Иман – ол, өмір!
Иман – ол, өмір!
2 жыл бұрын 2305

Шынайы мағынада бақытсыз деп «иман» қазынасынан мақұрым болған адамды айтуға болады. Шынайы сенімнің үлесінен мақұрым болған адамды. Ондайлар үнемі қайғы-мұң, ашу мен қорлық ішінде. Құранда: «Кім менің Құранымнан бас тартса, оған тар тұрмыс  болады» - делінген (яғни, бұ дүниеде рухани тарлық, о дүниеде азап бар). («Таһа» сүресі, 124 аят).

Адам жанын жадырататын, оны тазалап, дұрыс бағытқа қоятын, оған қуаныш сыйлап, одан қайғы-мұңды, ондағы уайым-қайғыны кетіретін - бүкіл әлемнің жаратушысына, яғни, Құдай Тағалаға деген иманнан басқа ештеңе емес.

Құдайға сенбейтіндер өмірдің ауыр сынағына тап болып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған заматта, басына келген қайғы қамытынан құтылудың, қиналған жанын рақаттандырудың бір ғана жолы бар, ол - өмірімен қош айтысу ғана деп ойлайды. Өйткені о дүниеге деген иманы жоқ адамның өмір түсінігі осы дүниемен ғана шектеулі...

Имансыз өткен өмір неткен бейшаралық өмір десеңізші! Алланың жер бетіндегі адамдарға арнаған өмірлік заңына қарсы тұрғандарға болар мәңгілік лағынетті айтсаңызшы! Құранда:

«Олардың көңілдерін, көздерін теріс айналдырамыз. Алғаш рет оған сенбегендіктері сияқты оларды сергелдеңдікте қойып қоямыз. Олар қаңғырып жүреді». («Әнғам» сүресі, 110 аят).

Ендігісі, бүкіл әлемнің еш шүбәсіз "Алладан басқа тәңір жоқ" екендігіне сенетін уақыты келді. Ғасырлар бойы жалғасқан ұзақ тәжірибеден кейін адамның ақылы пұтқа табынудың - соқыр сенімділік, күпірліктің – қорлық, атеистіктің – жалған, ал пайғамбарлардың – шыншыл, Алла Тағаланың хақ екендігіне көз жеткізді. Бүкіл әлемнің иелігі бір Аллаға тән. Оған мадақтар болсын. Оның әр нәрсеге күші жетуші!

Иманыңыздың мөлшеріне қарай, күштісіз немесе әлсізсіз. Иманыңызға қарай (өмір) ыстық не суық болмақ. Иманыңызға қарай бақыттысыз, қуаныштысыз әрі жан тыныштығындасыз.

«Ер немесе әйелдерден кім Құдайға сенген бойда ізгі іс істесе, әлбетте оларды жақсы өмір сүргіземіз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз». («Нәхл» сүресі, 97 аят).

Аятта айтылған «жақсы өмір» - Жаратушыларының уәде еткен көркем сыйлығына жандарының жай табуын, Раббыларына деген сүйіспеншіліктері себепті жүректерінің тұрақтылық сипат алуын, ар-ождандарының адасушылық кірінен тазаруын, өмірлік сынақтармен бетпе-бет келгендегі жүйкелерінің суыққандылық танытуын, жазмыштың басқа салғанына жүректің тыныштық күй алуын және тағдырға разы болуын білдірсе керек. Өйткені олар, Алла Тағаланы құдай ретінде, Исламды дін ретінде және Мұхаммедті (с.а.у.) пайғамбар ретінде қабылдап, соған разы болғандар[1]...


[1] Айыз Қарнидің «Лә тәхзан!» («Қайғырма») атты кітабынан. Араб тілінде.

Абдусамат Қасым

0 пікір