Ұйқысы тыныш болу үшін баланы көзді шағылыстыратын жарығы жоқ, құлақты жаратын айғайы жоқ жерде ұйықтату керек. Әсіресе кенет айқай болмасын. Баланың тыныш ұйықтауына себеп болатын бір нәрсе – баланы белгілі бір уақытта ұйықтату. Және баланы жаратылыстың өзі ұйқы үшін белгілеген уақытында яғни түнде ұйықтату керек. Баланы түнде ұзақ ояу отырғызу дұрыс емес. Баланы тамақ берісімен ұйықтату тіпті жөнге келмейді. Ұйқысы тынышсыз болады, һәм саулыққа зиян. Тамаққа тоя сала ұйықтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйықтағанда дененің, мүшенің бәрі демалатын, тыншығатын уақытта, асқазанға сен тынықпа, мынау жеп-ішкеніңнің бәрін сен қайнатып денеңе сіңіріп қой деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады.
Жас бала тіпті көп ұйықтайды. Жаңа туған бала ұйқыдан тамақ үшін ғана оянады. 24 сағат бір тәуліктің 20 сағатын ұйқымен оздырады.