Үйленетін жастардың бір-бірімен сөйлесуі
Үйленетін жастардың бір-бірімен сөйлесуі
8 жыл бұрын 6260
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА, исламтанушы

Қалыңдық пен жігіттің тек бір-бірін көруі жеткіліксіз. Олар бір-бірін тануы үшін əңгімелесуі де қажет. Бұл кезде екі жас бір-бірінің сұрақтарына еш нəрсені жасырмай, бүкпесіз жауап беруі керек. Əрі өздерінің талап-тілектерін де білдіргені дұрыс. Сонда ғана олар болашақ жары жайлы дұрыс мəліметтер ала алады. Қалыңдық пен жігіттің сөйлесуіне дініміз рұқсат бергенін мына оқиғадан көре аламыз. Халифа Омар (р.а.) хазірет Алидің қызы Үммү Күлсімді айттырмақ болады. Сонда хазірет Али (р.а.): «Қызымның пікірін сұрап көрейін, ол не дейді екен?» - деп, қызына болған жайды баяндайды. Үммү Күлсім: «Халифа Омарды жақыннан көрген емеспін, оны танымаймын ғой», – дегенде, əкесі: «Олай болса сені халифа Омардың үйіне жіберейін, кездесіп, танысыңдар», – дейді. Үммү Күлсім халифа Омардың үйіне барып, онымен танысады. Екеуі сөйлескеннен кейін халифаның ұсынысын қабыл алып, оған тұрмысқа шығуға келіседі.

Сөйлесу барысында жоғарыда айтылғандай, екі жақ өздерінің шарттарын ашық баяндауы қажет. «Алдымен үйленіп алайық, сосын шарттарды сөйлесе жатармыз. Шарттарымды қазір айтсам, оны үркітіп алармын» деп құрылатын жоспар шаңыраққа деген опасыздық болып саналады. Сондықтан істің басында екі жастың ешқандай ойын ішіне бүгіп қалмай, ағынан жарылғаны абзал. Бірақ сөйлесу кезінде де екі жастың жалғыз қалуына болмайды. Алдыңғы тақырыпта айтқанымыздай, қыздың жақыны немесе жігіт жағынан бір əйел адам қастарында отыруы қажет. Қыз бен жігіттің жалғыз қалуына Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп тыйым салған:

لاَ یَخْلُوَنَّ رَجُلٌ بِامْرَأَةٍ إلَّا وَ مَعَهُمَا ذُو مَحْرَمٍ

«Ер адам қасында махрамы (өзімен үйлене алмайтын ет жақын туыстары) жоқ бөтен əйелмен оңаша қалмасын»[26].

Тіпті, бір хадисінде ер кісі мен əйел адам жалғыз қалғанда қастарында шайтан болатынын ескертіп былай дейді:

لاَ یَخْلُوَنَّ رَجُلٌ بِامْرَأَةٍ فَإِنَّ الشَّیْطَانَ ثَالِثُهُمَا

«Ер адам бөтен əйелмен оңаша қалмасын, өйткені олардың үшіншісі шайтан болады»[27].

Бұл бір жағынан қыз баланың намысын сақтауға, өсек-аяңға ілікпеуіне себеп болатын болса, екінші жағынан екі жасты адалдықтың ала жібін аттамай, шайтанның азғыруы мен нəпсінің жетегінде кетуден сақтайды. Осылайша дініміз əкесіз балалардың дүниеге келуінің алдын алып, жастардың опық жемеуін көздейді. Олардың ибалы да, тəрбиелі тұлғасын имандылықтың адал салтымен қорғайды.

Танысу, кездесу, сөйлесу мəселесіне келгенде мына жайтты да ескерген жөн болар. Қазіргі таңда жастардың көпшілігі интернетті қолданады. Жақында бір бойжеткеннің былай деп сұрақ қойғаны бар еді: «Мен интернет арқылы бір жігітпен таныстым. Екеуміздің хат жазысқанымызға бір жылдан асып кетті. Бір-бірімізге суреттерімізді жібердік, анда-санда телефон арқылы да сөйлесіп тұрамыз. Мен оны қатты жақсы көремін. Ол да мені ұнататынын айтады. Өзі - шетелдің қазағы. Бір-екі мəрте Қазақстанға келмекке ниеттенді. Бірақ жолы түспей- ақ қойды. Енді мен не істеуім керек? Оны қатты жақсы көретінім соншалық, ол үшін бəріне дайынмын. Оның Қазақстанға келуін күтейін бе? Сіз жасы үлкен кісі ретінде маған қандай ақыл-кеңес айтасыз?».

