Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жомарттығы мен қонақжайлылығы
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жомарттығы мен қонақжайлылығы
2 жыл бұрын 3128

Игілік пен жомарттық Пайғамбарымыздың тума қасиеті еді. Әсіресе, Рамазан айларында Оның игілігі мен жомарттығында шек болмайтын. Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлауда ешкілерін санап жүргенде бір кісі келіп, бірнеше ешкі сұрайды. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған ешкілерін отарымен бере салады. Сол кісі отар ешкіні қауымына апарып:

«Барлықтарың мұсылман болыңдар.Мұхаммедтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жомарттығы соншалық кедейліктен ешқандай қорықпайды», - деген екен. Сахих Мүслим», Фадайл, 57).

Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейде біреуден бір нәрсе сатып алып, оны қайтадан сол адамның өзіне тарту етеді екен. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолына бір нәрсе түссе, дереу басқа біреуге сыйлыққа беретін болған. Егер өзінде бір түннен артық қалып қойса, соған реніш білдіретін. Расулұллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірлік серігі Хазіреті Үмму Сәләмә (радиаллаһу анһә) анамыз айтады:

«Расулұллаһтың жүзінен бір өзгеріс бар екенін байқап, себебін сұрағанымда: «Кеше алған жеті динарымды бере алмадым, өзімде қалып қойды», - деді». (Ахмед бин Ханбәл, «Мүснәд», VI-том. 293).

Әбу Зәрдің (радиаллаһу анһу) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:

«Ұхұд тауы түгелдей алтын болып, маған берілсе, (қарызымды өтеу үшін бөліп қойғаннан тыс) оның бір динарында үш күн ұстамай, бәрін жұртқа таратар едім». («Сахих Бұхари», 3).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қалтасындағы ақшаның соңғы тиынына дейін қайырға жұмсамайынша үйіне кірмейтін еді. Бір күні Федек басшысы сыйлық ретінде төрт түйе астық жіберген еді, Хазіреті Білал (радиаллаһу анһу) бұл астықтарды базарға апарып сатып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір яһудиге қарызы бар болатын, соны төлейді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақшаның жайын сұрағанда, Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһу) біраз ақшаның артылғанын айтады. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Оларды да садақа ретінде тарат: әйтпесе үйіме бара алмаймын», - депті.

Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһу) ақша беретін ешкімді таба алмайды да, Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйіне бара алмай, мешітте жатады. Ақыры, келесі күні таңертең қалған ақшаны Хазіреті Біләл (радиаллаһу анһу) таратып бітіп, Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаһ Тағала сені құтқарды», - дейді. Ал, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шүкіршілік етіп, үйіне барған еді. («Әбу Дәуіт, «Сүнән», Ишара, 35).

Бір рет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әдетінен тыс екінті намазынан кейін үйіне барып, қайта мешітке келеді. Себебін сұраған асхабына:

«Намазда отырғанымда үйде біршама алтынның бар екені есіме түсіп кетті. «Олар кешке дейін үйде тұрып қалуы мүмкін деп ойладым. Осы себепті үйге барып, садақа ретіндетаратуларын айтып кеттім», - дейді. («Сахих Бұхари», Азан, 158).

Тағы да бір күні ансардан базбіреулер келіп, Одан біраз нәрсе сұрайды. Кейін тағы басқалары келіп сұраған және олар да сұрағандарын алып кеткен. Ақыры ешнәрсе қалмаған соң: «Егер бір нәрсе қалып қойған болса, оны да аямастан беріп жіберетін едім», - депті. 

Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Хұнайн сапарынан қайтып келе жатқанда бәдәуи арабтар алдынан шығып, қоршап алады да, бір нәрсе беруін талап етеді. Олардың өзін әбден мазалағанынан ығыр болған Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір ағаштың артын паналауға мәжбүр болады. Сол кезде шапаны бір бұтаққа ілініп қалады. Расулұллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тоқтап:

«Шапанымды беріңдер! Егер мына ағаштың жапырақтарындай қойым болса, барлығын сендерге үлестіріп берер едім. Бұл айтқан сөзімнен мені не қорқақ, не сараң, не өтірікші ретінде мүлде көрмейтін едіңдер», - деген. («Сахих Бұхари», 24).

Қонақжайлылығы

Сан алуан жерлерден Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зияратшылар мен қонақтар көптеп келуші еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды тек өзі ғана күтіп, қызмет қылатын. Өзін көруге келген адамды міндетті түрде күтіп жіберетін. Ол алдына келгеннің мұсылман болсын болмасын бәріне тең дәрежеде қарап, бәрін де бірдей күтетін еді. Бір күні мүшріктердің бірі (мүшрік - пұтқа табынушы) Оның үйіне келіп, қонақ болады. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол қонағына тойғанынша ешкі сүтін береді. Кейде қонақтары көп келіп, үйде ешқандай дәм қалмай, үйіндегілер аш жататын еді. Тағы да бір күні Ғыфарилердің бірі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қонақ болады. Үйде аз ғана сүттен басқа ешнәрсе жоқ еді. Сол сүтті де қонағына беріп, өздері аш қалған екен.

Сахабалары арасында ең кедейлері суффа сахабалары еді («Суффа» - мешіттің бір бұрышын паналап, Құран, хадис үйренетін сахабалар, көбі ештемесі жоқ пақыр жандар еді). Олар жамағаттың күнделікті қонақтары болатын еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мырзамыз сахабаларына «оларды жиі-жиі күтіңдер» деп ескертіп жүретін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) төрт адам көтеретін тай қазаны болды. Түскі уақытта сол қазан әкелініп, бүкіл суффа сахабалары Расулұллаһпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге сол қазаннан тамақ ішетін еді. Кейде адамның көп жиналатындығы соншалық, Пайғамбарымыз отыратын орын таба алмай, жерге жайғасып отыра кететін.

Бір күні Расулұллаһ бүкіл суффалықтарды жинап, жұбайы Хазіреті Айшаның (радиаллаһу анһә) үйіне барады. Хазіреті Айшадан (радиаллаһу анһә) үйде бар тағамдарды әкелуін өтінеді. Дастархан толы тағамдарды жеп бітірген соң, тағы да сұрайды. Құрма жегізіп, артынан сүт береді. Осылайша суффалықтарды құрметтеп күткен еді.


Проф. Др. Хасан Камил Йылмаз, «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттері». Аударма. Қазақ тілінде.

0 пікір