Сырқат адамның таяммум соғуы
Сырқат адамның таяммум соғуы
8 ай бұрын 3208
Имам Тахауидің тәпсірінен үзінді

 

وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الغَائِطِ أَوْ لامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيداً طَيِّباً فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَفُواًّ غَفُوراً

«Егер, ауру болсаңдар немесе сапарда болсаңдар яки біреулерің түзге отырып келсе. не болмаса, әйелдеріңе жақындағаннан (кейін) су таба алмасаңдар, ондай кезде таза жер жынысына таяммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар. Расында Алла аса кешірімді, тым жарылқаушы». [«Мәида» сүресі, 6 аят]. 

Алла Тағала (жәллә сәнәуһу) айтады: «егер ауру болсаңдар...» деп отыр. Алайда, Ол (Алла Тағала) мұндағы аурудың қандай ауру түрі екендігін өзінің қасиетті кітабында да, пайғамбарының аузымен де ашып айтпаған. Бірақ біз аяттағы аурудың қандай сипатта екендігін сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен риуаяттан тауып отырмыз. Ол риуаят былай деп келеді: 

Бізге Ибраһим ибн Мәзруқ жеткізді. Ол (Ибраһим) айтты: «бізге Әбуль Уәлид ат-Таялиси, Заида ибн Құдамадан, Ол (Заида) Ата ибн Сәибтен, Ол (Ата) Саъид ибн Жүбейрден, Ол (Саъид) болса, Абдулла ибн Аббастың былай дегенін бізге жеткізді: «(аяттағы) «егер ауру болсаңдар...» дегендегі ауру - Алла жолында жүріп шешек ауруына шалдыққан кісі және (денесіне) көз жарасы шыққан кісі. Егер ол сумен жуғанда өліп қаларынан қорықса, таяммум соғады» - (дейді сахаба)1

Демек, ардақты сахаба бізге жоғарыдағы аятта келтірілген «аурудың» - судан зиян тиер сипаттағы ауру түрі екендігін білдіріп отыр.

Алла Тағала Құранның басқа бір аятында сырқат кезде ауыз ашуға, ораза ұстамауға руқсат етеді: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кім де кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!»2. Мұндағы «сырқат» түрінің - «ораза ұстау қауіпті» болған сырқат екендігі түсінікті. Тура сол сияқты жоғарыда келтірілген аяттағы «ауру» түрінің - дәретте су қолдану зиянды деп қауіптенетін ауру түрі екендігін ұғып отырмыз. Бұның солай екендігін - Имам Мәлік, Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед те айтқан. (Яғни, науқас адам дәрет не ғұсыл алғанда су қолдану сырқатын арттырады деп қорықса немесе жазылуын кешеуілдетеді деп қауіптенсе, су бола тұра таяммум соғуына рұқсат етіледі).

Имам Тахауи (рахимаһуллаһ), «Ахкамуль Құран»
(Құрандағы үкім аяттарының тәпсірі).


Дәруқұтни: «Сүнән».
Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 185 аят.

А. Қасым.

 

0 пікір