Бойжеткеннің əңгімесін тыңдап отырып іштей: «Шіркін, албырт жастық-ай, сонша аңғал болармысың!» дедім. Егер жігіт келіп ұсыныс жасаса, əлгі қыздың алды-артын ойламастан, бірден келісе кетері анық. Себебі оның ойын дəл қазіргі сəтте ақыл емес, сезім билеп тұр. Бойында «махаббат» жалыны лаулаған бойжеткеннің жігіттегі мінез-құлықтың қандай екенін, шын ниетінің не екенін ойлауға да мұршасы жоқ. Көрмеген, кездеспеген жігітке ғашық болу мүмкін бе? Суреттен көрген түр-тұлғасы мен жылы сөздері ғашық болуға тати ма? Оның сөзі басқа, ісі басқа адам болса ше? Осындай көрсоқырлықтан талай жас қосылғанша асығып, көп өтпей бір-бірінен тұра қашып жатқан жоқ па?

«Сүйдім, күйдім» деп атүсті некелесе салған адамдар көп. Əркім өз қиялымен үйленеді, жарының өз қалауынан шығуын күтеді. Бірақ мұндай қиял тек онда ғана емес, жарында да бар. Кісі қиялы бір басқа, тұрмыстық күнделікті күйбеңнен тұратын өмір шындығы бір басқа. Бірақ қыз бен жігіттің сөз байласуы кезінде мұндай аса маңызды тақырыптар қозғала қоймайды. Кездесу барысында екі жастың арасында өрбіген əңгіме ойын-сауықты сөз етуден əріге аспайды. Қоғамымызда көптеп кездесетін, осындай «əттеген-айларды» саралап қарайықшы. Мысалы, бір жігіт университетті бітірген қызға үйленді делік. Көп ұзамай той өтіп, кісі аяғы басылған соң жас келін: «Үйде отырмаймын» деп шу шығарды. Ашуға мінген отағасы «Отбасыма керекті қаржыны өзім табамын. Əйелім бала тууды екінші орынға ысырып қойып, жұмыс істеп, қызмет қумақшы. Бұған жол бере алмаспын», деп қарсыласады. Ал босағаны кеше аттаған жас келін: «Менің арманым əу бастан осындай болатын, үйленбей тұрып мен оған үйде отырамын дегем жоқ» деп, екі қолын бүйіріне таянып бедірейіп отырып алады. Отбасын енді құрғандардың араларында мұндай ұрыс шықса, бұл шаңырақтан қандай ырыс пен береке күтеміз?

