! – деп балаларын шақыртқызды.
Балаларының саны он тоғыздай еді. Оларды көргенде көзіне жас келіп: «Бұларды мен жап-жас күйінде тақыр кедей қылып тастап барамын», – деп іштей жылады. Оларға қарап:
- Балаларым! Сендерге көп жақсылық қалдырдым. Сендер қай мұсылманның немесе мұсылмандар арасында тұратын басқа дін өкілдерінің жанынан өтсеңдер, олар сендерге қарыздар екенін айтады. Балаларым, сендердің алдыларыңда екі таңдау тұр, бірі – байып, әкемізді тозаққа кіргіземіз, екіншісі – кедей күйімізде қалып, әкемізді жәннатқа кіргіземіз деген таңдау. Сендер әкелеріңнің тозаққа кіруін байлықпен айырбастамайтын шығарсыңдар,– дейді.
Кейін оларға жаны ашып:
– Тұрыңдар! Алла сендерді күнә істерден сақтасын! Тұрыңдар, Алла сендерге ырзық берсін! – деді. Сонда Мәсләмәһ оған қарап:
– Әмирүл-мүминин! Менде одан артық нәрсе бар.
– Не ол?
– Менде 300 мың динар бар. Саған берейін, балаларыңа бөліп бер, қаласаң, садақа қыл.
– Сол артық па, ей, Мәсләмәһ?
– Не ол?
– Кімнен алдың, соған апарып бересің. Сол ақшаны алуға құқың жоқ сенің.
Сонда Мәсләмәһ:
– Алла өмірде және ақыретте сізге мейірім етсін. Әмирүл-мү- минин, біздің қатып қалған жүректерімізді жібітіп, ұмытқан құндылықтарды еске түсірдің. Салихтардың тарихында мәңгі қалдың.
Тарихшылардың айтуынша, кейін Омар ибн Әбдүләзиздің балаларының ешқайсысы кедейшілік көрмей өмір сүріпті. Алла Тағала: «Арттарында жас балалар қалдырса, оларға не болар екен деп уайым жесін. Алладан қорықсын да дұрыс сөз айтсын», – деген. («Ниса» сүресі, 9-аят).