Бала қай уақытта кітап оқуға дайын болады?
- Балаңыз сөйлеген кезде сөйлемдерді дұрыс құра алады және өзінің не айтып тұрғанын түсінеді.
- Дыбыстарды анық айтып, бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар екенін біледі.
- Оңы мен солын, жоғары мен төменді ажырата алады. Ол баланың мәтінді солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай оқуы үшін қажет қабілет.
Балаңызға айтып беріп жүрген ертегілеріңіздің қоры таусылған кезде, балаға ертегі кітап сатып алып беріп, өзінің оқуына кеңес беріңіз.
Кітап оқуды қалай үйретеміз?
1. Үлгі болыңыз.
Егер баланың ата-анасы, ағалары мен әпкелері кітап оқитын болса, бұл баланың кітап оқуға деген құлшынысы өздігінен оянады.
2. Бірге оқып, талқылаңыз.
Балаңыз әлі әріп танымайтын болса, оған кітапты дауыстап оқып беріңіз. Сосын ондағы суреттерді балаңызға көрсетіп, оқылған ертегіге қатысты сұрақтар қойыңыз. Мысалы, “Мақта қыз” ертегісін оқыған болсаңыз, балаңызға “Мақта қыздың мысығы қайсы?”, “Қай суретте мысық қыздардан су сұрап тұр?” деген сұрақтар қоюға болады. Егер балаңыз сәл ересектеу болса, “Мақта қыз мысықтың құйрығын неге кесіп алды?”, “Мысық не үшін сүтті төгіп тастады?”, “Мақта қыз бен мысық дұрыс істеді деп ойлайсың ба?” деп сұраңыз. Бұл балаңыздың ой қорыту қабілетін дамытады.
3. Оқуды әріптерден бастаңыз.
Балаңызға бірінші әріптерді үйретіңіз. Кейін “ма-ме”, “ба-бе”, “па-пе” деген сияқты екі әріптен тұратын буындарды бірге оқыңыздар. Одан соң үш әріпті сөздерге көшіңіздер. Осылайша, сөздердегі әріп сандарын біртіндеп көбейтіп отырыңыз.
4. Ойнаңыз.
- “Әріпті тап”
Балаға оқуды көшеде жүріп те үйретуге болады. Ол үшін “Әріпті тап” ойынын ойнаңыздар. Ойын шарты: балаңыздан айналасынан қандай да бір әрпі бар сөзді табуды сұраңыз. Ол дүкеннің атауы, жарнамадағы сөз, көліктегі, киімдегі жазулар болуы мүмкін.
- “Осы жерде бір зат бар”
Тағы бір ойын “Осы жерде бір зат бар” деп аталады. Онда балаңыз екеуіңіз кезектесіп бір-бірлеріңізге сөз жасырасыздар. Мысалы: “Осы бөлмеде бір зат бар. Тоғыз әріпті, “Т” деген әріптен басталып, “Р” деген әріппен аяқталады. Ол не?”. Жауабы: “Теледидар”. Ойынды осылайша жалғастыра беруге болады.
- “Сөзді жалғастыр”
Балаңыз қырық екі әріпті жаттап алған соң, “Сөзді жалғастыр” ойнын ойнап, оның дыбысты ажырату қабілетін дамытуға болады. Ол үшін балаңызға кез келген бір сөзді айтасыз да, сөз қандай әріппен аяқталса, сол әріптен басталатын сөз айтып, жалғастыруын сұрайсыз. Мысалы, “Арыстан” – “Нан” – “Нәрсе” – “Есік” – Көз”, тағы сол сияқты.
Бала әріптерді толық жаттап, оларды ұрыс дыбыстап, бір-бірінен ажырата алатын болған кезде, оның кітап оқуға деген қызығушылығын ояту керек. Ол үшін бірнеше әдістер бар.
5. Кассиля əдісі.
Балаңызға қызықты болады деп ойлаған кітапты екеуіңіз бірге оқып бастаңыздар. Әңгіменің ең қызықты жеріне келгенде, өтірік бір шаруаңыз шығып қалған сияқты болып, кітапты аяқтауды балаңызға қалдырыңыз. Ертеңінде “Кешегі кітап күшті екен, иә?”, “Қалай бітті?”, “Ана кейіпкерге не болды?” деген сұрақтарды қойып, кітапты аяқтай алмағаныңызға өкінген кейіп танытыңыз. Сонда балаңыз сізден артық оқығанына мақтанып, одан сайын оқи түсуге, оқығандарын сізге айтып беруге құлшынатын болады. Бастысы, баладан кітап туралы әсерін сұрауды ұмытпаңыз.
6. Рөлдік əдіс.
Кітап оқыған кезде балаңыз екеуіңіз бір-бір кейіпкерден бөліп алыңыздар. Егер кітапта кейіпкер көп болса, отбасының басқа мүшелерін де тартуға болады.
7. Кино желісі.
Балаңыз қандай да бір мультфильмдерді, киноларды жақсы көріп қарайтын болса, оған сол мазмұндағы кітаптарды алып беруге болады. Мысалы, ол “Алдар көсені” көрсе, Алдар көсе туралы кітапты, Супермен туралы мультфильмді жақсы көрсе, Супермен туралы комиксті алып беріңіз.
8. Міндеттемеңіз.
Бұл - ең бастысы. Өзіңіз кітап оқымаған соң, балаңызға оны оқуды міндеттеудің қажеті жоқ. Себебі, бала көргенін істейді. Егер оған кітап оқуды міндеттеп, ұрыссаңыз, керісінше, баланың ынтасы жойылып, кітап оқуды жек көретін болады.