Кейде жас келін «Мен ата-енеммен тұра алмаймын» деп мінез көрсетсе, жігіт «Мен əке-шешемді тастап кете алмаймын» деп ширығады. Мұндай текетірестерді көргенде «Бұл екеуі сөз байласқан кезде қыдырудан басқа түк бітірмеген бе?» деген ой еріксіз көкейді көлегейлеп кетпейді. Мұндай ұрыс-керістердің дені ертеңге көз жүгіртіп, терең ойланбаудан туындайды. Біз көп ретте ойланудан қашамыз, бəрін білемін деп ойлаймыз. Кейде бəрі қарсы боп тұрғанын сезсек те, соңы жақсылыққа апарып, марғұланға жеткізбесін іштей болжасақ та, нар тəуекелге басып, үмітті үкілеп өзімізді-өзіміз алдаймыз. «Жастар ақылы кіріп, үй боп кетсе түзелер», «əйелі дұрыстар», «балалы болған соң аптығы басылар» деген сөздерге құлағымыздың еті үйреніп-ақ қалған. Əрине, бұлай бола кетуі екіталай екенін уақыт қана көрсетеді. Үйленбей тұрып ертеңгі күннің мəселелерін талқылаудың бір пайдасы осында жатыр. Мұндай ашық əңгіме ертеңгі күні ашу-ыза мен көз жасты көлдетудің алдын алады. Танысу барысындағы əңгіме жігітке қызды, қызға жігітті тыңдауына, таңдауына мол мүмкіндік береді. Сондықтан істің басында-ақ ойларын ортаға салып, бір-біріне пікірлерін білдіргені, осылайша өздерінің қандай арман-тілегі барын анықтағаны дұрыс. Егер екеуі осы сөйлесу барысында бір мəмілеге келсе, екі жақтың да жүрегі тыныш, ертеңгі таңы арайлап атпақ. Ал қарсы жақ белгілі бір жағдайды қабылдай алмаймын десе, ондай ыдыс-аяғының сылдыры көп отбасын құруды тоқтату жөн. Себебі кейіннен жүйкені жұқартып, жігерді құм қылатын, түйіні шешілмейтін шулы шаңырақ болудан гөрі береке мен бірлік іздеп, өзімен үйлесе алатын жар іздеу артық емес пе? Егер адам өз тағдырын басқа бір адаммен қосамын десе, одан сыр бүгуі қаншалықты дұрыс? Кейде адамдар бір-бірінен өз білімі, денсаулық жағдайы немесе отбасы туралы маңызды жағдайларға келгенде бір бармақтарын ішке бүгіп қалады. Кейде тіпті бұрын үйленгендігін немесе баласының болмайтындығын біле тұра жасыратындар да баршылық.

Бірде ауылдағы сыйлы бір кісінің отбасына сол ауылдан басқа жаққа көшкен атақты кəсіпкер қыз айттырып, құда жібереді. Əрі ауылдас, əрі дəулетті адамдармен құда болуға қыз жақ та қуанысады. Əке-шешесі «теңің» деп қызын көндіреді. Қыз бен жігіт бірнеше рет жолығысып, тіл табысқандай болады. Кездескен сайын алтын, жауһар мен маржанға бөленудің де əсері аз болмаса керек, думандатып той да өтеді. Келін түсіріп, құдаларға құйрық бауыр асатқанша асыққан жігіт жағы ұлының жындыханаға жатып шыққаны туралы, жүйке ауруы жайлы ешкімге лəм-мим демеген. Қыз бірге тұра бастаған соң ғана күйеуінің бойындағы кемшілікті сезеді. Бірақ ата-анасының, өзінің атына кір келтірмеу үшін кейбір оғаш қылықтарын байқамауға тырысады. Осыны ойлап тəрбиелі жерден қыз алған ата-енесі келінін үлде мен бүлдеге орайды, айтқанын екі етпей ханшадай күтеді. Бірақ күйеуінің ауруы қозған күндердің бірінде ата-енесі келінін өлімші күйде арашалап алады. Жаны тірі қалғанмен біреудің мəпелеген баласының бағын байлап, обалына қалғандары сөзсіз. Жұбайының жүйке ауруынан шошынған зайыбы қорыққанынан төркініне кетеді де, жалғандыққа құрылған жұп бір жылға жетпей ажырасып тынады. Осындай оқиғаларды естігенде жаның түршігеді. Мұндай күрделі оқиғаларды маңызды шешім қабылдар алдында жасыруға əсте болмайды. Сондықтан үй боламын деген күннен бастап, екі жастың арасында жасырын сыр болмай, сабыр мен байыпқа барынша күш салу керек. Өмірдегі ең маңызды қадамды жасарда жан-жақты ойланбасқа бола ма?

1 пікір
  • Әсерлі мақала екен, қазіргі таңдағы ең-ең деген елеулі сұрақтармен көтерілген тақырып көтердіңіз. Біз білмейтін мәселелер қаншама. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы танысудың жақсы емес қырлары да көбірек. Көп рахмет, пайдалы да игі мақалаларыңыз көбее бергей! Алла риза болсын!
    8 жыл бұрын