Ата-ананың баласы алдындағы негізгі міндеттерінің бірі – оларға жақсы әдеп үйрету. Жақсы әдеп үйрету ісі көп жағдайда баланың балаң түсініктерін дер кезінде дұрыстау, оның білместікпен жасаған қателіктерін түзету арқылы жүзеге асады. Мысалы, баламыздың төсегінде етпетінен жатқанын көрсек, оған: «Балам, еш уақытта етпетіңнен жатушы болма, оң жақ қырыңмен жат. Дініміз солай талап етеді» деп, бірден қателігін түзетіп отырған дұрыс. Қате қылықтар перзенттеріміздің жас кезінде түзетіліп отырмаса, кейін әбден дағдыға айналып, бойына сіңіп кеткен соң оңалту қиын болады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) шариғатымызға жат, ұнамсыз қылықты көрсе, бірден түзетіп, оның жасалу себептерін тауып, қажет кезде ол ұнамсыз қылыққа балама ретінде не істеуге болатынын үйретіп, тіпті әлгі адамның ондай қылыққа екінші бармауын тілеп, Алла тағалаға дұға да жасайтын болған. Қазір де кез келген ата-ана бала тәрбиесінде осыны ескергені жөн.
Бала жасаған қателікті «олай жасама, бұлай жасама, үйтпе, сүйтпе» деп жалаң тыйымдармен немесе қатаң қорқытумен түзете алмаймыз. Баламыздың дұрыс емес іс-әрекетін көрсек, оны сол жерде түзетіп, содан соң сол іске қатысты шариғат қағидаларын да түсіндіріп отырған дұрыс. Сонда кез келген қателік түп тамырымен жойылады. Ендеше, бала-шағамыз теледидардан әдепсіз фильмдер көріп отырғанын байқасақ, оны жай ғана тыйып тастау немесе теледидарды сөндіре салу жеткіліксіз. Өйткені бала оны біздің көзімізше көрмегенмен, оңаша жерде одан бас тартпауы әбден мүмкін. Олай болса, ұл-қызымызға көзімізді ұятсыз, бейәдеп дүниелерге салуға болмайтындығын, Алла тағаланың оған тыйым салғандығын түсіндірудің маңызы зор. Тек көз ғана емес дене мүшелеріміздің ешбірін харамға жолатпай, олардың әрқайсысы Жаратушы иемізді танып-білу үшін берілген аса құнды нығметтер екендігін ұқтыруымыз қажет. Міне, баламыз осыны шынайы ұққанда ғана пайдасынан зияны көп, адамда хайуандық сезімдерді оятатын опасыз, озбыр фильмдерді еш уақытта көрмейтін болады. Осы секілді ата-ана баласының өзге де кез келген қателігін шариғатымыздың көмегімен түп тамырымен жойып отырса, баласының әдепті болып өсіп жатқандығын өзі-ақ байқайды. Жалпы, алдымызда мал-дүние де, бала-шаға да пайда бермейтін, тек таза жүрекпен келгендер ғана ұтатын бір күн күтіп тұрғандығын бала жақсы сезінуі тиіс. Олай болса, баламызға жүректі пәк, көңілді ояу, жан мен тәнді таза ұстауды шұғыл үйретуіміз керек.
Балаға жастайынан үйретілуі тиіс тағы бір қасиет – өзгенің сырын сақтау қасиеті. Пайғамбарымыз жас балаларды осы қасиетке де көп баулыған. Абдулла ибн Жағфардың мына бір естелігі соның дәлелі: «Алланың елшісі (с.а.у.) мені күні бойы (көлігіне) мінгестіріп алып жүрді. Сол кезде маған бір сыр айтты. Оны мен ешкімге айтқан емеспін». Иә, сыр сақтамай, бірдің сөзін екіншіге жеткізіп барудан бүгінгі қоғамда көптеген ұрыс-керіс, дау-жанжалдар туындауда.
Негізінде, баланың сырға берік болуы өзіне сенімділігі мен батылдығын арттыратыны даусыз. Сондай-ақ сыр сақтау арқылы бала бойында ауыр рухани жүк көтеріп жүруге дағдыланады. Содан келіп салмақтылық, салиқалылық мінезі де қалыптасады. Енді осы жайлы сайыпқыран сахабалардың өмірінен бір мысал келтіре кетелік: «Бірде Әнас атты сахаба Алла елшісінің сөздерін тыңдап отырып, анасының шақыруына кешігіп қалады. Анасы: «Неге кешіктің, балам?» деп сұрағанда, «Анашым, бұл сыр», – деп жауап қайырды. Сонда анасы: «Балам, Алла елшісінің сырын еш уақытта ешкімге жаюшы болма», – деп сыр сақтаудың маңызын білдіріп, пысықтап қойды. Сөйтіп Әнас (р.а.) бұл сырды анасынан да, кейін өзінен осы хадисті алған Сәбиттен де жасырды. Сонда оған былай деді: «Бауырым Сәбит, Алланың атымен ант етемін, егер осы сырды тірі жанға айтар болсам, алдымен өзіңе айтар едім».
Әдеп атаулының өзге түрлерін де Алла елшісі балаларға сол істің басы-қасында арнайы көңіл бөліп үйретіп отырған. Умар ибн Әбу Сәлманың басынан өткен мына жағдай соның жарқын үлгісі: «Бала кезімде Алла елшісімен бір дастарханда отыр едім. Қолдарымды алдымыздағы асқа бейберекет жүгірте бергенімді байқаған Алланың елшісі (с.а.у.) маған: «Балақай, «бисмиллә» деп Алла атымен баста, оң қолыңмен және табақтың өз алдыңдағы тұсынан же!» – деп ескертті.
Міне, Алла елшісі (с.а.у.) дініміздегі тамақтануға қатысты бірнеше ережені көрсетіп берді. Хадисті жеткізген сахаба «Сол тамақтануды еш уақытта ұмытқан емеспін» деп сөзін аяқтапты.
Иә, мұндай екі дүниелік маңызы бар өмірлік сабақтар ешуақытта ұмытылмайтыны рас. Осы секілді дәрістерді балалардың ұйықтауы мен оянуына, киінуі мен азықтануына, жалпы жүріс-тұрыстарына қатысты да үйретіп отыру ата-ананың қасиетті борышы десек қателеспейміз. Дәйім, ұлдарымыз салмақты, қыздарымыз ибалы болғай!