Әлемге танымал қазақстандық ғалым Бекет Ғалымжанұлы Нұржанов 1949 жылы 30 сәуірде Ақмола (қазіргі Астана) қаласында ұстаздар отбасында дүниеге келді.
Ұстаздар отбасының ұстанымы Бекет Ғалымжанұлының болашақтағы мамандығын таңдауына тікелей әсерін тигізді. Білім қуған ол 1968 жылы С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философиялық-экономикалық факультетіне түсіп, 1973 жылы оны үздік бітіріп, «Философ, философия оқытушысы» мамандығын алып шықты. Университет қабырғасында да оған танымал қазақстандық философтар А.Х.Қасымжанов, Қ.Х.Рахматуллин, Ж.М.Әбділдин, М.Н.Чечин, Ә.Нысанбаев, О.А.Сегізбаев сынды аса білгір ғалымдар ұстаздық етті.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы да жақсы болады» деген мәтел бар. Осындай айтулы ұстаздардан тәлім алған Бекет Ғалымжанұлы да олардың жолын қуып университетте оқытушылық жолына түсіп, ғылыми шығармашылық жұмыспен тынбай айналыса бастайды. Нәтижесінде, 1982 жылы КазКСР ҒА мүше-корреспонденті, профессор А.Х. Қасымжановтың жетекшілігімен «Диалектикалық неорационалистік ұстындарына сыни талдау» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ал 1992 жылы Мәскеу қаласында Ресей Ғылым академиясы Философия институтында Ресейге танымал философ-ғалым Н.В.Мотрошилованың кеңесшілігімен «Гегель диалектикасы: болмыс және еркіндік» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады.
Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап, отандық білім беру саласында түбегейлі өзгерістердің болғаны баршамызға белгілі. Б.Ғ.Нұржанов алғашқылардың бірі болып, профессорлар С.Т.Темірбеков, Т.Х.Ғабитов, т.б. бірлесе отырып, Қазақстандағы мәдениеттану ғылымының негізін қалады. 1995-2008 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мәдени антропология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы уақыт аралығында әлемге таныла бастаған ғалымның жетекшілігімен және жеке өзінің тікелей құрастыруымен философия және мәдениеттану мамандықтарының студенттеріне арналған бірнеше арнайы курстарды, атап айтар болсақ, «Философия тарихы», «Мәдениеттану», «Мәдениет философиясы», «Философиялық антропология», «Мәдениет тарихы», «Тіл және мәдениет», «Заманауи батыс философиясының жаңа үрдістері», «Ницше философиясы», «Мәдениет тарихындағы миф және рәсім», «Модерн және постмодерн мәдениеті», «Ж.Дерриданың мәдениет философиясы» т.б. бағдарламаларды дайындап, оны студенттер мен магистранттардың назарына ұсынды. Ол сондай-ақ «Мәдениеттану» пәнінен Қазақстандағы алғаш шыққан оқулықтың авторы.
Сол кезеңде ол басқарған кафедра Қазақстан Республикасында мәдениеттану саласынан бірден-бір жоғары білікті мамандарды дайындайтын ғылым білім беру орталығына айналды. Университет жанынан арнаулы мәдениет философиясы бойынша диссертациялық кеңес те құрылып, көптеген ізденушілердің кандидаттық және докторлық диссертация қорғауына мүмкіндіктер ашылды. Бекет Ғалымжанұлының тікелей жетекшілігімен 5 докторлық, 15 кандидаттық және 8 магистрлік диссертация сәтті қорғалды.
Айтулы ғалым-ұстаз есімі Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Ол көптеген халықаралық конференциялар мен семинарларда сөз сөйлеп, өзінің төлтума ойларымен қазақстандық руханиятты әлемге паш етті. Оған 2004 жылғы қараша айындағы Париждегі ЮНЕСКО бастамасымен өткізілген «Философиялық сұхбаттастық: Азия және Араб әлемі» атты философтар күніне арналған дөңгелек үстел, 2007 жылы Лондонда өткен білім беру мәселесіне байланысты дөңгелек үстел және «Адами креативтілік философиясы» атты семинар, 2007 жылы АҚШ-тағы Беркли Калифорниялық университетінде жасаған «Қазақиұлттықидея» атты баяндамасы және т.б. айтулы қызметтері дәлел бола алады.
Бекет Ғалымжанұлы көп тілді жетік меңгерген полиглот (ежелгі грек, латын, француз, ағылшын, неміс, итальян тілдері) ретінде Батыс ойшылдары: Ж.Бодриар, Ж.Делез, Ж.Ф.Лиотар, Р.Жирар, Ф.Джеймисон және басқалардың ғылыми еңбектерін француз және ағылшын тілдерінен аударып, қазақ тілді оқырмандарға Еуропа философиясын түсінуге кең жол ашты. Ол мәдениеттанушы Ә.Қодармен бірге мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мәдениеттану секциясының 10 томдығының 7-8 томының жарыққа шығуына мұрындық болды. Сонымен қатар Бекет Ғалымжанұлы 2007-2009 жылдары «Қазақстанның тұрақты дамуындағы ұлттық идея негіздері» атты мемлекеттік бағдарламаның іске асуына белсене араласты және «Шығыс пен Батыс мәдени сұхбаттастығы аясындағы Қазақстандық ұлттық идея» тақырыбындағы жобаның орындаушысы болды. Ол барлығы 100-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 монография мен оқулықтардың авторы. «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулақ жүруі керек» деген әл-Фараби бабамыздың ұстанымын Бекет ағамыз өзіне принцип етіп алғандай ғылым жолындағы тазалығы арқылы әрқашан әйгіленіп тұратын.
Қазақстандағы «Хабар» телеарнасынан белгілі сатирик-жазушы Көпен Әмірбек пен сықақшы-актер Бауыржан Ибрагимовтің жүйелі жүргізілетін «Көз көрген» қойылымы ойға оралып отыр. Бұл хабар өмірден озған зиялыларымыздың ғұмырынан қызықты жайттарды, үзік-үзік ойларды еске алу арқылы халқымыздың жадысын жаңғыртып отырушы еді... Ал фәни дүниеден озғанына жарты жылдан асқан Бекет Ғалымжанұлы Нұржановтың ғылымдағы, оның ішінде, мәдениет философиясы саласындағы салып кеткен сара жолын, салиқалы ойларын сараптамалау арқылы ғана еске алып, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз. Бекет Ғалымжанұлының артында сүйікті жары Альбина Мейірбекқызы мен сүйкімді қызы Диана қалды. Олар Бекеңнің мұрасын жалғастырып қана қоймай, жаңғырта береді деп сенеміз.
Ойшылдың терең мұрасын зерттеу, таразылау, бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу – уақыт талабы. ... Асқар таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Лесхан Асқар, Берік Аташ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті,
Философия кафедрасының ұстаздары