Танымал журналист, Тони Блэрдың балдызы Лорен Бут Исламды қалай қабылдады?
Танымал журналист, Тони Блэрдың балдызы Лорен Бут Исламды қалай қабылдады?
8 жыл бұрын 5689 islamstory.com
Аударған Шынар Әбілдә

Ұлыбританияның адам құқын қорғау қозғалысының белсенді мүшесі, журналист, қоғам қайраткері Лорен Бут 2010 жылы Исламды қабылдағанын жариялады. Ол Британияның премьер-министрі Тони Блэрдың әйелінің  сіңлісі болып келеді. Лорен Буттың Исламды қабылдауы Ұлыбританиямен қатар, Батыстың өзге елдерінде де үлкен наразылық тудырды. Оның бұл қадамға баруына Гардиан газетіндегі бір әйелдің Исламды қабылдауы себеп болған.

Лорен Бут 1967 жылы Лондонда дүниеге келген. Исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын отбасында тәрбиеленді. Ол әлемде болып жатқан барлық жаңалыққа құлағы түрік жүретін өте белсенді журналист еді. Оның кезекті журналистік зерттеулерінің бірі Исламды қабыладауына түрткі болды. Бүкіл әлем Лорен Бутты адам құқын қорғаушы ретінде танитын. Ол америкалықтардың Иракқа жасаған оккупациясына 2003 жылдан бастап қарсы болды. Газа секторының израильдік блокададан еркіндік алуы жолында белсенді күресті. Сонымен қатар, халық Лоренді жездесі бола тұра Тони Блэрдің жүргізіп отырған саясатына қарсы журналист ретінде танитын.

 

Лорен Бут Исламды қалай қабылдады?

Арабтарды қатты жақсы көріп, олардың сөзіне имандай сенген Лорен Бут палестиналық азаматтыққа қол жеткізеді. 2008 жылы палестиндік азаматтығын растайтын құжатты сол елдің үкімет басшысы Исмаил Ханиидің қолынан алады. Содан кейін де ол бірнеше рет Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағажайына барып қайтады. Исламды қабылдауына арабтармен тығыз араласуы әрі Ислам мен арабтардың мәселесіне деген зор ынтасы себепші болды.

Уақыт өткен сайын Лорен Буттың арабтарға деген ілтипаты да өсіп, Исламға, Аллаға деген ынтасы арта берді. Ұлдарынан айырылған аналарды көріп, Ол жай ғана гуманист белсенді болып қала алмады. Кейін ол: «Таяу Шығыста неғұрлым ұзақ болған сайын мешітке ықыласым да соғұрлым ауа берді. Турист ретінде қызығушылығым шығар деп ойлайтынмын. Кейін жай ғана турист емес, бүкіл діндердің басын құрайтын Исламға саяхатшы екенімді» - деп жазды.

Мешітке алғаш кірген кезде оған «қайтсем де мұсылман болуым керек» деген ой мықтап бекиді. Ал Лондонға оралысымен Лорен Бут шәһадат айтып, мұсылмандықты қабылдайды.

 

Исламды қабылдағаннан кейінгі Лорен Буттың әрекеті

Оның Ирак пен Палестинаның басқыншыларына қарсылық білдірген белсенділердің қатарында болғанын айтып өттік. Лорен бұл жағдайларға қатысты пікірін көптеген аты-шулы әлемдік телеарналардың телебағдарламаларына қатысып, білдіретін. Лондондағы «Әл-Хибар» телеарнасының «Ерекше диалог» атты осындай бір бағдарламасында Лорен Бут былай деді:

«Батыс Исламды қатты қаралайды. Ал, біз мұсылмандар, батыс саясаткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының сол қарсылығына қарамастан көркем мінезіміз бен жоғары мәдениетімізді көрсетуге барып салып жатырмыз. Бірақ бәрібір жабық есікті қағып тұрғандаймыз. Еуропалық саясаткерлерге мұсылмандардың жерлері мен халықтарын жаулап алуының басты себебі не болғанын анықтап алғаны жөн болар еді. Еуропадағы мұсылман еместер Исламды таратумен күресіп жүріп, өздерін жамандықпен күресіп жатырмыз деп ойлайды. Алайда, , олар мен секілді Палестинаға барса, ондағы шын Британ елі, тұтас Еуропалық одақ, АҚШ-тың қолдауымен сионистік Израильдің Палестина халқына жасап жатқан зорлық-зомбылығын өз көзімен көрер еді. Олар палестиналықтарды «жамандықпен күресіп жүрген елдер мен мемлекеттердің» көмегімен Израильәскерлерінің бомбылап, қырып жатқанын көрер еді».

Лорен Бут халықаралық серіктестік түйткілдерін шешуші аса белсенді қоғам қайраткері саналады. Оның негізгі қызметі Палестина мәселесімен жұмыс жасайтын қаптаған халықаралық қайырымдылық қорларымен тығыз байланысты. Ол «Халықаралық журналистер одағының» мүшесі, «Журналистер соғысқа қарсы» деген секілді адам құқығын қорғайтын әлемдік көмтеген ұйымдарға мүше. 

Лорен қыздарымен

Лорен Бут мұсылман елдерінде өтетін көптеген исламдық форум, симпозиум, конференциялар мен салтанатты жиындарға қатысып тұрады. Одан бөлек бірқатар танымал газеттерге мақала жазады. Оның мақалары The Sunday Times, Daily Mail секілді апталықтарда жиі жарияланады. Интернетте өз сайты бар. Қазіргі кезде ол «Исламға саяхат» атты өмірбаяндық шығармасын жазып жүр.

 

0 пікір