ИМАМ МӘЛІКТІҢ ХАДИСКЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІ
ИМАМ МӘЛІКТІҢ ХАДИСКЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІ
4 жыл бұрын 4259

Имам Мәліктің хадиске көрсеткен құрметін Исмайл ибн Әби Убәйс былай тілге тиек етеді:

"Имам Мәлік хадис дәрісін беретін кезде алдымен дәрет алып, сақалын тарайтын. Сосын өте салмақтылықпен әрі ерекше ынтамен хадис риуаят ететін. Ол осылай істеуінің себебін: «Расулуллаһтың (с.а.у.) хадисіне құрмет көрсетіп, оны жоғары мәртебеге көтеру маған ерекше тебіреніс береді. Дәретсіз әрі немқұрайлы түрде хадис жеткізе алмаймын», -деп түсіндіретін".

Ол жол бойында тіке тұрып әрі асығыс түрде хадис риуаят етуді ұнатпайтын. Ол (Имам Мәлік): «Расулуллаһтан риуаят еткен хадистерді түсінуден ләззат аламын» - дейтін[1].

Сондай-ақ, Имам Мәлік табиғин Сайд әл-Мусайябтың хадиске көрсеткен құрметін былайша әңгімелейді:

«Науқастанып төсегінде жатқан Сайд ибн әл-Мусайябқа бір адам келіп, бір хадис жайлы сұрады. Сонда табиғин Сайд жатқан төсегінен тұрып, адамның сұраған хадисін айтып берді. Әлгі адам: «Сені бұлай әуреге саламын деп ойламаған едім» - дегенде Сайд: «Жатып алып Расулулаһтың хадисін айтуды жөн санамаймын» - деп жауап қайырды»[2]. 

Дәретсіз күйде хадис айтуға мәжбүр болған Аъмәш, Дирара ибн Мұрраның (ө. 132/749) «Сахабалар дәретсіз күйде хадис айтуды ұнатпайтын» деп айтқанын риуаят еткен[3].

Қатада, Расулуллаһтың (с.а.у.) хадистерін дәретпен оқытуды сауапты іске жатқызған; Бишр ибн әл-Харистің айтуы бойынша (ө. 229/843-844), Ибн Мүбарак жолда кетіп бара жатқанда хадис жайлы сұрақ сұраған адамға:

«Бұл - білімге құрметсіздік» - деп айтқан екен[4].

Басқа бір риуаятқа қарағанда Ибн Мүбарак мына бір таңқаларлық оқиғаны айтып береді:

«Хадис дәрістерінің бірінде Имам Мәліктің жанында тұр едім. Бір кезде бір шаян келіп Имам Мәліктің 16 жерінен шағып алды. Бірақ Мәліктің жүзі қызара-бөріткенімен сабыр сақтап, хадисті жарым-жарты қалдырмай тамамдады. Дәріс бітіп, оқушылар тарап кеткеннен кейін одан «Жүзің бір түрлі бұзылып тұр ғой» деп сұрағанда, Ол (Имам Мәлік): «Иә, Расулуллаһтың хадисіне деген құрметім себепті осылай сабыр еттім» - деп жауап берді» - дейді Ибн Мүбарак (рахматуллаһи алейһим әжмәъин.)[5].

"Сүннеттің діндегі орны" атты кітаптан.
Авторы: Имам Суюти.
Аударған: Файзулла Тайталиев. Алматы, 2010 ж.


[1] Бәйхақи, а.а.ә. 391 б; Рамәһүрмүзи, а.а.ә. 585 б; ибнус-Салаһ, Муқаддимә121 б.
[2] Бәйхақи, а.а.ә. 391 б; Хатиб, Жамиғ І, 409; Фәсәуи І, 409.
[3] Бәйхақи, а.а.ә. 393 б.
[4] Бәйхақи, а.а.ә. 393 б.
[5] Бәйхақи, а.а.ә. 394 б.

0 пікір