Зерделі зерттеулер, қатардағы ересек адамның 20 мыңға жуық сөз білетінін, ал көзі қарақты, интеллектуал қауымның сөздік қоры 30-40 мың аралығында болатынын анықтап жүр. Әрине, сөз болып отырған актив емес, пассив лексика. Яғни, естіген немесе оқылған сөздерді түсіну қабілеті. Көп сөз білетін адам мазмұны күрделі материалдарды ой-жотамен болса да түсініп отырады. Пассив лексикадағы сөздердің жиын саны актив қордағы сөздерден қашанда көп болады.
Кісінің білім деңгейі мен жалпы компетенциясын анықтауда пассив лексика бірден-бір көрсеткіш. Білім беру саласының айтулы маманы Эд Хирш, тіл байлығын өлшеу арқылы қатардағы жанның жазу, оқу, сөйлеу және тыңдау қабілетін ғана емес, ғылым, тарих және өнер тарабындағы білімін де байқастауға болады деп айтқан. Сонымен қатар, бір тілге жетіккен адам екінші тілді артық қиындықсыз, еркін меңгеретінін де байқаған. Хирштың айтуынша, адамның интеллектуалдық һәм қаржылық қауқарының артуы да сөздік қорының тиісінше өсуіне байланысты.
Джонсонс-О-Коннордың ғылыми қорытындысы Хирштың тұжырымын қуаттай түседі. Атаулы тақырыпты 20 жыл бойы зерттеп, зерделеген Джонсон кәсіби салада жетістікке жетелейтін ең жетекші фактор – сөздік қорының ауқымы деп тоқтаған. Әсіресе, интеллектуалдық еңбекпен айналысатын қызметкердің дабыралы карьера жасауы оның ойлау һәм коммуникациялық қабілетіне тікелей қатысты.
Сөздік қорды көбейту ерте жастан басталса игі. Соңғы зерттеулер ата-аналар балаларымен мейлінше көп сөйлескені дұрыс дегенді айтады. Жасөсіпірім кезінде тоқтаусыз аққан сөз тасқыны баланың бойына тезінен сіңіп, таным аумағын өлшеусіз кеңейтеді. Ондай баланың IQ деңгейі жоғары, академиялық табысы толымды болады. Балалардың сөздік қорындағы айырмашылық бала-бақшаға дейін қалыптасып қояды екен. Осы тарапта жасалған әр түрлі тәжірибе, кәсіби отбасында туған 18 айлық баланың кез келген затты әлдеқайда жылдам анықтайтынын көрген.
Өткен ғасырдың алғашқы жарымында танымал болған Коронет нұсқау фильмдері америкалық жасөспірімдерді өнегелі іске шақырып, ұлағатты сөздермен өсірді. Көп сериялды фильмде балалардың сөздік қорын дамтыуға арналған бірнеше бөлімі болды. Бүгінде сыры кетсе де, сыны кетпеген Коронет жобасы үлкен-кішіге бірдей пайдалы.
Атаулы фильм сюжеті сөздік қоры жұтаң бір қызметкердің жұмыс орнындағы қысылтаяң жағдайы айналасында құрылған. Тәп-тәуір идеяларға бай аталмыш кейіпкер «көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашадының» күйін кешеді. Сөзі жұпыны, ойы бытыраңқы, уәждері көкейге қонымсыз һәм дәлелдері сенімсіз шығады.
Сөйтіп, көңілі жабырақай кейіпкер ойған шомып, бір тоқтамға келетін мезгіл жеткенін ұғады. Егер басшының оң көзіне ілінуді я болмаса әріптестерінің қолдауын табуды қаласа, көп сөз үйреніп, тіл байлыған молайтпақ керек. Талабы таудай фильм кейпкері түрлі тәсілдерді пайдалану арқылы дегеніне жетеді. Аталмыш нұсқаулар бұрын-соңды айтылмаған, тосын әдістер емес.
Оның арасында кітап оқу - тіл байлығын дамытудың ең ұтымды тәсілі екені атылады. Шын мәнісінде, таңбаға түскен сан алуан сөз бен тіркестер оқылған сайын бойған сіңіп, санаға орныға береді. Бірте-бірте көзге қанықты, көңілге түсінікті кепке түседі. Сөздікке қайта-қайта жүгінбей-ақ, жаңа сөздердің мағынасын оқиға желісінен, әңгіме барысынан аңдауға, ұғынуға болады.
Сонымен қатар, көп сөз үйрену үшін мейлінше көп тыңдау керек екен. Тілді меңгеруде құймақұлақ болдуың артықшылығы телегей. Ақылман кісінің аузын бағып үйренген бала бірқатар жаңа сөз естіп қана қоймай, бағалы ақпарға, құнды мағлұматқа қанығады. Қажетті кітапты оқымай-ақ оқығандай күй кешеді. Тыңдай білу қасиеті қашанда дәріпті саналған. Құлақ құрышын қандыратын қандай да толғам, ғибратты әңгіме, пәтуалы пікір жаныңызды жадыратып қана қоймай, ақылыңызды нұрландырады. Ешдеше, айналаңызға оқымысты жандарың көп болғаны абзал дейді фильмді түсірушілер.
Бүгінде қиыр шалғайдағы білімдар жандарды ЮТУБ арқылы көріп, тыңдауға болады. Мұның басымдығы айқын. Келелі кеңестің әлдебір тұсы түсініксіз болса, уақа емес, қайыра тыңдауға мүмкіндік бар. Арзан әңгімеден гөрі, байыпты лекцияларға ертеден көңіл бөлсеңіз, сөздік қорыңыз кәдімгідей қордаланып, күрделі тақырыптарды байыптау қабілетіңіз артады.
Мақтаулы Коронет жобасы көзбен көрген яки құлақпен естіген жаңа сөздерді тіркеп, кәдеге асырудың жолдарына да назар аударады. Тосыннан жолыққан сүбелі ой, жебелі сөзді қойын дәптерге немесе электронды құралға түсіріңіз дейді. Ізінше сөздіктен мағынасын тауып, тұсына түртіп қойған абзал. Араға көп уақыт салмай, мүмкіндігінше ерте қолданып, тамырын бекіту керек.
Шет жұрттың тілін меңгеру ана тілін үйренуге кедергі емес.
Шын мәнісінде, сөздік қорының ұлғаюы білім алуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайға, оқу және жазу сынды машықтарды игеруге байланысты. Шет тілінде сөйлейтін балалардың өз тілдерін жұпыны деңгейде меңгеретінін дәлелдейтін зерттеулер жоққа тән. Екі немесе көп тілді ортада өскен балалар әу баста тілді шұбарлап, бей-берекет қолданса да, үш-төрт жасқа келгенде кіммен қай тілде сөйлесу керектігін тақа ажыратады.
Көптіліктің пайдасы үлкен. Көптілді жеті жасар баланың біртілді замандасына қарағанда қандай да бір күрделі тапсырманы маңызына қарай жіктеп, жоспарлай алатыны анықталып отыр. Сонымен қатар, бірнеше тілді ортада қалыптасып, жетілген адамның, әдетте, жас ұлғайғанда жабысып, сор қылатын алцгеймер ауруына оңайлықпен жығылмайтыны белгілі болған. Чикаго университетінің ғалымдары Самана Фан мен Зо Либерман костілді, билингуалды балалардың басқаның ойын оқуға аса бейім келетінін де анықтады.
Солайы солай, бірақ полиглот болу пайдалы екен деп аузынан ана сүті кеппеген баланың жанын қинап, әрлі-берлі сүйрелеу жақсылыққа апармайды. Отбасында қолданылмайтын тіл балаға қиын сіңеді. Қостілді ортаның шынайы болғаны абзал. Бар ісін ағылшын тілінде жүргізетін балабақша да уақытша ғана көмектес. Үйге келген бала ата-анасымен ағылшын тілінде түсініс таппаса, түзде естігені берік бекімейді. Ертең-ақ шайылып, жоқ болады. Ал қаршадай кезде ұстатпаған тіл ержеткенде уысқа түсуі неғайбыл. «Бір ата-ана – бір тіл» деген мәшһүр теория осыдан шыққан. Басқаша айтсақ, балаларының қазақ және ағылшын тілдерін жетік білгенін қалайтын ата-ананың бірі онымен ана тілінде, бірі әлем тілінде сөйлескені дұрыс. Сонда ғана ол қостілді болып өседі. Жауапкершілікті сырттағы біреуге итеру нәтиже бермейді.
Қазіргі таңда бірнеше тіл білу кез келген адамды ұтысқа шығарады. Бірақ тілді жай ғана білу жетпейді. Шешен сөйлеп, кемел жазуды үйрену керек. Білмейтін нәрсесін оқып, сұрап, түсініп алатын, онысын ауызша да, жазбаша да жеткізе білетін адам қашанда қатарынан озық тұрады. Ондай жанның карьерасы жарқын, бизнесі берекелі болады.
«Жаһан» журналы.
Ақпан, 2016 жыл.